Сайлау • 20 Наурыз, 2023

Сенім алға жетелейді

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоғамның іргесін қалайтын сенімнің мағынасы тереңде. Әрбір отбасының өзі сенімге негізделіп құрылады, көршілердің, түрлі этнос өкілдерінің өзара сенімі, қоғамның билік пен оның тармақтарына сенімі маңызды. Кешегі сайлауда белгілі бір партияға, белсенді азаматтарға сенім білдірілді. Ендігі жерде ел сол сенімнің ақталуынан үмітті. Кесенеден немересін ерте шыққан қария да сенімнің маңызын аша түскендей болды.

Сенім алға жетелейді

– Осы қаланың тұрғынымын, айналайын. Құлшылық ету, діни мерекелер, діни дәстүрлерге қатысты сенім деген сөзді көбірек айтамыз. Мына немереме адамға да, мысалы бүгінгідей сайлауда сенім артылатынын айтып келе жатырмын, – деді қария қасындағы бозбалаға қарап. – Сенім болмай, ел болу қиын. Ел сенімін ақтамау да күнә деймін. Бүгінгі сайлаудан күтерім көп. Сондықтан да кесенеде жерленген ұлы тұлғаларға Құран аяттарын бағыштап, баршаға жақсылық тіледім. Ел сеніміне сызат түспеуін тіледім. Енді барып дауыс беремін.

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әуелхан Тұрғымбековтің мәлімдеуінше, өңірде 1 млн 168 мың 658 сайлаушы бар. Оның ішінде 19 наурыз күні 18-ге толатындары – 91, ал 78 сайлаушы 100 жастан асқан. Дауыс беру кезінде облыстағы 941 сайлау учаскесінде 8 мыңнан астам байқаушы жұмыс істеді. «Өңірде барлық деңгейдегі бірмандаттық сайлау округтері бойынша ұсы­ныл­ған 1 615 кандидаттың 1 284-і тіркеуден өтіп, сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын бастаған болатын. Сол тіркеуден өткен кандидаттар­дың бүгінгі сайлауға 1 131-і қатысып жатыр, – дейді Әуелхан Елтайұлы. – Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап сайлау учаскелерінде арнайы бұрыштар әзірленіп, кабиналар орнатылды, тактильді жолақтар төселген. Арнайы пандустар мен екі жақты белдеулер орнатылған. Барлық сайлау учаскелері бір тұрақты және 2 жылжымалы сайлау жәшіктерімен қамтылған».

Облыстың барлық ауданында сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Мысалы, Қазығұрт ауданында әжелер алқасы және ардагерлер кеңесінің мүшелері белсенділік танытып, сайлау учаскесіне ерте келсе, Түлкібас ауданының жас шабандоздары командасымен Шақпақ баба ауылындағы №792 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бүкіл әлемге танымал «Шардара Армспорт» спорт клубының чемпиондары да алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады. Ал Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы №133 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бұл учаскеде 2 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Сондай-ақ Кентау қаласының тұрғыны, 18 баланың анасы Түйме­гүл Ергешқызы Т.Рысқұлов атындағы 24 мектептегі №899 сайлау учаскесіне отбасымен келді. Жетісай ауданы Жылы су ауылдық округінде тұратын, бір әулеттің қазынасы, 75 немере мен 30-ға тарта шөберенің, 8 шөпшектің әжесі Зәуре Сейдімбекқызы да келін-қыздарымен келіп өз таңдауларын жасады.

 

Түркістан облысы