29 Маусым, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты. Бразилия ширек финалға шықты

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

28-06-14-brazil-chile-1

АСТАНА. Маусымның 28-нен 29-на қараған түні әлем чемпионатында Бразилия – Чили құрамалары арасындағы матчпен 1/8 финалдық ойындар басталды. Кездесудің негізгі және қосымша уақыты 1:1 есебімен аяқталып, ойыннан кейінгі пенальтиде бразилиялықтар 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. 28 маусым. Белу-Оризонти. «Минейран» стадионы. Төреші - Ховард Уэбб (Англия). Бразилия - Чили - 1:1 (1:1, 1:1). Бразилия: Жулио Сезар, Дани Алвес, Тьяго Силва, Давид Луис, Марсело, Луис Густаво,   Фернандиньо (Рамирес, 72), Оскар (Виллиан, 106, Фред (Жо, 64), Неймар, Халк. Чили: Клаудио Браво, Эухенио Мена, Маурисио Исла, Гари Медель (Хосе Рохас, 110), Гонсало Хара,  Чарльз Арангис, Франсиско Сильва, Артуро Видаль (Маурисьо Пинилья, 87), Марсело Диас, Эдуардо Варгас (Фелипе Гутьеррес, 57), Алексис Санчес. Голдар: Давид Луис (18), Алексис Санчес (32). Пенальти соққандар: Давид Луис, Марсело, Чарльз Арангис, Диас, Неймар, Пенальти соға алмағандар: Пинилья (қақпашы), Виллиан (жанынан), Алексис Санчес (қақпашы), Халк (қақпашы), Хара (баған). Ескертулер: Халк (56), Жо (94) – Эухенио Мена (17), Франсиско Сильва (38), Луис Густаво (59). Матч Чили құрамасының шабуылынан өріс алды. Олар бірінші болып айып добын ұру құрметіне де жетті. Бірақ одан кейін бразилиялықтар біртіндеп тізгінді қолға ала бастады. Бұл жорықты қақпашы Жулио Сезар ұйымдастырды. Оның бүкіл алаң үстімен ұшып келген добын алуға ұмтылған Фред офсайдқа түсіп қалды. Осылайша пентакампеондар қарсы жаққа қысымды күшейте түсті. Бірінші таймның бірінші ширегінен аса олар чилиліктер алаңынан шықпауға айналды. Бұл көп ұзамай, 18-минутта өзінің нәтижесін берді. Алдымен Халк ұрған айып добын Клаудио Браво аутқа асырды. Осыдан кейін сол жақ жалауша тұсынан Неймар бұрыштама добын берді. Ол қақпашы алаңына ұшып жеткенде, Тьяго Сильва баспен ұрды. Сол доп ортаға ұшып жеткенде, Давид Луис қақпаға солқ еткізді. Гол! Чили құрамасы да қарап қалмады. Қақпаларына доп жіберіп алғаннан кейін олар жорыққа шықты. Осыдан кейін алма-кезек шабуылға ерік берілді. Оның ауанында есеп теңесті. Бұл 31-минутта орын алды. Ол Эдуардо Варгастың үш бірдей бразилиялықты артта қалдырып, қапталмен алға зымырап шағуынан бастау алды. Ол допты  қақпашы алаңына әуелетіп жеткізгенде, оны Алексис Санчес қабылдап алып, 10 метр жерден қақпаға жерлетіп атты – 1:1! Осыдан кейін екі жақтың толассыз тартысы үдеді. Бірақ Бразилия футболшыларының басымдылығы білініп тұрды. Сол жойқын шапқыншылық барысында, 56-минутта олар қарсы қақпаға тағы бір доп түсірді. Алайда, алаңдағы төреші Ховард Уэбб оны тәнге алмағаны былай тұрсын, сол голдың авторы болған Халктың өзіне «сары қағаз» көрсетті. Петербургтік шабуылшы допты кеудесімен қабылдап алған еді. Сол кезде қолы денесіне жабысып тұрған. Допты алғасын ол оны қатты ұрып, тордан бір-ақ шығарды. Арбитр бұл сәтте оның қолы допқа тиді деп есептеген сияқты. Өте күмәнді шешім қабылдаған ол осылай бір голды жоқ етті. Ал 65-минутта бразилиялықтарды зордың күші ғана голдан құтқарып қалды. 74-минутта олардың өздері гол соғып кете жаздады. 82-минутта тағы осындай жағдай қайталанды. 84-минутта Халк тағы да гол соғудың мүмкіндігін алды. Оның ұрған добын Браво керемет қайтарды. Осылай ойынның негізгі уақыты тең аяқталды. Қарсыластар қосымша уақытта да кімнің мықты екенін анықтай алмады. Оның соңы пенальтиге алып барды. Пенальтидің қорытындысымен келесі кезеңге шыққан Бразилия енді Колумбия – Уругвай         құрамаларының жеңімпазымен кездеседі. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: Sportbox.ru.