Спорт • 20 Наурыз, 2023

Ұлттық спорт ұлықтауға лайық

318 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде ұлттық спорт түрлерінің дамуына бірден-бір үлес қосып жүрген мекеме – Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы. Наурыз мерекесі қарсаңында аталған орталықтың бас директоры, кезіндегі Азия чемпионаты мен студенттер арасындағы әлем біріншілігінің жүлдегері, Сидней мен Афина Олимпиадасына қатысқан танымал дзюдошы Сағдат Садықовпен әңгімелескен едік.

Ұлттық спорт ұлықтауға лайық

– Сағдат мырза, сіз басқарып отыр­­ған орталық жоғары оқу орындары, колледждер мен гимназияларда, орта мектептерде спорт пен денешы­­нықтыру саласын дамытуға үлес қо­сып жүр. Қазіргі кезде осы білім ошақ­тарындағы ұлттық спорт түр­ле­рінің даму деңгейі көңіл көншітерлік деп айтуға бола ма?

– Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі ор­талығы балалар мен жасөспірімдердің бойына саламатты өмір салты құнды­лықтарын сіңіруде жан-жақты жұмыстар атқарып келеді. Сондай жобалардың бірі әрі бірегейі – қазақ күресінен оқушылар арасында Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевты еске алуға арналған рес­пуб­ликалық турнир. Ол өте жоғары дең­гейде өтіп жүр. Сонымен қатар мектеп оқушылары мен денешынықтыру мұ­ғалімдері арасында кеңінен танымал «Ұлт­тық мектеп лигасы» жобасы аясында ұлт­тық спорт түрлері кеңінен қамтылған. Мә­селен, 2012 жылдан бері асық ату, бес­тас, тоғызқұмалақтан 5-6, 7-8, 9-11-сы­ныптағы ұлдар мен қыздар арасында жарыс үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Ол мектепішілік іріктеу бәсекелерінен бастау алып, екінші кезең – аудандық пен қалалық, үшінші кезең – облыстық, төртінші кезең – республикалық, яғни финалдық сайыстарға дейін жалғасады. Осы дүбірлі додаларды оқушылар қауы­мы асыға күтеді.

Биыл алғаш рет 5-6-сыныптағылардың жарысын – Павлодарда, 7-8-сыныптардың сайысын – Алматыда, 9-11-сыныптардың бәсекесін Астанада топтап өткізу жүйесін енгіздік. Аталған спорт түрлері бойынша түрлі федерациялармен бірлесе отырып, лига ережелерін жазып, төрешілер құрамын жасақтаймыз. Әр жыл сайын әр өңірден іріктеліп келген 200-ден аса үздік оқушы республикалық, яғни финалдық кезеңде бақ сынайды. Осы орайда, спорт­ты серік еткен жас жеткіншектер деңгейінің өсуіне барынша күш салып жүрген ұстаздардың ерен еңбегін айрықша атап өткім келеді. Сол себепті  атқарылған жұмысқа көңіліміз толады деп айтуға барлық негіз бар.

– Соңғы кездері осы бағытта тағы қандай ауқымды істер қолға алынды?

– Оқу-ағарту министрлігінің қол­дауының арқасында республикалық тоғызқұмалақ федерациясымен бірлесе отырып, биыл алғаш рет 2-11-сынып оқушылары арасында «Тоғызқұмалақ Олимпиадасы» ұйымдастырылмақшы. Оқушылардың ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыру мақса­тында жарыстарды өткізу форматтарын өзгертіп жатырмыз. Осындай іс-шаралар ұйымдастыру арқылы министрлік елі­міздегі тоғызқұмалақ қозғалысына ба­рынша қолдау көрсетуді көздеп отыр. Аталған Олимпиада талантты балаларды анықтауға, оқушылардың зейінін арттыруға, ойлау қабілетін дамытуға жол ашып, халықаралық додаларға қатысуға мүм­кіндік береді. Алдағы уақытта бұл жо­ба мектеп спорты аясындағы ауқым­­ды шаралардың біріне айналады. Қазір­дің өзінде оқушылар, денешынық­тыру мұғалімдері және ата-аналар та­ра­пынан Олимпиадаға деген ерекше қы­зы­ғушылық байқалып отыр. Бірақ «әттеген-ай» дейтін де тұстарымыз бар. Ең өкініштісі, бүгінгі таңда жергілікті білім басқармалары тарапынан қолдау аздау болып тұр. Осы күнге дейін респуб­ликалық кезеңге қатысуға Астана, Ал­маты, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау өңірлері ғана өтініш берді. Ал қалған аймақтарда қаржы мәселесі әлі де қарастырылып жатыр.

– Бірқатар жақсы жобаларды қолға алған екенсіздер. Ал сол спортшылар ара­­сында халықаралық деңгейдегі жа­­рыстарда дараланып жүргендер бар ма?

– Мектеп оқушылары спорттық шаралар арқылы дамиды, өседі, дене бітімі жетіліп қалыптасады, ал жас спортшылар әрбір жарыс арқылы шыңдалады. Біздің орталық ұйымдастыратын Спартакиада, Гимназиада, Универсиада сынды жылдар бойы өткізіліп келе жатқан дәстүрлі додалар талай жас жеткіншек үлкен спортқа жолдама берді деп нық сеніммен айта аламын. Солардың арасынан Азамат Бимағамбет (Ақтөбе), Әділет Бекмахан (Астана), Нәдір Ахметов (Павлодар), Ақ­жібек Манарбекқызы (Астана), Раушан Әуелбай (Астана), Ұлжан Пазылбекқызы (Қызылорда) және тағы басқа дарынды әрі жалынды жастар суырылып шығып, халықаралық деңгейдегі додаларда та­быс­ты өнер көрсетіп жүр.

– Төл өнерімізді одан әрі дамыту үшін алдағы уақытта тағы қандай ауқым­­ды іс-шараларды қолға алу қа­жет деп ойлайсыз?

– Ұлттық спорт түрлері өскелең ұр­пақты тәрбиелеп, ұлттың интеллек­туал­дық әлеуетін арттыруда маңызды рөл ат­қарады. Жалпы, мен тоғызқұмалақ, бес асық, асық ату секілді зияткерлік ойын­дарды жүйелі әрі қисынды ойлау қа­­білетін қалыптастырып, білім мен ғылымға бейімділік негіздерін қалауда ұтымды әрі таптырмас тәрбие құралдары ретінде қабылдаймын. Сол себепті төл өнеріміздің тәрбиелік мазмұнын ашып, оқушылар қатысатын жарыстарды ақпараттандыру мәселесін дамытып, отандық телеарналар мен бұқаралық ақ­парат құралдарында креативті сюжет­тер шығарып, танымды мақалалар жариялап, үздік есімдерді насихаттау ісін қолға алсақ, тіптен жақсы болар еді. Заманауи тенденция бойынша бүгінгі таңда жарқыратып жарнама жасау, жас жеткіншектердің назарын жаулау маңызды. Ал бұл жұмыстарды атқаруда осы саладағы барлық ұйымдардың бір­лесіп әрекет жасағаны жөн. Себебі, бар­лы­ғымыздың бір ғана мақсат-мұра­тымыз бар. Ол – өскелең ұрпақты ұлттық құн­дылықтар негізінде тәрбиелеу.

– Алдағы уақыттағы жоспарла­рың­ызбен бөліссеңіз?

– Қазақ ұлтының әлемдік өркениетке қосқан сүбелі үлестерінің бірі – дәп осы төл өнерлеріміз. Әр жарыстың «Біз­дің сайыстарда жеңімпаздар болса да, жеңілетіндер жоқ. Ұтатын – ұлттық мәдениетіміз» деген баршаға ортақ әрі тұрақты қағидасы бар. Сол себепті де оны одан әрі дамытып, насихаттауға тиіспіз. Мысалы, тоғызқұмалақ федерациясының ресми ақпараты бойынша елімізде 190 мыңнан аса мектеп жасындағы балалар осы спорт түрін серік етеді. Мектептерде 10 мыңнан астам үйірме бар. Алдағы уа­қытта сол білім ошақтарында үйірме­лердің жұмысын жандандырып отырған денешынықтыру пәні мұғалімдері ара­­сында біліктілікті арттыру курстарында шеберлік сабақтар мен семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Өйт­ке­ні кәсіби құзыреті жоғары мамандар шәкірттерді спортқа қызықтырудың жолын біледі. Міне, осындай игі істер мен ты­нымсыз еңбек арқылы жоғары нәти­желер мен жарқын жеңістерге қол жеткізе алатынымызға кәміл сенеміз.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»