Сайлау • 19 Наурыз, 2023

Дауыс берушілер наурыз көжеден дәм татты

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кентауда ақ кимешек киіп, ұлттық құндылығымызды дәріптеген аналар сайлау учаскесіндегі бақылаушылар мен дауыс берушілерге наурыз көже, бауырсақ, құрт-ірімшік үлестірді, деп жазады Egemen.kz.

Дауыс берушілер наурыз көжеден дәм татты

Осылайша Кентау қалалық ардагерлер ұйымы жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымы Роза Жұмабаева бастаған әжелер көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Ел үшін қызмет ететін адамдарды таңдау - ел болашағының жарқыны. Сол себепті бұл күн маңызды әрі еліміз үшін мереке. Елімізде тек жақсылық орнасын», деп Роза әже ақ батасын берді.

Кентау қаласында 35 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Жалпы 56 172 сайлаушы дауыс береді деп күтілуде.

Ал Созақ ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзахмет Жылысбаев алғашқылардың бірі болып Сызған ауыл округіндегі №701 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Саналы ғұмырын ауданның дамуына жұмсап, елге қызмет еткен ардагер бүгінгі маңызды саяси науқан жоғары деңгейде, әділ өтсін деп бата берді.

«Ел болашағы үшін әрбір азамат дауысы маңызды. Сондықтан мен де жасым 90-нан асқанына қарамастан таңсәріден келіп өз таңдауымды жасап, саяси науқаннан шет қалмадым. Қашанда еліміз аман, бейбітшілік заман болсын», деп ақсақал ізгі ақ тілегін жеткізді.

Айта кетелік, алғашқы дауыс беруші белсенді азаматтарға сайлау учаскелерінде сый-сияпат жасалып, мерекелік құттықтаулар ұйымдастырылды.