Жалпы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының, Түркі мемлекеттері ұйымының, Ресей Федерациясы мен Беларусь Одағының, Жерорта теңізі Парламенттік Ассамблеясының, сондай-ақ Түркі Парламенттік Ассамблеясының делегацияларымен кездесулер өтті. Осы мақсатта Қазақстанға Әзербайжан, Молдова, Моңғолия, Армения, Беларусь, Мажарстан, Грузия, Үндістан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Румыния, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Түркия Республикасы мен Филиппиннің сайлау органдарының мүшелері келді. Бес елдің сайлау комиссияларын төрағалары өздері басқарып келді.
Кездесу барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қонақтарды Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына әзірлік және оны өткізу барысымен таныстырып, депутаттыққа кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы айтып, барлық тіркеу рәсімдері конституциялық нормаларға сәйкес жариялылық және ашықтық қағидаттарында жүргізілгеніне ерекше назар аударды. Сайлау комиссиялары азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыру үшін қажетті шаралар қабылдады.
Нұрлан Әбдіров ТМД байқаушылар Миссиясының басшысы Леонид Анфимовпен кездесу кезінде Қазақстанда сайлауды байқау жөніндегі халықаралық ұйымдардың Миссияларының болуына үлкен мән берілетіні атап өтті. Халықаралық байқау сайлаудың адалдығы мен ашықтығын қорғауда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ Молдова және Әзербайжан ОСК төрағалары Анжелика Караман және Мазахир Панаховпен кездесулер барысында халықаралық байқаушылар сайлау заңнамасының жаңалықтарын іске асыру барысына үлкен қызығушылық танытып, ел өңірлерінде жүргізіліп жатқан жұмысқа жоғары баға берді.
Ал дауыс беру күні Қазақстан бойынша сайлау учаскелерінде 41 шет мемлекет пен 12 халықаралық ұйымнан 793 байқаушы жұмыс істеді. Олар республиканың барлық өңірлеріндегі сайлау учаскелерінде, сондай-ақ шетелдегі сайлау учаскелерінде Парламент Мәжілісіне депутаттарды сайлау жөніндегі байқаушылардың өкілеттіктерін жүзеге асырды.
Делегация өкілдерінің көпшілігі біздің еліміздегі сайлау үдерістерін байқауға бірінші рет қатысып отырған жоқ. Олардың барлығы сайлау үдерісінің жоғары ұйымдастырушылық деңгейін атап өтті. Еліміздің қазіргі заңнамалық базасы қоғамдық үдерістерді демократияландыруға бағытталған саяси реформаларды табысты жүргізуге мүмкіндік береді. Сайлау заңнамасын жетілдіру азаматтардың сұраныстары мен мүдделеріне сәйкес келетін жаңа саяси модель қалыптастыруға өз үлесін қосады. Сондай-ақ олар жаңа нормалар азаматтардың мемлекеттік және саяси институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Жастар мен волонтерлердің сайлау үдерісінде белсенділігі және жас ұрпақты сайлау үдерісіне тарту жөніндегі бұл тәжірибе басқа елдер үшін жақсы үлгі бола алатындығы жеке тоқталды. Халықаралық байқаушылар сайлау заңнамасының жаңашылдықтарын іске асыру барысына жоғары қызығушылық танытып, ел өңірлерінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Атап айтқанда, сайлау учаскелерін жақсы техникалық жарақтандыру, дауыс беру үшін, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін жағдай жасау басымдықтарын атап өтті. Нашар көретін адамдар үшін Брайль шрифті, қосымша жарықтандыру, үлкейтіп көру құралы және басқа да қажетті ақпарат болды.
Сондай-ақ кеше ОСК баспасөз орталығында ТМД елдерінен келген сайлауды байқау Миссиясының өкілдері брифинг өткізді, оған ТМД Атқару Комитеті, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы өкілдері қатысты. Олар 19 наурызда Парламент Мәжілісіне өткен сайлау туралы жалпы әсерлерімен бөлісіп, ТМД Миссиясынан сайлау үдерісіне 196 байқаушы мониторинг жүргізгенін атап өтті.
Байқаушылар елордадағы және еліміздің барлық өңірлеріндегі сайлау комиссияларының жұмысымен танысты. Миссия өкілдері елдегі сайлау ұлттық заңнама шеңберінде және азаматтардың сайлау құқығын іске асыру үшін барлық мүмкіндіктерді қамтамасыз ете отырып өткізілгенін мәлімдеді.
ТМД байқаушыларының пікірінше, Орталық сайлау комиссиясы мен жергілікті комиссиялар заңнаманың талаптарына сәйкес сайлауды әзірлеу мен өткізу үшін қажетті шараларды қабылдап, аяқталған сайлау науқанының жоғары кәсібилігі мен тиісті ұйымдастырушылық деңгейін көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша ТМД миссиясы Орталық сайлау комиссиясына бүкіл сайлау науқанын ұйымдастырудың жоғары деңгейі үшін ризашылығын білдірді.
Жалпы, сайлау үдерісінің мониторингі жөніндегі халықаралық сарапшылар сайлаудың барлық кезеңдерінде барлығы ұлттық заңнаманың талаптарына және еркін және демократиялық сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге қойылатын, жалпы қабылданған халықаралық талаптарға сәйкес өтті деп қорытындылады. Олар сондай-ақ өткен сайлау жалпыұлттық референдумнан басталған сайлау марафонының шешуші кезеңі болғанын атап өтті.