02 Маусым, 2010

ИНДУСТРИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ ҚАЛАЙ?

539 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫНДА ОСЫ МӘСЕЛЕГЕ МӘН БЕРІЛДІ Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы болып өтті. Ол өңір басшыларымен интерактивті байланыс арқылы селекторлық кеңес түрінде жүргізілді. Отырыстың басында Үкімет бас­шысы үстіміздегі жылдың 28 мамы­рында Санкт-Петербург қа­ла­сында болып өткен Кеден ода­ғы­ның жоғарғы органы  отырысының қорытындылары бойынша мәлім­де­ме жасады. Онда Премьер-Ми­нистр соңғы екі апта бойы ат­қа­рылған қауырт жұмыстың бары­сын­да Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасын­дағы барлық келіспеушіліктер бой­ынша іс жүзінде тиісті келісімдер мен шешімдерге қол жеткізіл­ген­дігін атап көрсетті. Мұнан кейін Үкімет отырысы күн тәртібіндегі мәселелерді қарау­ға көшті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Ин­дустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау үстіміздегі жылы елімізде ин­дустиялық-инновациялық бағытта 144 жобаның жүзеге асатындығын, оның 74-і үстіміздегі жылдың бірін­ші жартыжылдығында іске қосы­ла­тындығын айтты. Жалпы, индус­триялық жобалар бойынша жыл ішінде 8,32 миллиард теңге игерілуі керек. Бұл 20 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бірінші жартыжылдықта іске қосылатын жобаларды игеруде Пав­лодар, Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары алда келеді. Ал екінші жартыжылдықта іске қосылатын жобалар бойынша Батыс Қазақстан, Павлодар, Шы­ғыс Қазақстан облыстарында жұ­мыс жақсы жолға қойылған. Мәсе­лен, Шығыс Қазақстан облысында екінші жарты жылдықта іске қосылатын жобалардың игерілу деңгейі қазірдің өзінде 79 пайызды құрап отыр. Отырыста негізінен бірінші жартыжылдықта іске қосылатын жобаларға көбірек мән берілді. Бұлай болатын себебі түсінікті де. Өйткені, алдымызда оның соңғы айы ғана қалып отыр. Аталған мәселелер бойынша Көлік және коммуникация ми­нистрі Әбілғазы Құсайынов, Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, Ауыл шаруашылығы министрі Ақыл­бек Күрішбаев, Төтенше жағ­дайлар министрі Владимир Божко, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат Келімбетов, “КазАгро” холдингінің басшысы Асылжан Мамытбеков сөз алып, өздері басқаратын мем­ле­кеттік құрылымдардың қадаға­лауына тапсырылған ірі жоба­лар­дың жүзеге асу жайын ортаға сал­ды. Жалпы, бірінші жартыжылдық­та іске қосылатын жобалардың орындалу жағдайы жаман емес. Тек бір-екі жоба бойынша проблемалар бар екен. Соның бірі Қостанайдағы ұн комбинатының құрылысы құрал-жабдықтар жеткізу ісінің ке­шеуілдеуінен екінші жартыжыл­дық­қа сырғитындығы белгілі бол­ды. Бірақ оның есесіне іске қосы­луы екінші жартыжылдыққа жос­пар­ланған Батыс Қазақстан облы­сындағы мал бордақылау кешенінің құрылысы бірінші жартыжылдықта аяқталмақ. Сөйтіп, іске қосылатын жобалар саны кемімейтіндігі, ке­рі­сінше, арта түсуі мүмкін екендігі айтылды. Отырыста интерактивті байла­ныс арқылы барлық облыс бас­шы­лары сөз алып, іске қосылатын жобалар жайын баяндады. Олардың барлығында дерлік іс барысы кө­ңіл­дегідей деуге болады.  Мәселен, Алматы облысында үстіміздегі жыл­ға сегіз жоба жоспарланса, оның алтауы бірінші жырты­жыл­дықта пайдалануға берілмек. Оның үстіне бұл облыста су бөгенінің бұ­зылуына байланысты зардап шек­кен ауылдарда құрылыс жұмыс­тары­ның өте қарқынды жүріп жат­қандығы белгілі болды. Құрылыс жұмыстары 19 наурызда басталға­ны­мен қазірдің өзінде жүзден астам үй салынып үлгерілген. Енді таяу­дағы уақыттың ішінде екі жүз үй пайдалануға берілмек. Онымен қоса бұл ауылдарға электр желілері тартылып, жолдарға қара төсеніш төселуде. Бұрын болмаған жаңа балабақшамен де қамтылатын бо­ла­ды. Облыс халқы әр зардап шеккен отбасына 10 қойдан бөліп бермек. Міне, осындай жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында да жүргізілуде. Аталған мәселені қорытын­ды­лаған Үкімет басшысы Кәрім Мә­сімов индустриялық-инновациялық жобалар бойынша жұмыстардың орындалуы жаман емес екендігін атап көрсете келе кейбір   байқал­ған жекелеген мәселелердің жедел шешілуін өзінің орынбасары Әсет Исекешевке тапсырды. Сонымен қатар,  14 маусымда “Жол картасы” ту­ралы мәселе қаралатынын еске салды. Сонымен қатар осы отырыста өңірлік даму мәселелері де тал­қы­ланды. Бұл жайындағы баяндаманы да Индустрия және жаңа техно­логиялар министрінің орынбасары Альберт Рау жасады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.