Қоғам • 27 Наурыз, 2023

Фототілшінің үйін заңдастырып берді

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2017 жылғы жаңа жыл мерекесін әріптесіміз, облыстық «Арай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай айрықша қуанышпен қарсы алды. Сол жылдары өңірді басқарған Кәрім Көкірекбаев салтанатты іс-шарада ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек атқарып келе жатқан әріптесімізге қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Фототілшінің үйін заңдастырып берді

Облыс әкімі әріптесімізге пәтердің кілтін тапсыруын тап­сырғанымен, жаңа үйді заңдас­тырып бере алмады. Аны­ғырақ айтар болсақ, облыс әкі­мі ауысы­п кетті де, пәтердің мәсе­лесін шешуге тиіс азамат­тар түл­кібұлаңға салды. Жур­на­листер бұл мәселені сан мәр­­те көтергенімен Кәрім Кө­кірек­баев­тан кейін өңір басшысы болған Бердібек Сапарбаев та, Асқар Мырзахметов те төрт қызды тәрбиелеп отырған әріп­тесіміздің мәселесін біржақты ете алған жоқ.

«Ер кезегі – үшке дейін». Кәрім Көкірекбавтан кейін өңір тізгінін қолға алған үшінші әкім Нұржан Нұржігітов Алтынбек Қартабайдың алты жыл бойы асыға күткен арманын орындап, орталықтағы жаңа үйден ал­ған пәтерін заңдастырып бе­ріп, көпбалалы әкенің алғысын ар­қалады. Осы­лай­ша, 2017 жыл­дың жаңа жы­лында жаңа пәтерге кірген әріптесіміз 2023 жылдың Нау­рыз мерекесінде оның заңды иесі атанды.

Облыстық «Арай» жастар газеті ашылғалы бері тынымсыз еңбек еткен Алтынбектің еңбегі расымен де зор. Жастар басылымы жарық көрмей тұрып, бас редактор Болат Бекжанов орталық алаңда жиналыс өткізіп тұратын. Газетті көшеде жоспарлаған ұжым­ның ішінде Алтекең де бар. Ешкім тапсырма бермесе де, Алтекең газетке керекті су­рет­терді өзі түсіріп келеді екен. Ал басылым ресми түрде оқыр­ман олжасына айналғаннан кейін де Алтынбек Қартабай біраз уақыт тегін еңбек еткен.

«Соңғы бірнеше жылдың бедерінде бас ауруыма айналған пәтер мәселесіне нүкте қойы­лып, төбем көкке жеткендей күй­де жүрмін. Естеріңізде бол­­са, 2017 жылы, Жаңа жыл ме­рекесі қарсаңында маған үш бөл­мелі пәтердің кілті салтанатты жағдайда тапсырылған еді. Баспаналы болғаныммен бас­шылар ауысып кетіп, пә­тер толық заңдастырылмай қалды. Осы күнге дейін пәтер тұр­ғын­­үйді салған құрылыс ком­па­ниясының меншігінде тұрды.

«Күндердің күнінде пәтерді босат десе қайтемін?» деген сары уайыммен талай таңды атырып, талай кешті батырдым. Осы мәселемен қаншама кі­сілерден көмек сұрағанымды санай алмаспын. Қақпаған есігім қалмады. Амалым таусылғандай күйде жүрдім. Тіпті бұл мәселе жақын арада шешіледі дегенге сенім де буалдырлана бастады.

«Бітер істің басына, жақ­сы келер қасына» дегендей, Жам­­был облысының әкімі Нұр­­жан Нұржігітовтің тіке­лей тапсырмасымен бұл мәсе­ле оңынан шешілді. Тиісті құ­жат­ты қолымызға алып, қуа­ныш­тан көкке ұшып кетер­дей күйде жүрміз. Өңірдің ақпа­рат саласындағы азды-көп­ті еңбегімізді бағалап, аза­мат­тық танытқан Нұржан Мол­дияр­ұлына айтар алғысым шексіз», дейді Алтынбек Қартабай.

Өңірде бірнеше мәрте фо­токөрмесі ұйымдастырылған Алтынбек Қартабай талай мәр­­те халықаралық байқау­лар­да же­ңістің биік тұғырынан кө­рінген болатын. Жиырма жылға жуық уақыт тынымсыз еңбек етіп келе жатқан әріп­тесіміздің мә­селесін өңір басшысы назардан тыс қалдырмай оңынан шеш­кені расында да құптарлық іс.

 

ТАРАЗ