Су тасқыны • 27 Наурыз, 2023

Ақкөл арнасына қайта толса...

346 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Торғай өңіріндегі Ақкөл мен Ахмет ауылының арасындағы күре жолды су басып кетті. Шалғайда жатқан екі елді мекеннің арасы шамамен 10 шақырымдай болады. Төте жол су астында қалғандықтан, тұрғындар бір ауылдан екінші ауылға бару үшін үлкен көлді айналып өтіп, жолсыз даламен 60 шақырым жүріп өтуге мәжбүр болып отыр.

Ақкөл арнасына қайта толса...

– Ауылға кіреберісте ұзын­дығы 50 метрдей жол су астында қалды. Одан әрі 100 метр өткен соң, тағы 100-150 метр грей­дерді су басып жатыр. Сол екі жер теле­гей-теңіз. Бұл енді қазір кеп­пейді. Жұрт­тың бәрі көл­ді айналып өтіп жатыр. Бірақ дала әлі дұрыс кебе қойған жоқ. Ауыл­дан шыққан көліктер әр жерде батып қалып жатыр, дейді Ахмет аулының тұрғыны Нари­ман Шорман.

Жол үстіндегі судың терең­дігі шамамен жарты метрге дейін барады. Мұнда қазір об­лыстық төтенше жағдай депар­таментінен келген 3 техника, 14 құтқарушы, жергілікті әкім­дік бөлген 4 техника мен 30 адам жұмыс істеп жатыр. Оқи­ға орнына келген облыстық тө­тенше жағдай департаменті бас­тығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғаныс пол­ковнигі Азамат Орынбаевтың айтуына қарағанда, соңғы күндері Ұлы Жыланшық өзеніндегі су дең­гейі біртіндеп төмендей бастаған. Сондықтан алдағы 4-5 күннің ішінде су төменде тұрған Ақкөлге қарай тартылып, көп кешікпей жол да ашылады деген болжам бар.

Ақкөлдің айналасы ақ теңізге айналға­нымен елді мекендер мен шаруашылыққа қауіп төніп тұрған жоқ. Су тартылғанша жағдайды құтқарушы мамандар бақылап отыратын болады.

Ал жергілікті тұрғындар жол қатына­сының қиындап кеткеніне қынжылғанымен, су­дың мол келгенін жақсылыққа балап отыр. Баяғыда теңіз болып толысып жататын Ақкөлдің суы жыл санап азайып, тарты­лып, жағадан ұзап кеткен еді. Бірнеше жылға созылған құр­ғақшылықтың салдарынан Ахмет ауылының айналасы да қу тақырға айналып, жұрт ауыл­дан 110 шақырымға дейін ұзап барып шөп шауып әкелетін жағдайға жеткен.

Облыс орталығынан 700 шақырым алыс, қиянда жатқан екі ауылдың тұрмыс-тір­шілігі Ұлы Жыланшық өзені мен Ақ­көлге қарап отыр. Көлдің жан-жағында бірнеше ша­руа қо­жа­лықтары бар. Олар бағып отыр­­ған малдың қоңды-қоңсыз бо­луы да Ақкөлге байланысты.

– Мен осы ауылдың байырғы тұрғы­нымын. Жасым – 81-де. Мы­нау – Алланың көптен көр­сеткен суы. Соңғы рет 2005 жы­лы келіп еді. Биыл тағы қаптап келіп, бү­­кіл ауыл қуанып жатыр. Әу баста сел ба­сып кете ме деген қорқыныш болып еді. Қа­зір өзен тартып кетті. Бәрі орнына ке­­лейін деп тұр. Ешқандай қа­уіп жоқ. Біздің қа­мы­­мызды ой­лап облыстан келіп жатқан құт­қарушыларға көп-көп рахмет. Бүгін ау­дан әкімі де келіп, жағ­дайды өз көзімен кө­ріп кетті. Биыл жолдың су басқан тұсын биік­­­тетіп, су өткізгіш құбыр са­ла­мыз деп уә­де етті. Қазіргі жағ­дайымыз жаман емес. Та­­сы­ған су Ақкөлге құйылып жатыр. Бұл көл біз­дің ырысымыз. Ақкөлдің суы мол бол­са, балық та, шөп те мол болады, дейді Ах­­мет ауы­­лының тұрғыны Қасқырбай Кен­­жеғұлов.

Облыстық төтенше жағдай департа­ментінің мәліметінше, қазіргі таңда облыс аумағындағы елді мекендерге су тасқынынан қауіп төніп тұрған жоқ. Оң­түс­тікке қарай орналасқан Ар­қалық, Амангелді, Жангелдин аудандарында қардың 95 пайызы еріген. Қызыл су өзен арналарына түсіп, су тасып жатыр. Бірақ судың деңгейі бірте-бірте төмендеп келеді.

 

Қостанай облысы