Сайлау • 19 Наурыз, 2023

Сайлау басталғаннан бері 40-тан астам заңбұзушылық тіркелді

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бас прокуратура өкілі Азамат Сарғазин Qazaqstan телеарнасы өткізіп жатқан онлайн телемарафонға қатысып, сайлау барысында тіркелген заң бұзу фактілері жайлы ақпарат берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сайлау басталғаннан бері 40-тан астам заңбұзушылық тіркелді

Оның айтуынша, прокуратура қызметкерлері сайлау процесі заңдылығының сақталуын жоғары деңгейде қадағалап жатыр. Бұған дейін 17 наурызға дейін прокурорлар Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы бойынша 24 және мәслихаттар бойынша 13 заң бұзу деректерін тіркеді. Аталған фактілерге жауапты адамдар әкімшілік жазаға тартылды.

«17-18 наурызда сайлау заңнамасын бұзған тағы 7 адам әкімшілік жазаға тартылды. Олардың үшеуі Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы бойынша заң бұзған. Мәселен, 17 наурызда Орал қаласында Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы конституциялық заңның талаптарын бұза отырып, сауаланама жүргізгені үшін сот қаулысымен бір баспа басылымның меншік иесіне Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 120-бабының 3-бөлігімен айыппұл салынды. 18 наурызда Түркістан қаласында Мәжіліс депутаттағына кандидаттардың біріне анонимдік үгіт материалдарын таратқаны үшін Орталық сайлау комиссиясының келісімімен Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 113-бабы бойынша сот 125 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды. Бірақ бұл оның тіркеуінің күшін жоюға әкеп соқпайды», деді ол.

Осыған ұқсас бұзушылық Солтүстік Қазақстан облысында да тіркелген.

«Тайынша ауданының прокуроры қысқартылған іс жүргізу тәртібімен аудандық мәслихат депутаттағына кандидатқа Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 113-бабымен айыппұл салды. Дәл осы бап бойынша Атырау қаласында прокурор баспа басылымының иесін 12,5 АЕК көлеміндегі айыппұлға тартты», деп қосты спикер.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында кандидаттың арызы бойынша ауылдық округтегі мемлекет қызметкері үгіт жүргізу кезеңінде үгіттеу материалдарын таратқаны анықталды. Ол Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 122-бабының 1-бөлігімен жауапткершілікке тартылды», деді Азамат Сарғазин.

Сондай-ақ ол дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдарында сауалнама нәтижелері, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға және кандидаттарды қолдап дауыс беруге байланысты өзге зерттеулерді жариялауға жол берілмейтінін еске салды.