Мерекелік шара барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Жастар асық атып, арқан тартты. Арыс қаласының тұрғыны Азамат Мақұлбеков 55 кило қошқарды 303 рет көтеріп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Бірінші орынды иеленген оған өзі көтерген қошқар сыйға берілді. Сондай-ақ эстрада жұлдыздары әсем әндер орындап, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Ал облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен «Нұр – Наурыз, Наурыз – думан» мерекелік шарасында қызды оң жаққа шығару дәстүрінен көрініс қойылып, үлкендер бата берді. Кітапханашылар қонақтарға Наурыздың дәстүрлі тағамы – наурыз көже ұсынып, мерекелік дастархан жайды. Наурызға орайластырылып өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етер іс-шаралар да өткізілді. Мысалы, Түркістанда «KazAgro/KazFood Turkistan 2023» I халықаралық сауда көрмесі ұйымдастырылып, «AgroForum Turkistan 2023» халықаралық форумы өтті. Облыс әкімі форумға арнайы келген Қырғыз Республикасының делегациясымен кездесіп, Наурыз мерекесімен құттықтады. Бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына жұмыс сапарында бірқатар құжатқа қол қойғаны белгілі. Соның ішінде Түркістан облысының әкімдігі мен Ош облысы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасалған болатын. Түркістандағы халықаралық форумда осы екі облыс арасындағы байланыстарды нығайту іс-шаралары бойынша жол картасына қол қойылды. Енді нақты іске кірісу керек. Ауыл шаруашылығы, өндірісті дамыту және өзге де салалар бойынша бірлесе жұмыс атқаруға мүмкіндік бар. Іргедегі бауырлас әрі көрші елмен әріптестік орнату екі жаққа да тиімді, – деді Дархан Сатыбалды.
Ал Қырғыз Президентінің Ош облысындағы уәкілетті өкілінің бірінші орынбасары Данияр Жанықұлов бауырлас елдердің тілегі бір екенін жеткізді. «Түркістан қаласы айрықша жаңарып, қатты өзгергенін көріп қуандым. Ең жақын мемлекетпіз. Сондықтан сіздермен әріптестік орнату маңызды. Ош облысында туризм, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, бал шаруашылығы жақсы дамыған. Қытаймен шекаралас аймақ логистикалық орталық ретінде де тиімді байланыс орната алады», деді Д.Жанықұлов.
Агрофорумда Түркістан облысы әкімдігі мен отандық және шетелдік инвесторлармен агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 257 млрд теңге болатын 10 келісімге қол қойылды.
ТҮРКІСТАН