Сайлау • 19 Наурыз, 2023

Сайлаудың сәні – ұлттық киім

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасаған батысқазақстандықтар арасында қазақы ұлттық киім киген жандар көп, деп жазады Egemen.kz.

Сайлаудың сәні – ұлттық киім

«Бүгін біз үшін мереке. Таңертең тұрып, ең әдемі киімдерімді киіп, Орал қаласының медколледж аймағындағы №436 сайлау участогіне келіп таңдауымды жасадым. Зейнет демалысында жүрсем де еліміздің қоғамдық өмірінен тыс қалғым келмейді. Биыл Жайық өзені көтеріліп, біздің Жақсы ауыл шағынауданындағы көлге су құйып жатыр. 2018 жылдан бері су болмай, кеуіп қалған жер еді. Осы көлдің жағдайын айтып, неше жылдан бері шыр-пыр болып жүргенімді айналам біледі ғой. Биыл көлде аққу-қаз жүзіп, ол жақтан жаз бойы самал жел есетінін ойласам, көңілім көтеріле түседі. Бүгінгі сайлау да қазақ қоғамына тың серпіліс, ерекше леп берсе екен», дейді 71 жастағы ақсақал Қайреден Жақсығұлов.

Қайреден аға сайлау участогінде жайылған шағын дастархан басына жайғасып, бауырсақтан ауыз тиіп, комиссия мүшелеріне ақ батасын беріп кетті.

Орал қаласындағы №407 сайлау учаскесінде белгілі өнерпаз Арман Биғалиев бүкіл отбасымен ұлттық киім киіп дауыс берген.

«Біздің басты байлығымыз – бейбітшілік, елдің амандығы. Жерлестерімді ұйымшылдықпен сайлауға қатысуға шақырамын. Өз таңдауымызды жасайық. Ертеңгі күніміз әр отбасына бақ пен береке сыйласын», дейді әнші.

Орал қаласындағы осы үрдіс Батыс Қазақстан облысының аудандарында да жалғасын тапқан. Ал Сырым ауданы, Жосалы ауылдық округінің орталығы Қоңыр ауылындағы №308 сайлау учаскесінде тіпті қызық оқиға болды. Сайлау комиссиясы ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтіп жатқан саяси шараға ең бірінші келген сайлаушыға шапан жабамыз деп ұйғарған екен. Керемет сыйлық ауыл шаруашылығы саласының ардагері, ауыл ақсақалы Бақтығали Ахмедияровқа бұйырды.