Білім • 23 Наурыз, 2023

ЕҰУ әлемдік рейтингте едәуір ілгеріледі

311 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті QS әлемнің үздік жоғары оқу орындарының пәндік рейтингінде серпіліс жасады. ЕҰУ-дың бірден 3 пәні халықаралық рейтингтің алғашқы жүздігіне кірді. Бұл Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында ең үздік көрсеткіш болып табылады. Рейтингке барлығы 161 елден 1595 университет қатысты. Әлемдегі жоғару оқу орындарында оқытылатын пәндердің сапасын Ұлыбританияның Quacquarelli Symonds агенттігі бағалады, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕҰУ әлемдік рейтингте едәуір ілгеріледі

2023 жылғы 22 наурызда  QS World University Rankings by Subjects 2023 пәндік рейтингінің нәтижелері жарияланды. Еуразия ұлттық университеті өз позицияларын сенімді түрде нығайтумен қатар рейтингтегі өкілдігін өткен жылғы 11 пәннен биыл 17-ге дейін кеңейтті. Еліміздің жетекші университеті 14 пәндік және 3 салалық рейтингте ұсынылған.

ЕҰУ рейтингтің топ-100 тізіміне енген қазақстандық жоғары оқу орындары арасында рекордтық жетістіктерін көрсетті. ЕҰУ-дың 3 пәні алғашқы жүздікке кірді: «Қазіргі заманғы тілдер» 88-орын, «Лингвистика» 94-орын және университет «Қонақжайлылық және демалысты басқару» пәні бойынша өткен жылғы 51-100 аралығында позициясын сақтап қалды. Жоғары нәтижелерге бір басылымға дәйексөздер саны мен жұмыс берушілер арасындағы беделдің көрсеткіштерінің жоғарылауы арқасында қол жеткізілді.

ЕҰУ «Өнер және Дизайн» (150 орын), «Ағылшын тілі мен әдебиет» (топ 101-150), «Философия» (топ 151-200), «Құқықтану және құқық»  (топ 151-200) және «Саясат және халықаралық зерттеулер» (топ 151-200) пәндері бойынша әлемдік рейтингтің топ-200 сатысына кірді.

Рейтингке барлығы 161 елден 1595 университет, оның ішінде 8 қазақстандық жоғары оқу орны қатысты. ЕҰУ «Қонақжайлылық және демалысты басқару», «Өнер және Дизайн», «Тарих», «Лингвистика», «Бизнес және Менеджмент», «Құқықтану», «Саясат және халықаралық зерттеулер»  пәндері бойынша Қазақстанда бірінші орын алады.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ көптеген көрсеткіштер бойынша ондаған сатыларға жоғары  көтеріліп, өткен жылғы нәтижелерді жақсартты: «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» пәні бойынша 257-ден 150 орынға, «Әлеуметтік ғылымдар және Менеджмент» 323-тен 256 сатыға, «Экономика және Эконометрика» топ-400-ден топ-350-ге,  «Бизнес және Менеджмент» 550 тобынан 450 тобына көтерілді.

Университет биыл QS рейтингінде  «Инженерия және технологиялар»  саласында, «Қазіргі заманғы тілдер», «Ағылшін тілі және әдебиет», «Философия», «Археология» және «Компьютерлік ғылымдар мен ақпараттық жүйелер» пәндері бойынша алғаш рет ұсынылып отыр.

Пәндік рейтингті өткізу барысында университеттің академиялық сарапшылар мен жұмыс берушілер арасындағы беделі, ғалымдардың ғылыми зерттеулерінен дәйексөз алу, жарияланымдардың Хирш индексі және халықаралық зерттеу желісінің индексі бағаланады.

Айта кету керек, ЕҰУ 2017 жылдан бері QS пәндік рейтингінде бар.