Елорда • 22 Наурыз, 2023

Елордада Наурыз көже дайындаудың рекордтық межесі қойылды

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана тұрғындары 2 мың 140 литр наурызкөже әзірлеп, қазақстандық рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада Наурыз көже дайындаудың рекордтық межесі қойылды

Наурыз мейрамы Байқоңыр ауданында үздік дәстүрлермен атап өтіледі.

Мейрамның көптен күткен сәттерінің бірі – наурызкөженің ең көп көлемін дайындау бойынша рекордты тіркеу болды. Дәмді асты дайындау үшін аспазшыларға тура бір күн уақыт және жүздеген килограмм бидай, күріш және ет қажет болды. Наурызкөже Ататүрік саябағына келген жұртшылыққа тегін таратылды.

«2 мың 140 литр наурызкөже – абсолютті рекорд. Бұрын бұл асты дайындау көрсеткіші түркістандықтарға тиесілі болған. Екі жыл бұрын олар 2 мың литр наурызкөже дайындаған болатын. Бүгін ол рекорд ресми түрде жаңартылды», деді Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.

Аспазшы Гүлнар Жұмабекова наурызкөже көлемі 60-тан 150 литрге дейінгі 10 қазанда дайындалғанын атап өтті. Содан кейін олар әрқайсысы 95 литрлік 20 ыдысқа құйылды.

«Мерекенің басты тағамын мүмкіндігінше көп адамға ішкізуге тырысамыз. Біздің үш аспаз оны бір күн бойы қайнатты. Наурызкөженің құрамында құрт, қазы, жылқы еті, тары, бидай және күріш бар. Мұндай идея астаналықтарды қуантып, барлығына көктемгі көңіл-күй сыйлағымыз келгендіктен пайда болды. Біз үшін бұл тарихи сәт. Наурыз мейрамын жақсы көреміз», деді ол.

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев қатысып, астаналықтарға амандық, денсаулық, бейбітшілік пен келісім және жаңа жылда бар жақсылықты тіледі.