Қоғам • 26 Наурыз, 2023

Көпбалалы анаға құрмет

197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Мемлекеттік құпияларды қорғау қызметінің мамандары күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Көпбалалы анаға құрмет

Ұлттық қорғаныс университеті Мемлекеттік құпияларды қорғау кафедрасының меңгерушісі, бұрын осы салада ұзақ жыл департамент басшысы болған полковник Қайнарбек Қожахметов аталған қызметтің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып келеді. Кәсіби мереке құрметіне Қайнарбек Балтабайұлы «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапатталды. Ал оның анасына, «Алтын алқа» және «Елеулі еңбегі үшін» медалінің иегері Қызылкүл Қожахметоваға Қорғаныс министрінің Алғысхаты табысталды. Көпбалалы ана бүгінде алты ұл, төрт қызды тәрбиелеп өсіріп, 41 немере және 51 шөбере сүйіп отыр.

– Отан қорғаушы болып, абыройлы мамандықты таңдаған балаларымды қолдаймын. Балалық шағым соғыс кезімен тұспа-тұс келді, әкелеріміз бен аталарымыз соғыстың қатал сынағынан өтті. Олар табандылық пен батылдықтың арқасында жеңіске жетті. Менің бақытым – балаларым. Олардың бабаларының жауынгерлік дәстүрін құрметтейтінін мақтан етемін, – деп атап өтті батыр ана.

Қызылкүл Қожахметованың бес баласы мен он бір немересі қазір Қарулы Күштер қатарында қызмет етіп жүргенін айта кеткен жөн. Олардың қатарында мемлекеттік құпияларды қорғау мамандары, әскери дәрігерлер, полицейлер мен байланысшылар бар.