Руханият • 22 Наурыз, 2023

Төлеген Асанбаев, белгілі жылқытанушы: Қазақ жылқының тұяғына қарыздар

713 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Жылқыға мінсек айбарланып, айдарымыздан жел есіп шыға келетін халықпыз. Өр мінезімізді кейде осы бір пырақты жануарға теліп, ұлттық болмысымызды да содан іздейтініміз ақиқат. Бұл құдірет – қазақтың қанына сіңген құндылық. Ат тұяғымен сақталып қалған Ұлы дала төсінде жылқы малын көбейту, оның өнімділігін арттыруға біздің ғалымдар қандай жоба-жос­парлар дайындап отыр? Бұл іске мемлекеттің қызығушылығы бар ма? С.Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, белгілі жылқытанушы Төлеген Асанбаевпен осы тақырыпта әңгіме өрбіттік.

Төлеген Асанбаев, белгілі жылқытанушы: Қазақ жылқының тұяғына қарыздар

– Ғалым ретінде еліміздегі жыл­­­­қы шаруашылығының бү­гін­­­­гі жағдайын қалай бағалай­сыз?­

– Ең әуелі жылқытану ғылымы Қазақстанда өз алдына өркендеп, бағыт ала бастағанын көріп отырмыз. Бұған тәуба деу керек. Деректерде алғашқы болып Ботай мәдениеті – энеолит дәуірінде қолға үйретілген деп көрсетіледі. 10 мың жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерін мекен қылған. Археолог В.Зайберттің зерттеуі бойынша, сол кездегі ботай тұрғындары биенің сүтінен кымыз дайындаған. Оған шамамен 5 мың жылдай уақыт өтті. Қазіргі қазақ жылқыларында ертедегі ботай жылқыларының 2,7% қаны бар. Қазақ жылқыларының тұқымын қалыптастыру сол дәуірде басталып, мыңдаған жылдар бойы жалғасып келеді. Қазір жер бетінде пырақты жануардың 312 тұқымы бар. Соның ішінде Қазақстанда 13 тұқымы мен типі кездеседі. Бұл – қазақ жылқысы, мұғалжар, көшім, қостанай, қазақ жылқысының кабинский (қаба) етті типі, ағылшын, ақалтеке, араб, дон, орыс рысагы, ауыр жүк тартатын жылқысы және тағы басқалары. Қазақ жылқысының өзі 7 типке­ бөлінеді. Бұлардың арасында адай мен жабы жылқылары кең таралған. Адай жылқысы – мі­ніс­­ке мықты, кезінде араб және­ түркі­меннің айғырларымен шағы­­лыстырылып алынған ғой. Алысқа шапқанда төзімділігі сондай, әлдебір халықаралық жарыста аузымен құс тістеген ақалтеке, араб, ағылшынның, қабарда жылқысының тұқымдарын артта қалдырып, бірінші және үшінші орындарды жеңіп алған. Адай тұлпарлары 100-150 шақырымдық шабысты еңсереді. Мұндай ұзаққа көнбіс жылқы әлемде жоқ. Біздің оңтүстік өңірдегі жылқытанушы ғалымдар қазір адай типінің төзімділігіне қоса, ұшқырлық қасиетін арттырып, ерекше тұқым шығаруды көздеп отыр. Яғни өзге тұқымдармен шағылыстырып, жаңа типін шығармақ ниетте. Ал қазақ жылқысының ішінде жабы типі мініс ретінде және еті мен сүтін пайдалану мақсатында кеңінен өсіріледі. Олардың ерекше қасиеті – қысы-жазы тебіндейді, суық пен ыстыққа аса төзімді. Жайылым, жем-шөп талғамайды, мінуге көнбіс. Біздің Павлодар өңірінде, Ақтөбе, Қарағанды, Оңтүстік пен Солтүстік аймақтарда кең таралған. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан бойынша 3 млн-ның үстінде жылқы бар, 97 пайызы – қазақ жылқысы. Ке­­шегі кеңес өкіметі тұсында біз­дің­ мемлекеттегі бүтін тұяқты жа­нуар­дың саны 1,5 млн-дай ғана еді. Ал Павлодар облысында тәуел­сіз­дік­ алғанға дейін небәрі 86 мың жыл­қы­ саналса, бүгінде оның саны 250 мың­ның үстінде. Де­рек­тер­ бойынша өткен ғасырдың 10-шы­ жылдары біздің аймақта 346 мың­ жылқы болған. Алдағы мақ­са­ты­мыз­ – сол шаманы бағындыру.

Сіз өңірімізде өсірілетін «Бестау» зауыттық типінің авторы екеніңізді білеміз. Жыл­қының бұл типі несімен ерекше?

– Бала кезімде әкемнің үстінен су төгілмес қара жорғасы болды. Жануар жорғалағанда алдына қара салмайтын. Менің жылқы малына деген махаббатым сол жарықтық қара жорғадан бас­талса керек. Жылқытану ғылымымен мектеп, институт қабырғасынан айналыстым десем, артық айтпаған болар едім. 1976 жылдан бастап нақты шұғылданып келемін. Жыл­қытану сала­сында 16 кітап пен оқу құралдарының авторымын, 3 монографиялық еңбек жаздым. Мұның барлығы жылдар бойғы ізденіс-тәжірибеден туды. Біздің өңірде жылқыны асылдандырып, оның тұқымдық қасиетін жоғары деңгейге көтеруге ынталы азаматтар аз емес. Сонау 1980-жылдың соңында Май ауданында Ақшиман совхо­зындағы шаруашылықтың бес мың жылқысымен жұмыс істей бастадым. Оның алдында Жалтыр шаруашылығында бас зоотехник болып істеп жүр­ген кезімде сол кездегі менің ғылы­ми жетекшім, профессор Б.Садықов ауданның басшыларымен келісіп, Ақшиманға жіберген еді. Ұжым жақсы қарсы алды. Әсіре­се сол кездегі совхоз директоры М.Шукитов мырзаның көп кө­мегі тиді. Нәтижесінде, біраз жылдан соң қазіргі С.Торай­ғыров университетінің зоотехно­логия, генетика және селекция кафедрасының ғалымдары­мен (профессор Т.Бексейі­тов, Р.Ақылжанов, Н.Борам­баева, Ж.Уахитов), шаруа қожа­лықтарының басшыларымен (А.Қожабеков, М.Жаңатаев) және тағы да басқа мүдделі азаматтармен бірлесіп, жабының бестау зауыттық типін, сондай-ақ 3 бірдей зауыттық «аталық іздерін» (линия) шығардық. Бұл типтің ерекшелігі – қысы-жазы тебінде жүреді. Жергілікті табиғи жағдайға әбден бейімделген, қалың қарды тебіндеп, азықты талғамай жей береді. Салмағы мен дене тұрқы да әдеттегі жабыға қарағанда ірірек. Мәселен, жабының элиталы айғыры 460 килограмға дейін тартады, ал «бестау» зауыттық типінің «Слон» атты айғыры таразыға салғанда 607 килограмды көрсетті. Осы типтің қазір өңірде 800-дей басы бар. Алдағы уақытта оның зауыттық типін, яғни аталық ізін жалғастырмақ ойымыз бар. Ол үшін «Слон» және «Тапал» деген айғырларымыздың ұрпақтары жеткілікті.

Әйтеуір жылқыны асылдандыру жайлы айтып жатырмыз ғой. Атап өтейін, біздің өңірдегі бір топ жылқы шаруашылықтарының қолдауымен «Павлодар облы­сындағы жылқы өсірушілердің қауымдастығы» құрылған. Оған бүгінде 10-нан астам шаруашылық кіреді. Төрағасы етіп мені сайлады. Біз жылқы шаруашылықтарына асыл тұқымды жылқы іздестіру және консультативтік, селек­циялық бағыттарында көмек көр­сетеміз. Ғылыми-практикалық се­ми­нар-конференциялар, асыл тұқымды жылқылардың көр­ме­лерін ұйымдастырып, соңғы жаңалықтарды баяндаймыз. «Ақ­жар-Өндіріс» ЖШС-ның басшысы Айтмұхамбет Қожабеков, шаруа қожалығы иелері – Қайрат Иб­раев пен Болат Бақауов, Ораз­бай Құрманов, Серік Садуа­қасов, Жанат Тұрлыбаев, «Ал­тай» ШҚ басшысы Сәтбек Мукин, Қайырболат Ибраев, Мир­лан Бекеев, Айтмұхамед Молшин, Манат Алғамбаров, Аман­гелді Құсайынов және тағы бас­қалары қауымдастыққа жақсы қолдау жасап отыр. Алла сәтін салса, Орал, Алматы және Қостанайдағы жылқытанушы ғалымдармен бірлесіп, Ақсу, Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында, «Алтай», «Жаңа ауыл» шаруашылықтарында қазақ жылқысының сүтті аталық ізін шығару жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Барлығы ойдағыдай болса, биелері бір сауғанда­­ 2 литр­­ге дейін сүт беретін үйір ұйым­­дастырылады. Әрі қарай селек­циялық жұмыстар атқарылып, сүтті-етті қазақ жылқысының зауыттық типін шығару ойда бар. Мұндай тип әзірше әлемде жоқ. Әрине, бұл селекциялық жұмыс бір жылдық емес. Дегенмен ол жұмысты әрі қарай жалғастыратын мамандарды дайындауымыз керек. Бүгінгі күні өзімнің докторантым Тілекбол Шарапатов бұл істі жалғастырады деген үмітім бар. Негізі бұл жоспарды бастауға белгілі бір нақты шарттар бар. Жоғарыда аталған шаруашылықтар қазақ жылқысының биелеріне жаңа алтайлық айғырлардың қанын құю жолымен өз жылқыларының ет беру сапасын арттыруда. Жаңаалтайлық тұқымның генотипінде алтайлық, кеңестік, орыс, литвалық ауыр жүк тартатын жылқы тұқымдарының қаны бар. Бұл тұқымдардың генетикалық потенциалы жоғары, тірідей салмағы 600-ден 1000 кг-ға­ дейін тартады. Ал сүттілігі – 4 мың­нан 7 мың литрге дейін. Ең маңыз­ды­сы, бұл тұқым жыл бойы тебінді жайылымға бейімделген, әрі бұл жағынан қазақ жылқыларынан кем түспейді. Егер біз осы қасиеттерді қазақ жылқыларына дарытсақ, олардың сүттілік қабілеті одан әрі арта түседі. Болашақта Май ауданындағы «Мойнақ 2015» ЖШС жергілікті шаруашылықтар үшін жаңаалтайлық жылқы тұқы­мын сата бастауы мүмкін. Бұрын Ресейден қымбатқа сатып алып келген жануарлар өзімізде көбейіп жатқаны қуантарлық жаңалық.

Жылқы – текті жануар. Оны асыл­дандыруды, қасиетін жетіл­ді­­ріп отыруды қазіргі заманның өзі­ қажет етеді. Анау АҚШ пен Қы­­тай­да өсірілетін жылқы саны біз­де­гіден бірнеше есеге көп. Аме­ри­­ка­ның өзінде 10 млн-нан аса­ жыл­қы бар деседі. Бірақ олар жыл­қыны негізінен спорттық, бәс­ тігу ба­ғытында пайдаланады. Зауыт­тық­ типтерге баса мән береді. Зауыт­­тық тип жануарлардың бел­гілі бір қасиеттерін арттыруға ба­ғыт­­талған. Біздің қазақ жыл­қы­­­сының ерекшелігі – еті мен сүт­­тілігінде, төзімділігінде. Әрі­ қазақ жыл­қысында жабайы жыл­қы­­ның гені сақталған. Біздің мем­ле­кет үшін жылқы малы азық­ ретінде ғана бағаланады. Мынау Қы­тай мемлекетінде тұра­тын­ қан­дас­тары­мыз маған жиі хабар­ласады. Ғы­мылгүл деген қарын­дасымыз Қы­тайдың өзі бүгінде ет бағытына мән беріп отырғанын айта­ды. Қа­зақ­тың жабы жылқы­ла­ры­ десе, қы­тайлықтардың сілекейі шұбы­рады екен. Бір ерекшелігі, бұл ел жыл­қыны қалдықсыз іске­ жара­­тады. Оның сүті мен еті бір бөлек, терісі мен жал-құйрығын, тіпті бие тастаған шуды да пайдаланады. Биенің шуы үшін қытайлық фармкомпаниялар 200 доллар беруге дайын. Тұяғынан кәдесыйлар жасап шығарады.

Ертеде Мәскеудегі жылқы өсіру бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып жүрдім. Сонда якут жігіт­терінің жылқы терісінен жасаған құрақ көрпесін көріп, таң қалғаным бар. Жылқы терісінен олар жылы аяқ киім (угги), бас киім, ішік, қолғап тігеді. Бізде бұл жағы мүлде мақұрым қалып жатқаны өкінішті. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинаған табынды жылқыны өсіру бойынша тәжірибелерін ұмыту – бізге үлкен сын. Отандық жылқы өсірушілердің озық тәжірибелерін енгізіп, жайылым технологиясын, табын мен үйірдің қалыптасуын, табиғи апатқа, жұтқа қарсы күрес амалдарын зерттеу қажет. Кезінде бір ғана Павлодар облысында 7 жылқышы республикаға әйгілі болып, оларға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Олар – Ж.Әбілқайыров, Н.Әлжанов, Қ.Ермағамбетов, М.Жүсіпов, Е.Қонақов, М.Шажанқанов, Қ.Қаленовтер. Осы азаматтардың іс-тәжірибесін жинастырып, қазіргі жылқы бағушылар мен шаруашылықтарға енгізсек, нұр үсті­не нұр болар еді.

– Бір жылдары қазақ жыл­қы­­­сының «Байшұбар» деген типін өсіруді қолға алмақ бол­ған­ екенсіздер. Одан нәтиже шы­ғара алдыңыз ба?

– Шұбар жылқы қазақта аз бол­ма­ған. Алпамыстың тұлпары Байшұбар­ аталды. Қазақ жылқы малын­ табиғи жолмен сұрыптап, өсіріп­ отырған. Шұбар жылқы да – соның бір дәлелі. Жылқының шұ­бары көрген жанның көзін бір­ден­ аударып әкететін қасиетке ие.­ Мынау бізбен көршілес өңір – Ерейментауда шұбар жылқы ұс­тап отырған шаруашылық бар. Солар­мен бірлесіп, «Байшұбар» ти­пін өсіріп шығаруды ойға ал­ған­ едік. Бірақ шаруа иелері аса ын­та таныта қоймады. Негізі бұл жыл­қылар кезінде Екібастұздың Ақкөл-Жайылмасынан сатып алы­ныпты. Бірақ Ақкөлде оның тұ­қымы қалмаған. Бұйыртса, ме­нен­­ кейінгі ғалымдар бұл істі қол­ға­ алатынына шүбәм жоқ. Мен бү­гінде С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік уни­вер­си­те­тінің зоотехнология, генетика­ және­ селекция кафедрасында шә­кірт тәрбиелеудемін. Оқу жағ­дайына өте жақсы қолайлы жағ­дай­лар жасалған. Университет қабыр­ғасында жылқытанушылар аз­ емес. Менің докторантым Тілек­бол Шарапатов елордада док­то­­рантурада оқып жатыр. Тағы бір­ шәкіртім Әлия Тоқтасынова магистрлік атағын қорғайды. Әлия жылқының этологиясымен, яғни­ мінез-құлқын зерттеумен­ айна­лы­сып жүр. Жануардың жайы­лымда, суат басында өзін қалай­ ұстайтынын, ауа райы жағ­да­йында қандай қылық танытатынын­ жылқышы меңгеруі керек. Мәсе­лен, кейбір жылқышылар жыл­қыны су айдынына айдап әкел­ген­де қанша уақыт ол жерде кіді­руі керектігін біле бермейді. Ал жылқышылық мектебінен өткен­дер оны көп ұстамайды, жайылым уақытынан кешігетінін біліп отырады. Бұл – біле білгенге үлкен ғылым. Ата-бабамыз оның мектебін жақсы меңгерген. Осыны ғылыми тұрғыдан зерттеп, өзгелермен бөліскен абзал.

Жылқы бағу мектебінің әлсіреп бара жатқанын мойындамасқа шара­мыз жоқ. Бұған қоса жыл­қы­ шаруашылықтарындағы маман­дардың біліктілігін арт­ты­руға көңіл аудару, асыл тұ­қымды шаруашылықтарда есеп жүр­гізудің заманға сай әдіс-тәсіл­де­рін енгізу де қалып барады. Ертіс­тің Павлодар өңірінде жабы жыл­қы­сын өсірудің ерекшелігі туралы кітап­тар шығару қажет болар. Бұл ай­тылғандарды орнымен жасасақ, қазақ жылқысының генофондын сақтап қана қоймаймыз, аймақта өнімділігі жоғары жылқы өнім­дерінің өндірісін жолға қою­ға болады. Неге бізге тек қана­ жылқының еті мен сүтінен да­йын­ өнім шығаратын зауыт сал­мас­қа? Мемлекет пен бизнес ғы­лым­ның көмегін пайдаланып, осы­ жобаларды­ жүзеге асыруға жұмылса деген тілегім бар.

– Аға, мемлекет жылқы өсіру ісіне қаншалықты жәрдемдесіп отыр? Жылқы өсірушілерге субсидия беріле ме?

– Біз, қазақ жұрты, жылқының тұя­ғына қарыздармыз. Кезінде ата-бабамыз жылқының тұяғы ти­ген жердің барлығын көздің қара­шығындай сақтап қалды. Жаз жайлауын, қыс қыстауын астындағы аты­ жеткен жерге апарып салды. Жыл­қысыз қазақтың күні жоқ еді. Екін­шіден, осы дарқан даламызды­ большевиктердің көсе­мі­мен келісіп, тұтастығын бұз­бай сақтап қалған Алашорда қай­раткерлеріне қарыздармыз. Ендеше, жылқы – бүгінгі қазақтың жа­лауына, ал Алаш ұранымызға ай­на­луға тиіс.

Жылқы – біздің брендіміз. Суб­си­дия туралы сөз қозғала қалса, ұят­тан өртеніп кете жаздаймын. Үкі­мет­ қой мен сиырды айтпағанда, шош­қа шаруашылықтарына мил­лиардтап қаражат құяды да, жыл­қы­ға келгенде тақиясы тарылып қала­тынын түсіне алмаймын. Жыл­қы өсірушілерге бір ғана суб­сидия қарастырылған: егер асыл­ тұқымды айғырды сатып алсаң – бюджеттен 100 мың теңге беріледі. Ал сол асыл түлікті асырап, өсіріп шығарған мамандарға, шаруа қожалықтарына ештеңе тимейді. Мүлде демеу жоқ. Жылқы қысы-жазы далада оттап жүре береді деген не сөз? Түптеп келгенде, ол – бір жұттық. Оны өсірушілердің шығыны шаш-етектен. Мәселен, үйірге асыл тұқымды айғырды әкелудің жол шығыны, қысырақ салу, жылқыны сынау, бағалау деген бар. Текті айғыр өз үйірін қызғыштай қорғайды. Қысыр қалмасы үшін жазғытұрым әлгі жас биелерді бір орынға қамап, қысырақ салу ұйымдастырылады. Өзге үйірден айғыр әкелінеді. Ол біраз күнге созылады. Сол кезде үйірдегі жылқыны бір мезгілде, бір жерде ұстап тұру, оларға азық табу, күту, аз шығын емес. Ал жылқының қасиеттерін бағалау сыны да біраз қаражатты талап етеді. Себебі шаруа иесі жылқысының сапа­сын байқау үшін шеттен білікті маман­дар­ды шақырады. Мұны айтасың, қазір мықты жылқышы табу да қиын болып кетті. Олардың еңбекақысы кемі 200 мың теңгеден бас­талады. Осындай шығындарды есепке алсақ, субсидия міндетті түрде берілуі керек. Мысал үшін, Ақтөбе облысында жергілікті бюджеттен әр бие басына 40 мың теңге­ден субсидия төленеді екен. Осыны бізде неге енгізбеске? Қазіргі заманда қазақ жылқысы әлемге танымал емес. Өйткені ол генетикалық зерттеуден өтпеген. Енді ғалымдар сол жұмыспен айналыспақшы. Біздің кафедраның ғалымдары бұл үрдістен қалыс қалған жоқ.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, өңірде асыл тұқымды жылқы өсі­ру­мен 16 шаруашылық айна­лы­сады екен. Оларда 11 160 қазақ жа­бысы бар. Ал оның 5268-і ғана­ бие, яғни облыстағы жалпы қыл­құй­рықтылардың небәрі 4,34 пайы­зын ұрғашы түлік құрайды. Асыл­ тұқымды жылқының басын­ тұрақ­ты көбейту үшін бұл өте аз, олар­дың­ үлесі кемінде 7-10 пайыз­ бо­лу­ға­ тиіс. Ал өнімді жыл­қы­ өсіретін шаруа­шылықтарда құлын­дай­тын бие­лердің саны 60 пайыздан көп болуы керек.

Түптеп келгенде, жылқы ша­руа­­­шылығының кенжелеп қалуына та­би­ғи жайылымдардың азып бара жат­қаны, асыл тұқымды базаның жеті­м­сіздігі, жылқы еті сатылатын нарық­тың шектеулі болуы, жылқы еті­ мен қымыз өндірушілерді эко­но­микалық тұрғыдан қолдамау, білік­ті мамандардың тапшылығы себеп болып отыр.

– Әңгімеміздің соңында оқыр­ман­дар­ға айтар ақыл-кеңестеріңіз бар­ ма?­

– Мен ғалым ретінде қымыз бен жылқы етін күнделікті дастарқанда мол­ пайдалануға кеңес беремін. Зерт­теу көрсеткендей, жаңа сауыл­ған саумал мен қымыздың пайда­сы,­ химиялық құрамы бірдей. Сон­дық­тан саумалдың пайдасы қымыз­дан артық емес. Мәселе оның­ жеңіл сіңуінде. Сүтінде С, А, Е, Д, В дәрумендер тобы, РР дәру­мені өте көп кездеседі. Соны­мен катар микро-макро эле­менттері - Сa, Сu, Mn, Mg жет­кі­лікті. 1-1,5 литр қымызда С, А, В дәрумендер тобының адам ағза­сы­ тұтынатын тәуліктік нормасы­ бар. Сондықтан иммунитетті нығай­туда одан артық сусын жоқ.­ Құра­мындағы майлар, амин қыш­қыл­дары, ақуыздар, толып жатқан өзге­ де дәрумендер, әсіресе, жас­ балалардың толыққанды өсіп­жетілуіне жағдай жасайды. Сон­дық­тан балаға саумал-қымыз бері­ңіздер. Ал жылқының еті өт сұйық­тығын реттеп, семіруден, қант­ диабетінен, сары аурудан, ұйқы­ безі ауруынан, басқа да түрлі сыр­қаттардан сақтайды. Үй жануарлары ішінде жылқының еті тез қоры­тылады. Жылқы сүтінен косме­ти­калық өнімдер шығару, тері­сі мен жал-құйрығын, тұяғын өнді­рісте жарату да кәсіпкерлерге жақ­сы табыс көзі болар еді. Оны тірек-қимыл жүйесі бұзылған бала­ларды, несеп-зәр шығару жүйесінде сырқаты бар адамдарды емдеуге, яғни иппотерапияда кеңінен пайдаланған да дұрыс. Жылқының қадірін танып-білуде ата-бабамыздан жалғасқан дәстүріміз үзіліп қалған. Бүгінгі мақсатымыз – осы жылқытану мектебін ортамызға қайта оралту.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

 

ПАВЛОДАР