2010 жылғы 28 мамырда Санкт-Петербург қаласында болып өткен Кеден одағының жоғарғы органы отырысының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Кеден одағын құру шеңберінде халықаралық шарттарды қолдану туралы келісім-шартқа қол қойылды. Келісім-шарт ратификациядан өткеннен кейін күшіне енеді.
Осылайша, 2010 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан мен Ресейдің арасында бірыңғай кедендік аумақты құруды, одаққа қатысушы мемлекеттер арасындағы кедендік шекараларды жоюды, жүктерді кедендік ресімдеуді алып тастауды қарастыратын, қатарында Кеден одағының Кеден кодексі де бар келісім-шарт жұмыс істей бастайды.
Бірыңғай кеден аумағы әзірше Қазақстан мен Ресей арасында құрылатын болады. Беларусь өзінің дайындық деңгейіне қарай Кеден одағына қосылады деп болжануда.
Соңғы екі апта бойы атқарылған қауырт жұмыстың барысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы барлық келіспеушіліктер іс жүзінде жойылып, тиісті бәтуалар мен шешімдер табылды. Қазақстан соңғы екі аптадағы келіссөздер барысында не нәрсеге қол жеткізді?
Бірінші кезекте, бұдан былай Қазақстанның Кеден одағындағы кедендік-тарифтік реттеулерге жауапты ұлттықтан жоғары орган – Кеден одағы комиссиясында тең дәрежеде орын алатынын атап өту қажет. Аталған органның барлық шешімдері, мысалы, үшінші елге қарсы қорғаныс шараларын енгізу бойынша ставкаларды өзгерту жөніндегі және т.б. шешімдер тек консенсус арқылы ғана қабылданады. Ол бұрын белгіленген дауыстарды бөлу тәртібін жояды.
Екіншіден, енгізілетін кедендік баж салықтарын бөлу нормативтері қайта қаралды – Қазақстанның үлесі бүкіл Кеден одағы бойынша жиналатын баж салықтарының жалпы сомасының 7,69 %-ын құрайды. Бұл мәселе математикалық қайта есептеу сипатына ие және бюджеттің кірісіне әсер етпейді.
Үшіншіден, біздің еліміз үшін азаматтарымыз жеңіл автомобильдерді әкелген кездегі кедендік баж салықтарының өте нәзік мәселе болып табылатыны белгілі.
Күрделі келіссөздер нәтижесінде біз Қазақстан үшін азаматтарымызға, бұрын Қазақстанда күшінде болған режімнен де гөрі бейтараптау, жеңілдікті режімді қарастыратын алымдар енгізу жөнінде келісімге келдік.
Бірақ біз бұл жерде жеңілдіктерді автомобильдерді Ресей Федерациясының аумағында қайта сату мақсатында пайдалануға жол бермейтін шектеу енгізіп отырмыз. Оның сыртында, күнтізбелік бір жыл ішінде бір жеке тұлға екі немесе одан да көп автомобиль әкелетін болса, баж ставкалары жоғарылай түседі.
Өтпелі кезең Бірыңғай экономикалық кеңістік жөніндегі тиісті құжаттарға қол қойылғанға дейін, яғни 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады.
Біздің кездесуіміздің тағы бір маңызды нәтижесі еркін экономикалық аймақтар үшін кедендік жеңілдіктер бойынша өтпелі кезең белгілеу болып табылады – біз жұмыс істеп тұрған жеңілдікті режім ЕЭА аумағында 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген резиденттер үшін 2017 жылға дейін күшінде болады деп келістік.
Бастапқыда біздің әріптестеріміз ЕЭА баж салықтары бойынша жеңілдіктерді алып тастау туралы ұсыныс білдірді, бірақ біздің ЕЭА-лардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында біз ЕЭА-ға қатысушыларды Кеден одағы аумағына әкелу және жеткілікті өңдеу критерийлері сақталған жағдайда, сыртқа шығару кезінде кедендік баж салықтарынан босату жөніндегі өз ұстанымдарымызды қорғап қалдық.
Бесіншіден, бізге ұшақтарға кедендік баж салықтары бойынша өтпелі кезең енгізу мәселесіндегі сеңді қозғаудың сәті түсті.
Қазіргі уақытта Кеден одағында ұшақтарға оның құнының 20 %-ы мөлшеріндегі ставка қолданылады.
Ресейдің авиациялық өнеркәсібі әзірге біздің тасымалдаушыларымызды қазіргі заманғы, жоғары класты ұшақтармен, сапалы техникалық қызметпен, үйлесімді қаржылық жағдайлармен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан біздің авиатасымалдаушылар үшін енгізілген өнімге, алдағы келіссөздерде белгіленетін өтпелі кезең бойына нөлдік ставка белгілеу туралы принципті уағдаластыққа қол жеткізілді.
Осылайша, қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде Қазақстан өзінің экономикалық дамуындағы маңызды кезеңдердің біріне – толық дайындалған, өз талаптары барынша ескерілген бірыңғай кеден аумағын құруға қадам жасап отыр.
Енді біздің бизнестің алдында үлкен жұмыс тұр, Кеден одағының табыстылығы да оның іскерлік белсенділігінің деңгейіне байланысты болмақ. Ал біздерді, әріптестер, Мемлекет басшысының бұдан да ауқымды тапсырмасын орындау, яғни Бірыңғай экономикалық кеңістікті құруды аяқтау жұмысы күтіп тұр.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.