Өнер • 21 Наурыз, 2023

Киелі өнердің мұрагерлері

315 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары отандық сән әлемі ұлттық нақышта дамып келеді. Сән үйлері қазақы киім үлгілерінің түр-түрін заманға сай икемдеп, отбасы мүшелеріне арналған жаңа дизайнмен тәнті етуде.

Киелі өнердің мұрагерлері

Түрлі-түсті кеудешелер, шапандар, камзолдар жоғары сұранысқа ие болса, жасөспірімдерге арналған жейделерге Абайдың қара сөздерін, қанатты тіркестерді жазу трендке айналды. Астрономиялық сипаты бар үлгілер өзінің ерекшелігімен көз тартады десек, гүлді маталар, ою-өрнекті ашық түстерге де сұраныс артып келеді. Киім-кешекпен қатар тұрмыста қолданылатын ұлттық бұйымдар да халықтың күнделікті қажетіне жарап-ақ тұр. Дизайнерлер халықтың төл мәдениетінің дамуы, салт-дәстүрінің жандануымен байланысты бұл үрдісті ғасырлар бойы қалыптасқан атакәсіпті қолға алудың заманауи кезеңімен байланыстырса, сән әлеміндегі өзгерістерге қарап этнограф-ғалымдар күнделікті киім үлгілері театр­ланып кетті деген пікірді ұстанып отыр.

Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бергі аралықта зерлеу өнерін жандан­дырып, атакәсіпті еліміз ғана емес шетелдерде насихаттап жүрген Айжан Абдуайттың айтуынша, ұлттық сипат­­тағы дүниелердің заманға сай бейім­деліп, сұранысқа ие бола бастауы халқы­мыздың тарихы мен мәдениетіне, төл тамырына оралуын көрсетеді.

– Кеңестік заманда бас киім, тұр­мыс­тық бұйымдарды алтынмен зерлеу өткеннің қалдығы, байлардың сарқын­шағы деп қабылданды. Кезінде зерлеп тіккен киімдерді хан әулеті, сұлтандар киген. Сұраныстың жоқтығынан зерлеп тігу өнері XIX ғасырдың басынан бергі аралықта қолданыстан шығып қалды. Ал қазақ даласына бұл өнер қайдан келді деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, зерлеп тігетін шеберлер барлық халықта болған әрі олар осы сирек кәсіпті бір-бірінен үйренген деуге негіз бар. Алтын зерлі бұйымдарда еуропалық та, орыс халқына да тән өрнектерді кездестіруге болады. Мысалы, XX ғасырға тән кілемдерде раушан гүлі кездеседі. Шығыстан бас­тау алатын бұл өнер кейіннен Еуропаға, Батыс­қа қарай жылжыды. Ал жақын көр­ші­лік қатынастарға байланысты орыс, башқұрт халқының зерлеу ісі қа­зақ зерлеушілеріне әсер еткенін де жоқ­қа шығара алмаймыз, – дейді Айжан Абдуайт.

Бүгінге жеткен қолөнердің үлгілері қазақ даласында темір, ағаш өңдеумен қатар киіз басу, өрнек өру, кесте тігу, тағы да басқа қолөнер түрлерінің қарқынды дамығанын көрсетеді. Дала халықтары тұрмысын, философиясын қолданбалы өнері арқылы бейнелеп отырған. Бүгінде халқымыздың сәндік-қолданбалы өнерінің көне үлгілері жаңа тыныс алып, заманауи қоғамның трендіне айналып отыр. Ал тамыры тереңге кететін зерлеу ісі салтанат әрі бас киімдер, тұрмыстық заттарды әшекейлеу ісінде кең қолданыс тапты.

– Осынау бай технологияны заман талабына сай икемдеу, оның ғылыми мазмұнына мән беру, жасалу әдісін кәсіби тұрғыда игеру уақыт талабынан туындап отыр. Атадан балаға мирас болған өнерді баптау, металл өңдеу, тері илеу, тігіншілік сияқты қолданбалы өнерге құрметпен қарау әрі элиталық өнер түрі саналатын зерлеу техникасын жастар арасында насихаттау осы өнер түрлерінің жандануына ғана емес, дала халықтарының бүгінгі өркениет кеңістігінде сұранысқа ие сапасы жоғары бұйымдар дайындау ісіне даңғыл жол ашады, – дейді ол.

Дала ісмерлерінің атакәсібін жандандыру ісіне жанашыр болып жүрген Қазақстан қолөнершілер одағының төр­ағасы Айжан Бекқұлованың айтуын­ша, халқымыздың қолданбалы қолөнерін дамыту технологиясы кенже қалып келеді.

– Мал шаруашылығын тұрмысының мәніне әрі сәніне айналдыра білген көшпелілер мол мұра қалдыра отырып, қолданбалы өнердің өркениетті үлгілерін мирас етті. Кезінде қазақ халқы мал шаруашылығымен айналыса отырып, оны бағып, баптау­мен қатар өндірістік сипатына басымдық берді. Малдың жүні мен терісі күнделікті тұрмыстық кәдеге асты. Табиғи жүн­нен тоқылған алаша, сырмақ дала ісмерле­рінің атакәсібіне айналды. Олар тұрмыс жабдықтарын жасағанда экологиялық, гигиеналық талаптарына, сапасына аса мән берді. Мысалы, табиғи кілем, текеметтер шаршағанды басатын болса, теріден жасалған ыдыстарда қымыз-шұбаттың табиғи дәмін сақтайтыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген, – дейді А.Бекқұлова.

Шебердің айтуынша, кезінде қол­өнер орталығы ретінде қарқынды дамы­ған өңірлер бүгінде ұлттық дәстүрден алшақтап кеткен. Мысалы, киіз басумен ерекшеленген Шымкент, Қызылорда өңірі, киіз үйлердің жабдықтарын, алаша мен басқұр жасауға бейімделген Маңғыстауда бұл кәсіпті қайта жандан­дырудың маңызы жоғары. Текеметтері мен сырмақтары ұмыт болып бара жатқан Атыраудың ерекшеліктеріне назар аудара отырып, өрнек салу, тұс­киіз басу өнеріне мән беру керек. Зер­гер­лік өнерімен ерекшеленетін Батыс Қазақстанда да осы өлкеге тән әдістер­ді жандандыру қажет. Бүгінде әлем музейлерінде тұрған көшпелілер өрке­ние­тінің жәдігерлерін қайта сипаттау, ғылыми айналымға енгізу ісі де уақыт күттірмейді.

Қолданбалы декоративті өнер туындыларын насихаттап, дамыта отырып, атакәсіп арқылы шеберлердің халық­аралық нарыққа шығу бағытында бүгін­де бірқатар жоба қолға алынған. Қол­өнер­шілерді қолдау жұмыстары аясында зергерлік, ағаш өңдеу, кілем тоқу, кесте тігуге қатысты тренингтер, артмаркетинг сағат­тары өткізіліп келеді. Осы орайда Айжан Бекқұлова ата-баба кәсібін меңгеру ісін балабақшадан бастап қолға ала отырып, мектептерде, техникалық оқу орындарында арнайы инкубаторлар жа­сау ісін жандандыру қажеттігін алға тартты.

– Бүгінде атадан балаға мирас болған киелі өнердің мұрагерлері өз туындыларын табыс көзіне айналдырудың жолын іздеумен келеді. Ұлттық тұрмыстық бұйым­дар көненің көзіндей музейлер мен қазақы шаңырақтың сәні ретінде көздің жауын алғанымен, заманауи нарықта бәсекеге қабілетті емес. Ұлт мұрасын көшпелілер өркениетінің жетістігі әрі табыс көзі ретінде нарыққа шығара алмай отырудың себептерін өңірлердегі шеберлер статистиканың дұрыс жолға қойылмауымен байланыстырады. «Қол­өнерші» мамандығын заңмен бекітіп, мемлекет көңіл бөлмейінше, сала дамы­майды. Бұл бағытта салада озық кеткен елдер тәжірибесіне назар аудара отырып, шеберлерді заңмен қорғау, жәр­меңкелерге қатыстыру, салық жеңіл­діктеріне мән беру маңызды, – дейді ол.

 

АЛМАТЫ