Жиын барысында пән мұғалімдері көпшілікке «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша жасаған әдістемелерін таныстырып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ал шеберлігі толысқан білікті ұстаздар жас мамандарға арнап панорамалық сабақ көрсетті.
Семинар Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шараға ұласып, мектеп ауласында бой көтерген этноауылда ұлттық ойындар, театрландырылған көріністер қойылды. Мұндағы ақ шаңқан киіз үйдің жанында өнерпаз оқушылар мен ұстаздар ән-күйден шашу шашып, мереке қонақтары ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Жаңа күннің жаршысы – Қыдыр ата көпшлікті құттықтап, ақ батасын берді.
– Мерекелік шара барысында семинарға қатысқан ұстаздар мен жас мамандарға алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етілді. Оқушылар арасындағы білім сайыстары да мазмұнды өтті. Шәкірттер өздері таңдаған ақын-жазушының шығармашылығы жөнінде әңгіме айтудан жарысты. Сондай-ақ Ыбырай, Абай, Ахмет аталарымыздың өлеңдерін мәнерлеп оқу бойынша сайысқа түсті. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары да көрініс тауып жатты. Мысалы, маған оқушылар сахналаған қазақтың балаға ат қою рәсімі ұнады, – дейді қалалық білім бөлімінің маманы Жанар Жұмағұлова.
Қостанай облысы