Сайлау • 20 Наурыз, 2023

Тағдыршешті таңдау

202 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде сайлауға қатысып, дауыс беру құқығына ие 12 032 578 адам бар екен. Ал бүгін осы азаматтардың 54, 19 пайызы, яғни 6 521 860 отан­дасымыз сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауын жасаған. Сонымен, Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау науқаны мәреге жетті. 19 нау­рыздағы саяси іс-шара ел тарихындағы ерекше күн­нің бірі болып қала бермек.

Тағдыршешті таңдау

Сонымен сайлау да өтті. Таң­дау жаса­ған күн тарихқа айналады. Ал «Кімді таңдадық? Не үшін таң­­дадық?» деген сұрақ үнемі тіл ұшын­­да тұра береді. Сондай-ақ бұл сайлау соншалықты маңызды ма деген де ой келеді. Ақиқатында, бұл сайлауда отандастарымыз Әді­лет­ті Қазақстанның бақуатты тұр­мы­сы үшін аянбай еңбек ететін үміт­­керлерді таңдап алды. Таңдау мен талғам туралы таласпайды, де­­ген­мен көзі ашық көпшілік кан­ди­­дат­тарға дауыс бере отырып, ел­дің алдағы 5 жыл­дағы заң мен әділ­дік жолындағы дамуына деген жауапк­ершілікті де арқалайтыны анық.

Осы жерде Әділетті Қазақ­стан құру жолындағы жұмыс әріден басталғанын да айтуымыз керек. Оның егжей-тегжейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін жариялаған Жолдауында анық айтты. Әрине, уақыттың қысқалығына қарамастан, қыруар жұмыс істелді.

Елде референдум өтіп, қабылдаған реформаларды іске асыру қарқын алды. Конституциялық реформа қабылданды. Президент сайлауы өтті. Ұлттық құрылтай құрылды және басқа дегендей... Осылай басталған ұлы мұрат жолындағы жұмыс өткен сайлаудың мақсаты мен міндетін айқындап берген еді. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында аралас сайлау жүйесін енгізуді бас­тама етіп көтеріп, пропорционалды және мажоритарлық сайлау жүйесін бірге қолдануды ұсынды. Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан өзгешелігі де осында. Яғни өткен сайлауды Қазақстан тарихының жаңа кезеңі деп айтуға толық құқылымыз. Бұл – елдегі саяси ре­фор­малардың мәреге жеткенін айғақ­тайды. Жақында ол туралы Мемлекет басшысы да айтқан болатын.

«Біздің болашағымыз – айқын, нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік инс­титуттарын жаңарту жұ­мысының қорытынды кезеңі. Осы­­лайша, билік жан-жақты рефор­­маларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болады. Елі­мізді дамыту жолында тың бас­та­ма­лар көтеріп, оны табысты жү­зеге асыру – басты міндет. Қазір жетістікке мәз болып отыра­тын заман емес. Жұмысты тың қар­қын­мен жалғастыру керек», деді Президент.

Осы жерде бұл сайлау сонша­лықты маңызды ма еді деген сауалдың жауабы табылады: маңыз­ды, өте маңызды! Өйткені Қазақ­стан қоғамы бұл сайлау үшін өте қымбат құн төледі. Біз ен­ді «Қасіретті қаңтар» оқиғасы­ның ұмтылмауына ғана емес, қайталанбауына да жауаптымыз. Оның жауабы – әділет салтанат құрған елде өмір сүру болса керек.

Мәреге жеткен Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау – әділдік жолындағы тағдыршешті әрекеттің айғағы.