Дәстүрлі баталарды дәріптеу, кейінгі ұрпаққа насихаттап, ежелгі салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында өңірде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. «Наурыз бата» солардың бірегейі. Иә, бата – адал ниет, шынайы тілек білдіру дәстүрі. Дегенмен, кейде көзі ашық, көкірегі ояу, жазу-сызуды білетін, ақ самайлы, сары тісті аға буын арасында жанынан шығармаса да тұшымды бата жаттап алмағандары да кездеседі. Осы бір олқылықтың орнын толтыру, жастарды тәрбиелеу бағытында өңірде «Ақ бата», «Батагөй» сынды бата беру байқаулары өткізіліп келеді. Халқымыз үлкенді сыйлап, оның жолын әрдайым өнеге еткен. Әз Наурыз мейрамы аясында қариялардың батасын алу арқылы да ата-бабаларымыздың ұлағатты, ғибратты сөздерін жаңғырта отырып жастардың ұлттық дүниетанымын қалыптастырып, әдет-ғұрыпты дәріптеу мақсат етілген.
Бата алуды жақсылыққа ырымдайтын халықтың ұрпағымыз. Түркі дүниесінің киелі шаһарын көркейтуге көп үлес қосқан жандардың бірі – Елтай Бимахамбетов ақсақалды арнайы іздеп баруымыздың себебі де осы – батасын алу еді. Тоқсанның төріндегі ақсақалдың өнегелі өмірі мен тағылымды тағдыры Түркістанмен тікелей байланысты. Тоқсаннан асса да киелі шаһардағы ақсақалдардың бас қосуларынан қалмай, әлі де ширақ қалпында қоғам өміріне белсене араласып келеді. «Осы кезге дейін көп оқыдым. 15 кітап жаздым», дейді көнекөз қария. «Egemen Qazaqstan» газетінің тігіндісін көрсетіп, басылым бетіндегі мақалаларға қатысты пікірін де білдірген Елтай ақсақал журналистердің еңбегін жоғары бағалады. Түркістан қаласы мен Сауран ауданының құрметті азаматы, жазушы Елтай Бимахамбетов атамыз бізбен қоштасарда көпшілікті Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтай келе, былай деп батасын берді:
Айналайын, балаларым!
Құдай қолдасын,
Қолға алған істеріңді оңдасын!
Өмірлеріңде
жаманшылық болмасын!
Іссапарға шыққанда
Қызыр болсын жолдасың!
Өсіңдер, өніңдер!
Өмірдің бар қызығын
Ағайын-туыс,
ел-жұртпен бірге көріңдер!
Уа, көпшілік-халайық,
Бәріміз бері қарайық!
Мына жүрген халықты,
Дос пен туыс санайық.
Біріміздің біріміз,
Әжетіне жарайық.
Өкпең болса өткен жылдан,
Осы күні ұмытпай,
Кешірім сұрап барайық.
Тиістіріп төстерді,
Қысып қолын алайық.
Әз Наурызды қашанда,
Жыл басы деп санайық.
Қасиеттеп сондықтан,
Ұлы күнге балайық!
Уа, халайық-жамағат,
Барға болсын қанағат.
Кекшіл болмай, көпшіл болсаң,
Алладан болар шапағат.
Уа, көпшілік жиналған,
Құдайың болсын сыйынған.
Байлыққа жол табыңдар,
Сүрлеу салып қиыннан.
Ел байлығын шашпаңдар,
Құралған байлық тиыннан.
Ынтымақты сақтаңдар,
Кетпесін бірлік ұйымнан.
Жік-жік болып бөлінсеңдер,
Зәру болар үзім нан.
Қысқаға кегің сақталып,
Болмасын өшің ұзыннан.
Сонда еркін жүресіңдер,
Құтылып түрлі қысымнан.
Уа, жаны таза адамдар,
Тағы да бері қараңдар!
Амандықты тілейтін,
Көбіңіздің анаң бар.
Ынтымақ пен бірлікке,
Солар қатты алаңдар.
Жолдарыңды қуатын,
Өміріңнің жалғасы-
Жас жеткіншек балаң бар.
Ертіп жүріп соларды,
Қызықтайтын алаң бар.
Менің айтқан бұл сөзімді-
Өсиет-бата санаңдар,
Айналайын жарандар!
Әумин, Аллаһу әкбар!
ТҮРКІСТАН