Технология • 20 Наурыз, 2023

Тұрмысты жеңілдеткен жаңа технологиялар

335 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақпараттық технологияларды күнделікті өмірде пайдалану қажеттілікке, үйреншікті жағдайға айналды. Онлайн сатып алулар, рейстер мен қонақүйлерді онлайн брондау, қолма-қол ақшасыз төлем жасау... Бұларсыз бұрын қалай өмір сүргенбіз. Бүгінде мұндай қызметтің түр-түрін бірнеше секунд ішінде алуға мүмкіндік бар. Ол үшін смартфон мен қажетті мобильді қосымшалар болса жеткілікті.

Тұрмысты жеңілдеткен жаңа технологиялар

Сонымен қатар тек онлайн режімде тиісті сұрау салу арқылы көлікті қайта ресімдеу, жүргізуші куәлігін ауыстыру, ЖШС ашу, тіпті отбасын құру сынды көптеген тұрмыстық және жұмысқа қатысты мәселелерді адамның қатысуыңсыз-ақ шешуге болады. Қажеттіліктерді осылай орындау ыңғайлы әрі жылдам, ең бастысы қауіпсіз. Сол себепті кейінгі жылдары цифрландыру мәселелеріне көп көңіл бөлініп келеді.

Қазіргі уақытта Үкімет әрбір қазақстандықтың өмірін туғаннан бастап жақсартуға әрі жеңілдетуге арналған 62 жаңа «цифрлық» бастаманы іске асырып жатыр. Олар тұрмыста біз бетпе-бет келетін жағдайлардың басым бөлігін қамтиды.

Айталық, Әділет министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып, Digital Justice жобалар портфелі аясында бірнеше ыңғайлы қызметті іске қосты. Соның бірі – мобильді қосымша арқылы некеге тұруға өтініш беру. Егер сіз отбасын құруды жоспарласаңыз, енді АХАЖ бөліміне барудың, құжаттарды жинаудың, ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ. Ол үшін банктік қосымшаға кіріп, «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне өтіп, тиісті өтінімді жіберу жеткілікті. Әзірге мұны қаржы институты жасап отыр. Болашақта мұндай мүмкіндіктер басқа да банктік қосымшаларда қарастырылмақ.

Ел азаматтары аталған цифр­­лық қызметті жақсы қабыл­дағанын да айта кетейік. Биыл­ғы ақпан айының алғашқы күн­де­рінен бастап 600-ден астам жұп­ жаңа сервистің көмегімен не­ке­ні тіркеуге өтініш рәсімдеді. Олар­дың үштен бірінен астамы АХАЖ органдарымен рас­тал­ған. Бұрын мұндай қызмет «Элек­тронды үкіметтің» сайтында ғана қол­жетімді еді.

Сондай-ақ жыл басынан бері egov.kz арқылы міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеуге болады. Рәсімдеу үшін порталға кіріп, тиісті өтінімді толтыру жеткілікті.

Жаңа жылдан бастап қазақстандықтарға қолжетімді тағы бір цифрлық қызмет іске қосылды. Ол ЖШС-ны тез әрі қиындықсыз тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл үшін тек смартфон және аз ғана уақыт қажет. Нақты айтқанда, банктік мобильді қосымшамен биометриканы қолдану арқылы кіріп, «ЖШС тіркеу» қызметін таңдаймыз. Қажетті жолдардың барлығын толтырғаннан кейін өтінімге қол қоямыз және кәсіпкерлік қызметтің басталғаны туралы хабарламаны дереу аламыз. Қалғанын жүйе өз бетінше атқарады. Яғни хабарлама автоматты түрде мемлекеттік кірістер мен статистика органдарына жіберіледі және параллельді түрде жаңа ЖШС үшін банкте есепшот ашылады.

1 наурызда ақпараттық жүйелерде бар азаматтардың цифрлық деректері негізінде онлайн режімде әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату бойынша қызмет іске қосылды. Аталған қызмет азаматтарды талап етілетін құжаттарды жинаудан және әскери комиссариатқа бару қажеттілігінен босатады. Сонымен қатар жақын арада әскери есепке міндетті тіркеуді және шығаруды тоқтату туралы шешім қабылданады. Енді тұрғылықты жерін ауыстырған кезде әскери міндетті немесе мерзімді әскери қызметшіні тіркеу және есептен шығару жергілікті әскери басқару органдарына бармай-ақ автоматты түрде жүзеге асырылады.

Цифрландыру жайлылық пен кең мүмкіндіктер ұсынатын заманауи әлемнің игілігі болса да, мұнда да алаяқтармен бетпе-бет келу мүмкін екенін қаперде ұстаған жөн. Ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу киберқылмыс санының көбеюіне әкелді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері құқық қорғау органдары осындай 1,5 мың құқық бұзушылықты тіркеген.

Алаяқтардың құрығынан қалай сақтанған дұрыс? Қалай болса да, күмәнді сілтемелерге жоламау керек және байланысқан адам өзін құқық қорғау органының қызметкері немесе банк қызметкері ретінде таныстырса да, жеке деректерді ешкімге айтпаған абзал. Сонымен қатар Қазақстанда тіркелмеген немесе ауыстырылған абоненттік нөмірлерден келетін қоңырауларды бұғаттайтын антифрод-жүйе қазірдің өзінде қолданыла бастады. Бұл Ішкі істер және Цифрлық даму министрліктерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде мүмкін болды.

«Антифрод» абоненттік қоңыраулар туралы ақпаратты өңдеу арқылы алаяқтардың қоңырауын бұғаттайды. Арнайы бірыңғай жүйенің көмегімен байланыс операторы нөмірдің белсенділігі туралы деректерді сұрайды және оларды автоматты режімде талдайды. Егер жүйе қоңыраудың шынайы екенін және нөмірдің жалған емес екенін растаса, қауіпсіз байланыс орнатылады. Байланыс операторларының мәліметінше, 2022 жылы жүйені біріктіргеннен кейін 19 млн-нан астам алаяқтық қоңырау бұғатталған. Ал биылғы екі айда осындай 8 млн қоңырауға тосқауыл қойылды. Бүгінде ұялы байланыс операторлары мұндай жағдайларды толығымен жою үшін алгоритмдерді жетілдіру үстінде.

Басын ашып алатын бір дүние, цифрландыру алыс болашақ туралы қиял емес. Цифрлық Қазақстан қазірдің өзінде өмірлік шындыққа айналды. Қысқа уақыт ішінде еліміз ТМД және Орталық Азия елдері арасында кейбір позициялар бойынша алға шықты. Цифрлық шешімдердің пайдасын еліміздің көптеген азаматы бірден сезінеді. Жұмыс мұнымен аяқталмайтыны да анық. Алда уақытымыз бен ақшамызды үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа пайдалы қызметтер мен шешімдер күтіп тұр.