Адамдардың жайлы да жақсы, тыныш та табысты, қауіпсіз де қуанышты және ең бастысы, бақытты да шатты өмір сүруінің бір кепілі – заң үстемдігінің түбегейлі орнығуы болып табылады. Бірақ бұған қол жеткізу оңай емес. Өйткені, заң үстемдігін кез келген ел өз дәрежесінде қамтамасыз ете алмайды. Заңның түрі де, саны да көп, бірақ олардың бәрі бірдей орындала қоймайды. Ондай келеңсіз көріністерді қазақстандықтар да көріп, ащы дәмін татып жүр. Заң үстемдік алмай, шенеуніктер майын тамызып айтатын құқық саласында ешуақытта қауқар болмайды. Сондықтан оның орындалу тетіктері жетілдіріліп, заң мен құқық үстемдігі саласында өркениетті елдердің тәжірибелері ескерілгені дұрыс дейміз.
Міне соған орай кеше Әділет министрлігі «Орталық Азия – заң үстемдігінің тұғырнамасы» Еуропалық одақтың жобасымен бірлесіп, Орталық Азия үшін заң үстемдігі бастамасы аясында «Қазақстандағы сот билігінің реформасына қолдау жасау» тақырыбында семинар өткізді.
Оның жұмысына Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Әділет, Ішкі істер министрліктерінің, Еуропалық одақ жобасының өкілдері, сондай-ақ шетел заңгерлері қатысты. Семинар барысында қылмыстық сот жүргізу жүйесін ізгілендіру, құқықтық қызмет нарығы үшін ара жікті анықтауға басымдық бере отырып адвокаттар мәртебесін нығайту және сараптама қызметін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Орталық Азия үшін Еуропалық одақтың заң үстемдігі жөніндегі ұсынысы Орталық Азиямен жаңа әріптестік орнатудағы Одақ стратегиясының ең басты мәні болып табылады. Мұның аясында Еуропалық одақ Орталық Азия мемлекеттеріне негізгі құқықтық реформаларды жүзеге асыруда, соның ішінде сот төрелігі реформасы, тиімді заңнамаларды әзірлеу мен атқарушы сот органдарының рөлін арттыруға қолдау көрсетеді. Заң үстемдігі Еурокомиссия мен Еуропалық ішкі саяси қызметі арқылы және қатысушы-мемлекеттермен бірге жүзеге асырылады. Аталған ұсыныс ұлттық ахуал ерекшелігін ескере отырып, біріккен аймақтық қадамға бастайды. Ол Орталық Азия мемлекеттері үшін маңызды рөл атқаратын мәселелерге сай аймақтық тәжірибе алмасуға ықпал жасайды. Осылайша, тәжірибе жинақтау арқылы реформалардың жүзеге асуына тікелей әсер етеді. Ұсынысты үйлестіру жұмыстарын Германия мен Франция елдері біріге жүргізеді.
Аталған ұсыныс алғаш рет 2008 жылдың қараша айында Брюссельде өткен заң үстемдігіне арналған Еуропалық одақ – Орталық Азия бірінші министрлік конференциясында іске қосылды. Оның мәні мен маңызы Орталық Азия мемлекеттері үшін айрықша екені рас, өйткені, заң үстемдігін орнатуға жәрдемдесе отырып, құқықтың дәрмені мен пәрменін арттыру біздің еліміз үшін жаңа белеске көтерілумен тең. Сонда ғана құқы тапталған талай жандардың көзі ашылатыны анық.
Екінші, яғни заң үстемдігіне арналған Еуропалық одақ – Орталық Азия екінші министрлік конференциясы 2010 жылдың 14-15 маусымында Душанбе қаласында өтті. Үшінші заң үстемдігіне арналған Еуропалық одақ – Орталық Азия үшінші министрлік конференциясы 2012 жылдың 6-7 желтоқсанында Брюссельде өтті. Онда министрлер қорытынды түйінде Еуропалық одақ пен Орталық Азияның құқық реформасы мен сот жүйесін реформалау бойынша ынтымақтастықтың басым бағыттарын бекітті.
Ал мына ұлттық деңгейде өткен, яғни негізгі мазмұны «Қазақстандағы сот төрелігі реформасына қолдау жасау» жөніндегі семинарда сот реформасы мәселелері жөнінде жаңа тәжірибелермен алмасу, оны жүзеге асыру және диалогты тереңдету бағыттары қаралды. Шараның басты міндеті – соттық әкімшілендіру процесіне үлес қосу, қылмыстық сот өндірісі жүйесін ізгілендіру, қорғаушылар мәртебесін нығайту болып табылады.
Бұл орайда Әділет министрі Берік Имашев Еуропалық одақ заң үстемдігі бастамалары Орталық Азия серіктестеріне құқық және сот реформасы саласында тиімді қолдау көрсете отырып, тұрақты және демократиялық құқықтық жүйенің дамуына, құқық институттарының қызметіне, адам құқығы мен бостандығын сақтау және қорғауға өзіндік үлесін қосып отырған табысты модель екенін атап өтті.
Семинарда өзге де сөз алғандар Қазақстандағы сот төрелігіне қолдау көрсетудің құқықтық аясы астарында Қазақстан Республикасы сот төрелігін реформалау бағдарламасы, сот-құқықтық реформаларды заңдылық жағынан қамтамасыз ету, Азаматтық кодекстің жаңа жобасы, Қазақстандағы сот төрелігіне прокуратураның қосып жатқан үлесі жайында айтты. Сол сияқты сот төрелігін одан әрі тиімді атқара түсу мақсатында соттық әкімшілдендірудің тиімділігін арттыру мақсатында оны дамыту, Сот-құқықтық салада жүргізіліп жатқан реформаларға бизнес қауымдастығының көзқарасы, адам мен азаматтың құқы мен бостандығын шектеуге соттық бақылауды дамыту, кейбір құқық бұзушылықтар дәрежесін қылмыстық деп танудан гөрі әкімшілік жауаптылыққа ауыстыру тәжірибесі аясын кеңейту жайы сөз болды.
Бұған қоса қылмыстық-атқару жүйесіне халықаралық стандарттарды енгізу жағдайы, түрме реформасы бағдарламасы не үшін қажет, Қазақстан Республикасындағы қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру мәселелері де қағыс қалмады. Құқықтық қызмет көрсету нарығын реттеудің маңызды мәселелері, білікті жоғары заң көмегін көрсетудің шаралары, Франциядағы адвокаттардың кәсіптік тәжірибесі, Қазақстан Республикасындағы қылмыстық процестегі халықаралық әділ сот төрелігін реттеу, сарапшылық қызметті дамыту барысында сот төрелігіне ықпал етудегі соттық сараптаманың рөлі және сот сараптамасы мамандығының халықаралық стандарттары талқыланды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».