Уақыт зымыран дейді. Өткен ұлы оқиғалардың бәрі бүгінде біртіндеп тарихқа айналып барады. Сонау 1991 жылы тұмшалаған қара пердені қақ жарып, артынша Қазақстан атты еліміз әлем кеңістігіне жарқыраған жаңа жұлдыздай самғап шыға келеді деп кім ойлаған? Кеңестік жүйенің қамыты қысып қиратқан құландыдан қалған ел биіктегі шоқжұлдыздар қатарына қосылады деп кім сенген? Ал қазір соның бәрі өздігінен бола қалған секілді. Бірақ, бұл самғау әсте оңай емес еді. «Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт» дегендей, бұл тәуекелді тәу еткен Елбасымыздың арқасында ғана жеткен жетістік десек артық айтқандық бола қоймас.
Өйткені, қазіргі Қазақстанның жетістіктерін дым білмес біреу болмаса, санасы бардың бәрі біліп, сезіп, көріп отыр. Соның дәмін татып, қызығын тамашалап, рахатын сезінуде. Қай ел мықты мемлекет болуды ойламайды, қай мемлекет мәңгі ел болуды аңсамайды? Ал оған кез келген ел жете алмайды. Бұған тек ата-бабалар арманына адал, халқының бақытын ғана көздейтін көшбастаушылар жеткізе алмақ. Бүгінде соған қол жетіп отыр. Саясат, экономика саласындағы жетістіктерімізді айтпағанның өзінде, рухани байлығымыз бен құндылығымыз, өркениетіміздің шыңы мен қадір-қасиетіміздің айнасы – мәдени қазынамыздың мақтанышы қаншама! Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде еліміз бойынша 18 жаңа театр бой көтерді. Соңғы он жылда кітапханалар – 579-ға, мұражайлар – 58-ге, мәдениет үйлері – 1,5 мыңға көбейді. Ал солардың арасында бірі де бірегейі ретінде бөле-жара айтарымыз, Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залы – Еуразияда теңдесі жоқ өнер ошағына айналды. Мұнда ең ірі мемлекеттік шаралар өткізіледі. Мәселен, ғимараттың ашылу рәсімі 2009 жылы 15 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Дәл осы зәулім сарайда Тәуелсіздік күніне арналған басты мерекелік шара ұйымдастырылып, Елбасы Қазақстан халқына құттықтау жолдады. Өткен жылы «Қазақстан» орталық концерт залында 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын болып өтті. Жиында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. «Елбасы жолы» киноэпопеясының тұсаукесері де осында өтті. Осылайша, ірі шаралар ордасы атанған Орталық концерт залы аз уақыттың ішінде жақсылықтың шырағындай, игі істердің ұйытқысындай, жаңалықтың жаршысындай халықтың көз қуанышына айналып сала берді.
Өзінің бірегей сәулет және акустикалық сипаттарына сай үш мың бес жүз (3500) орынға арналған «Қазақстан» орталық концерт залы Астана қаласының жаңа әкімшілік орталығында орналасқан. Оның аумағы отыз сегіз мың алты жүз шаршы метрді (38.600 ш.м.) алып жатыр. Идеяның авторы маэстро Манфреди Николетти болып табылады. Ол әлемдегі ең озық жобалаушы ғана емес, сондай-ақ, әлемге танымал болған қазіргі заманғы ең жоғары сұраныстағы сәулетшілердің бірі. Бүгінде «Қазақстан» орталық концерт залына австралиялық Сидней опера театрының атағы да берілген. Ғимараттың бір артықшылығы, көрермен залы музыкалық аспап үлгісінде жасалғандықтан мұнда келушілер кез келген концерттік шоу әсеріне бөленіп, ерекше күй кешеді. Демек, бүгінгі таңда мұндай бірегей жоба ТМД-ның бірде-бір елінде жоқ. Сондықтан, бұл Қазақстан Республикасының мәдени орталықтарының және сәулет ғимараттарының ең маңыздыларының бірі болып табылады.
Жалпы, ғимаратта ең маңызды бөлікті 2.970 ш.м. көлемді пьяцца-фойе алады. Ол үш көріністі лифт, екі киім ілетін жай, тауарлардың эксклюзивті түрлерін ұсынатын сегіз бутик, техниканың соңғы үлгісімен жабдықталған 200 және 400 орындарға арналған екі конференц-зал, қоғамдық тамақтану орындары: мейрамхана, дәмхана, тағандағы дөңгелек бар және домбыра шатырлы бар секілді орындардан тұрады. Пьяцца-фойе – қонақтардың бос уақытын тиімді өткізіп, көңіл көтеруіне негізделген ыңғайлы да жайлы демалу орны болғандықтан, өте тартымды жасалған.
«Қазақстан» орталық концерт залының осы негізгі бөлігі түрлі конференциялар, тұсаукесерлер, жиналыстар мен көрмелерді өткізуге де арналған. Пьяцца-фойенің технологиялық жабдықталуы кез келген маңызды шараның жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етеді. Оған дәлел, алда айтқанымыздай, сәулет өнерінің жетістіктері тұтынушының талғамын қанағаттандыра алатын сапалы деңгейде мәдени қызмет ететін көрінеді. Мұның бәрі еліміздің адамдарының шекара аттап, шетел асып жатпай-ақ, әлемдік ұлы өнердің тереңінен өз жерімізде сусындауға болатынын теңдессіз шеберлікпен дәлелдеудің бір үлгісі.
Сол сияқты басты назарды біраралық пульті арқылы жалғыз адам басқаратын көпфункциялы сахна (сахна аумағы 274 ш.м.) бірден аударады. Сахнаның алдыңғы жағында оркестрге арналған ойық алаң бар, оның төмен түсу және көріну деңгейіне көтерілу уақыты 4 минутты құрайды. Оркестр алаңының тереңдігі 4,5 метр болғандықтан қажетті кезде оркестр үшін шығар есіктер қарастырылған. Сахнаның артқы жағы хорға арналған және 7 хор ярусынан тұрады, олар да аралық пульт арқылы басқарылады және толық көтерілгенде биіктігі үш метрге дейін жетеді. Домбыра пішінді ғимараттың бұл бөлігіне аса мән берілген. Арнайы желкен тәрізді құрылыстық құрылымдар арқылы атриум жасалып, сыртқы қала шуылынан оқшауланған. Ғимараттың іші мен сырты түгелдей үнжаңғырықты сақтап қалу мақсатында арнайы ағашпен қапталған. Бұл ғимарат құрылымының әрбір бөлшегі тыңғылықты қадағаланып, заманауи технологиялармен жабдықталған деген сөз.
Сондай-ақ, атриумның тиімді бір қасиеті, оның көзге кішкене болып көрінуін атап өткен жөн. Бұл жеке аспалы перделердің арқасында жүзеге асырылады, оларды төбеге бекіткенде залдың жоғары деңгейі – галереяны алып тастауға, сондай-ақ залдың үшінші деңгейі балконды да алып, түгел қымтап жауып тастауға болады. Осы арқылы үш жарым мың орынға арналған зал әп-сәтте екі мың орынға арналған залға айналып шыға келеді.
Сахнаның үстінде, яғни оның ең орталық нүктесінде жалпы қуаты 25 киловатт «Renkus-Heinz» америкалық фирмасының дыбыстық класстері орналасқан. Сондай-ақ, залдың периметрі бойынша 12 маңдайалды колонкалар орнатылған, олар дыбысты барлық бағыт бойынша таратып, әр секторға жете жетуін қамтамасыз етеді. Сиқырлы сазды әуеннің алпыс екі тамырды қуалай қамтуын қамтамасыз еткен ғажап акустикалық жүйенің бір сыры арнайы итальян технологиясы бойынша жасалуында көрінеді, онда міндеті әртүрлі бұрыш көлбеулері үйлестіріле келіп, концерттің акустикалық дыбысталуын толық жетілдіруге арналған 22 үлестіргіш құпиясына тіреледі екен.
Егер залдың қабырғаларына да назар аударатын болсақ, онда арнайы акустикалық тартылу мен дыбысты кері итеру әсері бар қабырғалық перделерді бірден байқауға болады. Ал бұл перделерді басқару арнайы бағдарламасы бар жеке компьютер арқылы жүзеге асырылады. Дыбысты қабылдауды ұлғайту, азайтуға арналған акустикалық қондырма әр көрермен орындығының төменгі жағында орналасқан. Оған қоса, 14х8 метр көлемді кеңформатты экран бейнені кез келген қалыпта, соның ішінде ең алдыңғы қатарлы – Blue Ray форматында көрсету мүмкіндігімен түрлі кино көрсетілімдер мен тұсаукесерлерді өткізуге лайықтандырылған. Он бес люкс санатты жарық құралдары 400 әртүрлі жарық конфигурацияларына сай ең жарық мүмкіндігін жүзеге асыруға дәрмен береді.
Міне, осылайша Астана қаласының жаңа әкімшілік орталығында өзіндік сәулеттілігімен және акустикалық сипаттамасымен ерекшеленген, үш мың бес жүз орынға лайықталған «Қазақстан» орталық концерт залы бүгінгі талап деңгейінен жоғары тұрған ғажап ғимарат десек те, артық айтқандық емес.
Көркемдік көлемімен және заманауи құрылыстық әдістеменің арқасында «Қазақстан» орталық концерт залы Президент Резиденциясы, Сенат және Мәжіліс ғимаратымен тамаша үйлесім тапқан. Ол сыйымдылығы жағынан, яғни жоғарыда айтқанымыздай, үш мың бес жүз он екі шаршы метр аумақты қамтыған концерт залы симфоникалық және камералық музыка концерттерін, сауық кештері мен опера және балет театр қойылымдарын, кино көрсетілімдерін, сондай-ақ, саяси іс-шараларды толыққанды өткізуге лайықталған әлем бойынша ең үлкен ғимарат болып табылады.
Қашанда барды бар деп бағалай білетін халықпыз ғой. Енді осы асыл Астанамыздың жауһарларына айналған ғажайып құрылыстарымызды ұқсата білу өзімізге байланысты екені анық. Өйткені, «Қазақстан» орталық концерт залы секілді біртуар өнер туындыларын тамашалауға, әрі сән-салтанаты жарасқан ондағы түрлі қойылымдардан мәдени ләззат алуға келушілер де көп. Демек, осындай мәні мен маңызы зор концерт залында қызмет ету бақыты бұйырған қызметкерлерге аса жауаптылық пен сергектік, әрі инабаттылық таныту аса қажет. Бұл мәдениеттің ордасында қызмет істейтін адамдар арқылы аталған ізгіліктің құрметі мен қасиеті айтпай-ақ, келушілерге білініп тұруы нұр үстіне нұр құя түсетінін ұмытпаған жөн. Алайда, бұл салада кездесіп жатқан келеңсіздіктердің уақыт өте жойыларына да сенім мол.
Ендеше аталған бұл жобаның құрылысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқанын ескерсек, мәдени өнеріміздің қаншалықты биікке самғағанын мәңгілік мақтаныш етуге болады. Себебі, бүгінгі күні мұндай бірегей жоба ТМД-ның бірінде жоқ дедік. Сондықтан, ол сөзсіз сәулет өнерінің ең жоғары мүмкіндігі мен еліміздің мәдени жетістігі болып табылады. Осындай заманауи сәулеткерліктің, үлгілі архитектураның мүмкіндіктері арқасында кең-байтақ қазақ даласының қақ ортасында Орталық концерт залы секілді ғаламат ғимараттары бар қайталанбас әсем шаһар бой көтерді. Оның құрылысында ең озық технологиялар мен XXI ғасырдың инновациялық әдістері қолданылды. Соның бірі – біз мақтаныш ететін «Қазақстан» орталық концерт залы. Сөйтіп, Астананың сәулетін ажарландырған итальяндық архитектор Манфреди Николеттидің керемет туындысы – «Қазақстан» орталық концерт залы пайда болды. Оның есігі ұлы музыка өнерін бағалай білетіндерге, әлем мен еліміздің өнер майталмандарына қашанда айқара ашық. «Қазақстан» орталық концерт залының сахнасы – қазақстандық жас таланттар үшін таптырмас өнер мектебі болса, қалың көрермен үшін өнердің тылсым саумалы мен сиқырлы құпиясына тамсанар табиғи тамаша орталық болып қала бермек.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».