02 Маусым, 2010

ҮЙРЕНЕРГЕ ҮЛГІ ЕТЕРЛІК ІС КӨП

490 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың наурыз айында елордада Финляндияның Қазақстандағы күні аясында екі елдің 250-ден астам кәсіпкер­лері­нің, ұлттық компаниялар мен мем­лекеттік органдар жетекші­лері­нің қатысуымен бизнес-форум өт­кен еді. Сонда Суоми елі кәсіп­кер­лерінің атынан сөз сөйлеген Сыртқы сауда және даму министрі Пааво Вяюрюнен Қазақстанның дағдарысқа қарсы шараларын, “Еуро­па­ға жол” және экономи­ка­лық бағдарла­ма­лар­ды қолдайты­нын, Кеден ода­ғын­дағы қызметіне қызығушылық таныта­ты­нын мәлімдеген бола­тын. Міне, соған орай Суоми еліне достық, өзара ын­тымақтастық аясында сапармен келген еліміздің Парламенті Мә­жілісінің Төрағасы Орал Мұхамед­жанов алдымен Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі Пааво Вяюрюнен­мен кездесті. Өзара әңгіме барысында екі елдің арасында орнаған ынтымақ­тас­тық одан әрі нығая түсетіндігі, Қазақстан Финляндияның қашан­да өте маңызды сауда әріптесі болып қала беретіндігі айтылды. Финлян­дия үшін Қазақстан Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен дамудың үлгісі және сенімді әріптес ретінде танылған. Осы орайда О.Мұхамеджанов кез­десуде қазақстандық делега­ция­ның тікелей Президент тапсыр­ма­сымен жүргенін және ғылымды, инновацияны, білім беру жүйесін тиімді басқару тәжірибесін тереңі­рек зерттеуге мән берілетінін жет­кізді. Одан әрі ол Филяндияның көп­теген алдыңғы қатарлы меке­мелерінің жұмысымен танысқанын айтты. Ал Пааво Вяюрюнен қазақ­стандық делегация аз күн ішінде біраз маңызды мәселелерді қарап, зерделеп шыққанына ризашылық білдірді. Өзара түсіністік пен келісімнің, достық пен ынтымақтастықтың жалғасындай реңк алған шара Мәжіліс Төрағасының Финляндия Премьер-министрі Матти Танели Ванханенмен кездесуінде одан әрі өрбіді. Матти Ванханен Премьер-министрлікке тағайындалғанға дейін көптеген ірі лауазымдық қызметте болған. Соның ішінде ол аймақтық “Kehasanomat” газетінде журналист қызметін атқарған. Кейін сол газеттің бас редакторы да болған көрінеді. Жалпы, екі жақты сауда барысы соңғы жылдары айтарлық­тай қарқын алып келеді. Қазақ­стан­ның Статистика агенттігі мәлімет­теріне қарағанда, Қазақстан мен Финляндия арасындағы екі жақты сауда көлемі 2009 жылы 760,9 млн. АҚШ долларын құраған. Мұның ішінде экспорт 451,2 млн., импорт 309,7 млн. АҚШ доллары болған. 2008 жылы 1,1 млрд. АҚШ доллары болса, 2007 жылы бұл көрсеткіш 732,4 млн. АҚШ долларын көрсет­кен. Кездесуде Қазақстан мен Фин­ляндияның арасындағы ынтымақ­тастық байланыс, тәжірибе алмасу және өзара іскерлік қарым-қатынас орнату мәселесі одан жалғасын таба беретіні айтылды. Әсіресе, бұл мә­селе таяуда Финляндия Прези­дентінің Қазақстанға жасайтын сапарына байланысты одан әрі екпін алатындығы сенімділік туғызатыны атап көрсетілді. Қазақстанда Мемлекет басшы­сы­ның бастауымен “Болашақ” бағдарламасы іске асырылып, сапасы мен деңгейі жағынан әлем оқу орындарынан кем түспейтін түрлі салалы университеттердің ашылып, қазіргі күні тиімді жұмыс істеп жатқаны белгілі. Бұл еліміздегі қол жеткен жалпы білім сапасы мен өзіндік мамандарымызды дайындау­дағы жетістіктеріміз болып табы­ла­ды. Осы орайда фин білім беру жүйе­сі де әлемдік алдыңғы қатардан ойып тұрып орын алатындығы Білім министрі Хенной Виркуненмен қазақстандық делегация кездескенде айтылды. Өйткені, фин білім беру жүйесін дамыту арқасында ғана Финляндия жоғары технологияға қол жеткізді. Сондықтан оны бола­шақта Еуропалық Одақта еу­ро­па­лық білім беру және зерттеу жүйесінің негізіне айналдырмақ көрінеді. 2000 жылдан бастап фин оқушылары елу елдің арасында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы­ның үш жыл сайын жүргізетін PІSA халықаралық бағдарламасының зерт­теуі бойынша жалпы білім алуда ең жоғары көрсеткіштерге ие болған. Бұл аталған PІSA тестілеуі 15 жастағы жасөспірімдер арасында жүргізілетін болғандықтан, ол мек­тептің білім беру тиімділігіне тікелей әсер етеді дейді. Мұнда мектеп инспекторлары немесе оқу ісінің меңгерушісі деген болмайды. Білім алу мектептің бірінші сыныбынан бастап жоғары оқу жүйесіне дейін тегін жүргізіледі. Ал негізінен бала білімі мен тәрбиесіне аса мән беру балабақшадан басталатындай жақсы жағдай жасалған. Мемлекеттік балабақшалар тегін, онда балдырған финдіктер қоғам мен қоршаған орта туралы алғашқы түсініктерін толыққанды алып шығады. Негізгі тоғызжылдық мектепте оқу Финляндияда тұрақты тұратын балалар үшін міндетті болып табылады. Мұны бітірген оқушылар емтихан тапсырмастан бірден гимназияға немесе кәсіптік-техникалық училищеге түседі. Оқушылардың білім деңгейі мен тәртібіне басты мән беріледі. Александр ТАСБОЛАТОВ,Егемен Қазақстан” Хельсинкиден.