ЕЛ және ЕЛБАСЫ
Осыдан жиырма жылдан астам уақыттың сипатын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Бүгінде он бес мемлекет болып отырған он бес республиканы уысында ұстаған алып державаның күні бітіп, ыдырағаннан кейін, олардың барлығына да дамудың жаңа сүрлеуін салу керек болды. Сүрінгендер де болды. Дұрыс жолға түсе алмағандардың ащы сабақтары бүгін өзге елдерде көрініс тауып жатыр. Адам қаны төгілген, экономикасы тоқыраған елдердегі бітпес дау-дамайды көріп-біліп отырмыз. Қазақстан осының барлығынан айналып өтті, нарық келген жылдардағы қыл бұрауда тығырықтан жол таба білді. Соның барлығы да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы екенін тек біз емес, Қазақстанды білетін дүние жүзі елдері мойындап отыр. Алысты болжайтын саясаткер ел болуымыз үшін алдымен береке-бірлік керек деп ойлады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Нұрсұлтан Назарбаев саясатының тікелей төл туындысы десек болады. Қазақстанда қаншама ұлт ағайын адамдардай тату-тәтті қатар өмір сүреді. Қазақстан халқы Ассамблеясы тек саясат үшін жасалған қуыршақ тәрізді сырты жылтырақ, іші қуыс құрылым емес. Бұл біздің елімізде нағыз шынайы өмірге айналып отыр. Қазақстанның бүгінгі қарыштап дамуының түп-тамыры осы бірлігімізде жатыр. Оған айдай әлем куә. Егер қарымы, жігері, көрегендік саясаткерлігі, ұйымдастыру таланты асқан қазақтың бір ұлы болмағанда елге де, ерге де сын болған 90-шы жылдары Қазақстанның тағдыры қалай қарай бұрылып кетерін кім білсін. Соны қазір бүкіл жұрт түсінді, шүкіршілік етеді. Қазір талай ұлттың өкілі Қазақстанда тұрып қана жатқан жоқ, олар Отанымыздың дамуына жан-жақты үлес қосып жүр. Мысалы, біздің облыстық мәслихаттағы Борис Князев, Олег Даниленко, Ыбыраш Естаев, тағы басқа депутаттарымыз бірнеше ұлттың өкілдерінен құралады. Басқасын былай қойғанда, мен атаған үш депутат үш шаруашылықты дөңгелентіп, ауылды гүлдендіріп, адамдарға жұмыс беріп отыр. Оның сыртында депутаттық жұмысымен жергілікті жерлердегі әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына бел шешіп кіріседі, тікелей ықпал етеді. Оларды ешкім сен орыссың, сен украинсың деп жатқан жоқ. Үшеуі де еліне елеулі, халқына қалаулы адамдар оларға арқа сүйеп отырады. Мәслихаттар сайлауында оларға түрлі ұлттың өкілдері дауыс берді. Біздің еліміздегі татулық, бірлік Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары мен бастамаларынан туындаған. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген халқымыздың бірлікке шақырған даналығын Нұрсұлтан Әбішұлы ылғи еске салып отырады. Сөз жоқ, Астана – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлылыққа татитын ісінің бірегейі. 1997 жылы Қазақстан экономикалық тұрғыдан әлі бауырын жаза қоймаған еді. Оған өзіміз куәміз. Елбасының Астананы еліміздің орталық өңіріне көшіру туралы бастамасына қарсы шыққандар, күмән келтіргендер болды. Ал қазір Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендік саясатына олар тек тәнті болып отыр. Азғантай уақыттың ішінде Сарыарқаның төрінде тотыдай құлпырып, әдемі қала өсіп шықты. Астана – қазір тек еліміздің елордасы ғана емес, ғаламдық мәселелерді қарауымен, талқылауымен әлем жұртшылығының назарын аударып отырған түрлі халықаралық шаралардың, беделді жиындардың да орталығы. Әлемде тұңғыш рет түрлі дін өкілдері Астанада бас қосып, бір үстел басында конфессияаралық мәселелерді қарады, экономикалық форум аясында дүние жүзіндегі белгілі саясаткерлер, ірі экономист ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары біздің елордамыздың қонағы болады. Олар Астанаға тамсанады, оның түп бастауында тұрған Елбасымыздың саясатының даралығына тағы бір рет көз жеткізеді. Астана қаласы қазір Қазақстанның барлық өңіріндегі қалаларға үлгі болып отыр. Барлығы да Астанаға қарап бой түзейді. Тіпті, дүние жүзіндегі көптеген орталық қалалардың өсу тарихы жүз жылдап саналады. Астана айналдырған 16-17 жыл көлемінде адам танымастай құлпырды. Қостанайға көрші Ресейдің қатар жатқан Челябі, Свердлов, Қорған облыстарынан жұмыс бабымен келген қонақтар уақыт артылдырып, Астананы көргісі келетінін жасырмайды. Біздің оларды Астанаға арнайы экскурсия жасатып келетін кездеріміз аз болмайды. Қонақтар елордамыздың әсемдігіне таңғалады. Шетелдік қонақтардың тамсануы біздің де патриоттық сезімімізді шалқытады, марқайып қаламыз. Қазақстан қазір қай жағынан болсын дамудың сара жолына түскен. Еліміздегі демократиялық үрдістердің, оның ішінде жергілікті өзін өзі басқару саласының жетілдірілуі – Елбасы саясатының дұрыстығына кепіл. 2013 жылы тамыз айында алғашқы рет ауыл әкімдерін сайлау өтті. Ауылдық округтер әкімдерінің кандидатурасын аудан әкімдері ұсынды. Әрине, олар демократияның заңдылығына сәйкес сайлауға баламалы түрде түсті. Оларды аудандық мәслихаттар депутаттары арқылы халық сайлады. Біздің облыста 245 ауылдық округ әкімдері және ауданға қарасты Жітіқара қалалық әкімі сайланды. Олардың өкілеттігі кеңейді. Ең бастысы – сайлаушыларға сенім артылды, оның ішінде мәслихаттар депутаттары үлкен сенім арқалады. Өйткені, олар балама сайлауда халық атынан үміткерлердің бірін таңдады, сол арқылы өздеріне жауапкершілік алды. Жергілікті ауылдық округ әкімдерінің сайланғанына бір жылға таяу уақыт болды. Жақында Мәжіліс депутаттары тарапынан сайланған әкімдердің бір жыл ішінде жүргізген жұмыстарын талдап, саралау мәселесі көтерілді. Олар жыл тәулігінде не бітіргені жөнінде өзін таңдаған халқы алдында есеп беретін болады. Бұл атқарушы билік пен халықтың арасын жақындастыра түседі. Қазірдің өзінде ауылдық округ әкімдері бірсыпыра өкілеттіліктерге ие болды. Қаржыландыру мәселесі шешімін табатын алдағы уақытта өкілеттік де кеңейе түседі. Жергілікті әкімдер сайлануымен азаматтық қоғамның салмағы арта түседі. Халықтың өзі сайлағаннан кейін ауылдық-селолық округтер әкімдерінің әлеуметтік мәселелерді шешуде жергілікті тұрғындармен, яғни әлеуметтік топтармен қоян-қолтық араласуына, олардың өзінің пікірін, сұранысын тыңдап, іске тартуына маңыз көбірек беріледі. Бұл – нағыз халықтық, шынайы демократияның көрінісі. Осы жұмыстардың бастау бұлағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларынан өріс алады. Мәслихаттардың құрылғанына биыл жиырма жыл толды. Бұл қоғамда беделді күшке айналды. Біздің депутаттарымыз жергілікті жерде өз сайлаушыларының үлкен сеніміне ие болды. Облыс халқы 900 мың болса, облыстық мәслихаттың 36 депутатының әрқайсысына 25 мың тұрғыннан немесе 15 мың сайлаушыдан келеді екен. Әр депутат олардың жоғын жоқтайды, мұңын мұңдайды. Ал мұның қоғамдық жұмыс екенін ұмытпайық. Оның сыртында депутаттар ірі шаруашылықтарды, ұжымдарды басқарады, ғылыммен айналысады. Біздің депутаттар өз округтерінің шеңберінде қалмай, ауданның, облыстың экономикалық-әлеуметтік проблемаларын назарға алып отырады. Олар әлеуметтік бағдарламалармен жұмыс істей отырып, бюджетті қалыптастыруда үлкен ізденістерге барады. Мәслихаттар еліміздің дамуы үшін атқарушы билікпен бірдей жауапкершілік алады. Ол бұрынғыдай жоғары жақ не айтар екен деп, жалтақтап қарап отырмайды. Жергілікті жердегі өзекті мәселелердің барлығын зерттеп, зерделеп, халық көкейінен шығатын бастамаларға мұрындық болады. Мәслихаттарды осындай дәрежеге көтерген Елбасымыздың еліміз болашағының көкжиегін алыстан көретін сара саясатының арқасы деуіміз керек. Қазір мәслихаттар Мемлекет басшысының идеялары мен бастамаларын, саясатын жүзеге асыруға үлкен үлес қосып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «алдымен – экономика, сосын – саясат» деген қағиданы өз саясатында берік ұстанып келеді. Мұның дұрыстығын халықаралық саясаттағы, экономикадағы белгілі қайраткерлер де мойындайды. Елімізді экономикалық, әлеуметтік жағынан дамыту үшін Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен ірі бағдарламалар, инвестициялар тарту жұмыстары жүргізілуде. Өңірлерде бұрын болмаған ірі өндірістер, зауыттар бой көтеруде. Біздің Қостанай облысы бұрын кенді, астықты аймақ деп аталса, енді шет ел инвестициясын тарту және интеграция арқасында машина жасау орталығына айналды. Экономиканы дамытудың бір тетігі туризм екенін айтып, оған қолдау көрсеткен де Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі болатын. Елімізде бұл бағытта жақсы жұмыстар арнасына түсе бастады. Қазақстанның кең-байтақ жерінің табиғи сұлулығы, тарихымыздың байлығын паш ететін археологиялық орындар, дәстүр-салтымыз дүние жүзіндегі туризмді дамытқан елдерден кем соқпайды. Қостанай облысында да ішкі-сыртқы туризмнің дамуына нысан боларлық орындар жеткілікті. «Сосновый бор» санаторийі бұрындары жыл тәулігіне төрт ай ғана жұмыс істеп, қалған кезде бос тұратын. Мың жылдық қарағайлар аспанға көк тіреген Арақарағай орманында орналасқан суы да, ауасы да ем осы демалыс орны қазір адам танымастай өзгеріп, демалушылардың сүйікті орнына айналды. Бұрын 45 адам ғана жұмыс істейтін шипажайда қазір демалушыларға 350 адам қызмет көрсетеді. Бұл Жолдауларында Қазақстан халқының денсаулығын жақсартып, жас ұрпақтың спортты серік етуі керектігін қадап айтып отыратын Елбасы идеяларының жүзеге асуы үшін жасалып жатқан жұмыстардың бірі ғана. Мен Нұрсұлтан Әбішұлын өз жеке басыма да үлгі тұтамын. Қазақ халқының барлық жақсы қасиетін – даналығын, жігерлілігін, биік адамгершілігін, рухани құндылықтарын бойына жиып, сол арқылы дүние жүзі мойындап отырған тұлғаға айналған Елбасымыздың ел тағдыры үшін аман болуын елі де тілеп отырады. Халықпен қоян-қолтық жүрген өзіміз оның күнде куәсіміз. Басшысы білікті елдің бақытты боларына әркімнің-ақ көзі жетіп отыр. Сайлаубек ЕСЖАНОВ, Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы. ҚОСТАНАЙ.«Елім деген Ер»
Абзал ЕРАЛИЕВ, Қазақстанның Еңбек Ері: Әр заманда ұлтын ұшпаққа жетелейтін тұлғалар болады. Олар халық үшін туады. Елінің кемел келешегі жолында аянбай еңбек етеді. Аттың жалында, түйенің қомында жүріп, талай бейнетке көніп, кездескен сынақтың бәріне төтеп беріп, туған жұрты мен мемлекетін өркениеттің өр биігіне жеткізеді. Қай халықты алып қарамаңыз, осындай тұлғаларды кездестіресіз. Өз басым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты осындай көшбасшы деп санаймын. Қытай халқы қатты назаланғанда «Өтпелі кезеңде өмір сүр», дейді екен. Бұл тұрымтай тұсына, балапан басына кетіп, бұрынғы құндылықтар мән-маңызынан айырылып, жаңа заманның келбетін тани алмай, елең-алаң кезде маңдайыңды тауға да, тасқа да соғып, ештеңені ұғып болмайтын заманда ғұмыр кеш дегенді білдірсе керек. Мұндай кезеңде жекелеген адамның емес, тұтас мемлекеттің жағдайы қиын болады. Аяғынан тік тұрып кетуі оңайға соқпайды. Міне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай өтпелі заманда ел тізгінін қолына алды. Күлтегіннің тасқа басылған сөзінде айтылатындай, «күн күлмеді, түн отырмады», бар күш-қайратын жинап, мемлекеттің баянды болашағы жолында еңбек етті. Бүгінгі биігімізден қарасақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасалған еңбек ересен екен. Әлемнің барлық мемлекетімен қарым-қатынасты реттестіріп, шекарамызды айқындап, елге инвесторлар тартып, экономикалық жағдайымызды түзеп, әлеуметтің әлеуетін арттырып, саяси ахуалда тұрақтылықты сақтап, жаһан жұртын Қазақстанмен санасатын жағдайға жеткізді. Әрине, мұның барлығы айтуға ғана оңай. Әйтпесе, осы істің астарында талай дүниенің жатқанын сеземіз. Дегенмен, Елбасының көреген саясатының арқасында Қазақстан тұрақты дамудың даңғылына түсті. Ел дамуының басты көрсеткіштерінің бірі – шағын және орта бизнестің кескін-келбеті болса керек. Қазақстанда шағын және орта бизнестің қалыптасып, дамуына барлық жағдай жасалды. Белін бүгіп, еңбек еткен адам ырзыққа кенелетінін көріп жүрміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз де сан түрлі кәсіпті игеріп көрдік. Бірақ соңында атакәсіп – күріш өндірісіне тоқтадық. Аптап ыстыққа, ұйытқи соққан желге де қарамастан еңбек ететін диқан қауымының жұмысы оңайлардың санатынан емес. Көктемнің алғашқы күндерінен басталатын тіршілік қара күзде бір-ақ тоқтайды. Осы аралықта жерге дән себіліп, оны баладай мәпелеп өсіріп, қамбаға құйып аласың. Бейнеті мол жұмысқа жегілген диқандар елдің несібесін теріп жүр деп білемін. 2011 жылы Елбасы Қызылорда облысына сапары кезінде күріш алқаптарын аралап, жасалып жатқан жұмыспен жете танысты. Оның ішінде «Абзал және К» толық серіктестігі атқарған жұмыстарды көзімен көрді. Нағи Ілиясов ауылына арнайы барды. Ауыл ақсақалдарымен сөйлесті. Ризашылығын білдірді. Биыл Елбасының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» деген ең жоғарғы атақты алдым. Бұл – менің ғана емес, барша қызылордалық диқандардың еңбегі еленді деген сөз. Нұрсұлтан Әбішұлы ауылда туып, ержетіп, зауытта шыңдалып, қара жұмыстың қазанында қайнап, қалыптасқан тұлға ғой. Сондықтан ол кісі шаруашылықтың жағдайын өте жақсы біледі. Еңбектегі ерлердің жұмысын жоғары бағалайды. Біздің ел үшін атқарған азғантай ғана жұмысымызды бағалауы, елеуі осы сөзіміздің айғағы. Біз бақытты ұрпақпыз. Өйткені, ата-бабаларымыз армандап өткен Тәуелсіз еліміз бар. Әлем жұрты сүйсініп қарайтын елордамыз Еуразияның жүрегінде тұр. Ең бастысы, мемлекетіміздің туын жоғары ұстап, дамуға, болашаққа бастаған Нұрсұлтан Назарбаевтай Елбасымыз бар. Осының өзі үлкен бақыт. Ендігі қалғаны осы бақытты мәңгілікке жалғастыру ғана. «Мәңгілік Елдің» жолына түскен қазақстандықтардың қолынан бұл іс келеді деп білемін. Қызылорда облысы.«Қамқорлыққа жауабымыз – сапалы білім мен саналы тәрбие»
Айман ТҮКБАЙ, «Мектеп-балабақша кешенінің» директоры: Отанымызға, туып-өскен мекенімізге, білім алған мектебімізге махаббаттары үшін әдетте ата-аналар мен тәрбиеленушілер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа рахметтерін айтып жатады. Және бұл тек бейбіт аспан мен тұрақтылық үшін ғана емес, Нұрсұлтан Әбішұлы – саясаттың феномені. Бір ғана ұрпақтың өмірі ішінде ол Қазақстанды әлемдегі жетекші елдер қатарына қоса білді. Білім беру саласына орасан зор көлемде ақша бөлінуде. Және де мен мұны облыстық мәслихаттың депутаты ретінде нақты білгендіктен айтып отырмын. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауларында Үкімет пен атқарушы органдардың алдына қоятын тапсырмаларының арқасында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы үлкен өзгерістерге қол жеткізіп үлгерді. Тіпті, шалғайдағы мектептердің өзі бірте-бірте жаңа үлгідегі оқу кабинеттерімен жарақтандырылуда. Біздің кешенде де физика, химия және биология кабинеттері тамаша жарақтандырылған. Үш тілде оқытатын мультимедиялық сынып жұмыс істейді. Ұжымдағы алпыс мұғалімнің әрқайсысы жұмысында жеке компьютерге ие. Ал кешендегі бір оқушыға 2,3 компьютерден келеді! Мемлекет басшысы Қазақстандағы мұғалім мен дәрігер бизнестегілердің орташа жалақысы көлемінде еңбекақы алатын болады деп айтқан еді. Міне, мұғалімдерді еңбекке ақы төлеудің дифференциалды әдісі бойынша қайта оқыту жүйесі бізге де келіп жетті. Сөйтіп, дайындықтың алғашқы сатысынан өткен педагогтар еңбекақыларына 100 пайыз қосымша ала бастады. Кез келген мұғалімнің Президенттің осындай қамқорлығына лайықты жауабы оқушыға сапалы білім беру болуы тиіс. Қарағанды облысы.