Білім • 27 Наурыз, 2023

Астанада «Шәкәрім оқулары» республикалық байқауы өтті

792 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлы ғұлама, ойшыл, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай Астанда «Шәкәрім оқулары» республикалық байқауы өтті. Еліміздің барлық аумағын қамтыған рухани іс-шараны Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырды. Екі мыңнан астам баланының үміт отын жаққан байқауға «Адал-ас» компаниясы демеушілік еткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада «Шәкәрім оқулары» республикалық байқауы өтті

Әуелі 17 облыс пен 3 мегаполистегі орталық кітапханалардың аясында басталған «Шәкәрім оқуларына» 5-7 сынып оқушылары арасынан 2000 бала қатысуға ниет білдірген. Аймақтардағы іріктеуден сүрінбей өткен 22 оқушы білім жарысының жартылай финалына өтіп, республикалық байқауға жолдама алды. Ал озық оқушылардың арасынан шын жүйрікті анықтайтын сынақты Ұлттық академиялық кітапхана онлайн режімде өткізді. Бұған қатысқан 22 жас шәкәрімтанушының арасынан 11 үздік оқушы ақтық сынға өтіп, Астанада өткен қортынды байқауға қатысты.

.

«Ұлттық академиялық кітапхана Шәкәрім мұраларын жалпы адамзатқа ортақ қазына деп бағалай отырып, бұл асыл мұраны ең алдымен оқушылардың жаттап, меңгеруі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлт тұтастығын нығайту міндеттерін жүзеге асыруға зор үлес қосады деп есептейді. Ал байқаудың мақсаты – оқушыларды дана бабамыздың мұраларын танып, зерттеуге ынталандыру болды. Байқаудың республика көлемінде ауқымды өтуіне облыстардағы кітапханалар ықпал етті» деді Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Ғазиза Құдайбергенқызы.

Бұл байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының дауыс беру қорытындысы бойынша анықталған.

- «Шәкәрім оқуларының» мақсаты – оқушыларды дана бабамыздың мұраларын танып, зерттеуге ынталандыру болды. Бұл міндет орындалды, біз үшін ізденімпаз балалардың жүзіндегі шаттықты көріп, сезінудің өзі жеңіс. Шәкәрім бабамыздың ғұламалық сөздерімен, ұлағатты өлеңдерімен біз сусындап өстік, ал қазіргі жас балалардың ұлы ойшылды тануға ықылас танытқаны ұрпақ сабақтастығы, рухани мұраның жалғастығы деп білемін, - деді байқауға демеуші болған кәсіпкер Ермек Мезібаев.

.

Байқау қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққан, қай өлеңін де мүдірмей оқыған, әділқазылар тарапынан болған сұрақтарға толымды жауап берген Тараз қаласының 6 сынып оқушысы – Айханым Қайрат бас жүлдеге ие болды. І орынды Шәкәрім өлеңдерін нақышты орындаған, сұрақтарға өз ойымен тұщымды жауап берген Шымкент қаласының 5 сынып оқушысы Дінмұхаммед Кәдірхан иеленді. ІІ орынды өнерлерімен көзге түскен дарынды үш үміткер бөлісті. Олар: Батыс Қазақстан облысы Орал қаласынан 6 сынып оқушысы - Айару Әміртай, Қызылорда облысы Қазалы ауданынан 7 сынып оқушы – Гүлназ Жеңісбек, Шығыс Қазастан облысы Алтай ауданынан Аружан Айырбай. ІІІ орынды 3 үміткер: Павлодар облысынан келген 7 сынып оқушысы - Гүлназ Бахберген, Қостанай облысы Жангелді ауданынан келген 7 сынып оқушысы - Айша Қосылбек және Жетісу облысы Жаргент ауданы Әулиеағаш ауылынан келген 5 сынып оқушысы - Жүрсін Азитай иеленді. Қалған қатысушыларға да ынталандыру сыйлықтары мен Алғыс хаттар табысталды. Бас жүлде мен І, ІІ, ІІІ орынға ие болған жүлдегерлер бағалы сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды.

.

Байқауға шәкірттерін үкілеп алып келген жетекшілерге Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешовтің атынан Алғыс хат, шәкірттерін мықты дайындаған ұстаздарға М.Әуезовтің 125 жылдығына арналған мерейлі төс белгісін, ең үздік өнер көрсеткен оқушыларды дайындаған Қойсынай Жасұзақова мен Күлзипа Хайруллинаға және бас жүлде алған жүлдегердің жетекшісі Әйгерім Бекпатшаеваға «Қазақстанның білім беру ісінің қайраткері» төсбелгісі табысталды. Балаларына қолдау білдіріп, дарынды етіп тәрбиелеген ата-аналарға да төсбелгі және бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар берілді. Аталған байқау кезеңдерінде үлгілі дайындықтарымен көзге түскен кітапханалар ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешовтің атынан Алғыс хаттармен марапатталды.