Халық • 26 Наурыз, 2023

Шақалақтар шапан киіп шықты

384 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күніне орай Аягөз ауданында дүниеге келген нәрестелер перзентханадан ұлттық киіммен шығарылды. Бұл игі дәстүрді аурухана басшылығы Наурыз мерекесіне орай жыл сайын ұйымдастырады.

Шақалақтар шапан киіп шықты

Әдеттегідей әз Наурызға Ая­гөз аудандық ауруханасы ерекше дайындалады. Әр бө­лімде наурыз көже сапырылып, ақ дастарқан жайылады. Медицина қызметкерлері бір-біріне құтты болсын айтысып, ақжарма тілектерін арнайды. Күй күмбірлейді, ән шырқалады. Биыл бәрінен бұ­рын көпшіліктің назары ұлттық киім кигізіліп, перзентханадан шығарылған нәрестелерге ауды.

– Ауруханамыздың перзентаханасында қазақи ою-өр­нектермен, шаңырақпен бе­зен­дірілген босану бөлмесі ашыл­­ды. Төл мерекемізге жылда аса жауапкершілікпен, жоғары кө­ңіл күймен дайындаламыз. Ауру­хананың әр бөлімі Наурыз мерекесінде бар өнерін ор­таға салады. Соның ішінде көп­шіліктің көзіне түскен перзентхана бөлімі еді. Нәрестелерге ұлттық киім кигізіп, үйлеріне шығарып салып жатқаны көзге қандай жылы көрінеді?! Жыл басы әр отбасына осындай қуаныш сыйласын! – дейді аурухананың бас дәрігері Шалқар Омаров.

Айта кетсек, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында перзентханадан ұлттық киіммен 11 бала шы­ғарылды. Олардың алтауы қыз, бесеуі ұл. Сонымен қатар айдың ба­сында туған егіздер де оюлы киім киіп, үй­леріне шығарылды. Оларға осы уақытқа дейін қажетті неонатологиялық көмектер көр­сетілді. Дәрігерлердің айтуынша, туған кезде егіздердің салмағы 1 200, 1 300 грамм ғана болған екен. Қазір барлығы қалыпты деседі.

Сондай-ақ Аягөз перзент­­ханасынан төртінші рет ана атанған Тарбағатай ауданы Ақ­жар ауылының тұр­ғы­ны Ақмарал Закария да нә­рес­те­сімен салтанатты түр­де шы­­­ғарылды. Оның ай­туын­ша, күтпеген тосын­сый жа­саған аурухана қызмет­кер­ле­рінің идеясы өте креа­тивті. «Перзентханадан шы­ғуға дайындалып жатқа­ны­мыз­да нәрестеге ұлттық киім сыйға тартты. Өте қуаныш­ты­мыз. Наурыз әр шаңы­рақ­­қа жақ­сылық әкелсін. Н­әрес­­теле­ріміздің ғұмыры ұзақ бол­сын!» дейді Ақмарал.

Иә, Аягөздің перзентхана­сындағы жылы көрініске көпшіліктің таңдай қаға қара­ғаны рас. Ұлыстың ұлы күні туған нәрестелер ұлт үшін ең­бек қылатын азамат болып өссін дейміз.

 

Абай облысы,

Аягөз ауданы