– Төрт құбыланы түгендеген төрт бірдей бедербейнелі монумент
Даналарымыздың, болмысы бөлек дараларымыздың, көңілі тұнық, жүрегі таза сараларымыздың бізге қалдырған ең басты мұрасы – жер! Осы жер үшін қазақтың көрмеген қиянаты, тартпаған азабы жоқ. Сұқ көздерін қадап қаптай келгенде, тікендей қадалып, найзадай шаншылып сүйем жерін бастырмай, сүйегін сатпай өткен сол Алаш рухты арыстардың үлгісі мен үзілмес ұлы идеясының жұлынына, ұлтының «құлына» айналған кешегі Әлихан Бөкейханов: «Мемлекеттің негізгі арқа сүйер тірегі – Жер. Ол болмаса мемлекет болмақ емес. Жер, Жер және Жер. Жерсіз Отан жоқ» десе, бүгінгі кемеңгер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ халқы – тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей өзегін ғасырлар тереңінен тартып, осынау қасиетті Ұлы Даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халық», – деді. Шынында жері бар ұлт сол байтағындай жауырынды, айбары артық, мерейі үстем, қадамы қарышты, «ананы қайда қоямын, мынаны қайда сыйғызамын», деп қысылып, қымтырылмайды, құлашын кеңге сілтей алады. Осының бір айғағы, Астананы Алатау баурайынан Арқа төсіне көшіріп, аққудың ақ үрпек балапанындай Есілдің екі жағына бәйгеге қосар тұлпардай тұғыры мықты ақшаңқан қала салуымыз дер едік. Бір кездері Астана деген атымен мақтансақ, ендігі жерде сол Астанаңыз керемет еңселі мекемелерімен, алып ғимараттарымен, рухани орталықтарымен еңсе тіктеп отыр. Солардың қатарында Елбасының Ақордасы, Сенат, Мәжіліс, Үкімет үйлері, тамырын тереңге тартқан, бұтағы мәуелі «Бәйтерек», Тәуелсіздік сарайы, «Хан Шатыр», «Астана-арена», «Астана опера» театры, «Қазақстан» концерт залы, Ұлттық музей, Назарбаев Университеті, Еуразия ұлттық университеті, тағы басқа болып жалғасып кете береді. Бұл арқылы, Астана бұрынырақтағы көлденеңдей беретін шенеуніктер қаласы дегеннен арылып, білім мен ғылым, мәдениет пен әдебиет орталығына айналғанын айқын аңғаруға болады. Кемелі елдің айтулы кешендерінің қатарында 2009 жылдың қазан айында ашылған «Қазақ елі» монументі де бар. Бұл – қазақтың көк пен жердің арасын мекен еткеннен бергі кезеңдегі бүкіл бітімін көрсететін, азаттығын алған жұрттың еңсесін өсіріп, кеткен есесінің қайтқанын дәйектейтін, енді тәуелсіздік деген киелі ұғымның бағасын біліп, ар мен адалдықты ту етіп көтеретін ұрпақтар түбінде ұйысатын ұлттық символ. Түп атамыз түрік те өз алдына мемлекет болғанда «Еліміз қайта ел болды, халқымыз қайта халық болды» депті. Біз де бұл күні осы бабалар сөзін қайталап, азаттығымыздың қадірін танып, біліп жатырмыз. Дүние, шіркін, ұршықтай шыр айналып тұрады. Бірақ, әр ұлттың кіндігі қасиетті жеріне байланған. Қазақ та осы кейіппен күн кешіп келеді. Тәңірім жеріне қарай ниетін кең етіп жаратқан. Соның арқасында айтқаны орын болып, дегені мәреден көрініп келеді. Бір кездері: «Құнсыз болып еріміз, Жесір болып жеріміз «Жан менікі» дей алмай, «Мал менікі» дей алмай, Ит пен құсқа азық ек», (Ахмет Байтұрсынұлы) деп еңсеміз түскен, есеңгіреген күндер артта қалды. Соның бәрін ұмыттырып, ұлы тірліктің тірегіне айналған, Астанадағы 2,5 тонна құймадан тұратын алтын жалатқан Самұрық құсы көкке көтерілген Отанымыздың бас алаңындағы «Қазақ елі» кешені халқымыздың өткенінен де, бүгінінен де, болашағынан да мол мәлімет береді. Айбынымызды асырған алып кешен 5,2 гектар жерді алып жатыр. Монументтің биіктігі 91 метр. Бұл азаттығымызды алған жылды көрсетеді. Ұшар басындағы Самұрық құс Отанымыздың Самұрықтай қанат қағып, алға ұмтылып бара жатқанын, ақ мәрмәрдан тұрғызылған діңгек – діттеген мақсатқа жету жолындағы сан-салалы ісіміздің баянын білдіреді. Монументтің төрт жағындағы төрт бедер – төрт құбыламызды түгендеп тұрғанын, төрткүл дүниеге танылғанымызды дәйектейді. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол», деп данышпан Абай айтқандай, ел болған жерде сол елдің басшысы болады. Басшысын сыйлау бабалардан қалған үлгі. Сол үлгі азаттық жылдары ерекше көрініс тапты. Мына алып кешендегі «Халық пен Президент» атты бірінші бедербейнеде Қазақстан тәуелсіздігінің символы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ата Заңға қолын қойып, анты мен аманатын айқындаған тұлғасы бейнеленген. Оның биіктігі 5 метрді құрайды. «Қаһармандық» деген бедербейне – Отан қорғау қасиетті ұғым екенін санаңа сіңіреді. Арғы, бергі дәуірлердегі хас батырлардың ел деп соққан жүрек лүпілін, ерен ерліктерін көз алдыңа әкеледі. «Жасампаздық» атты бедербейненің ұғымы сан тарау. Бұл бір сөздің иіріміне өткенің де, бүгінің де, болашағың да сыйып кеткендей. Жасампаздық – жақсылықтың баламасы, кемелдіктің, кеңдіктің көрінісі екенін ұқтырады. Шығысындағы «Болашақ» бедербейне ертеңін ойлаған жұрттың бүкіл болмысын Самұрық құстай самғауға ұмтылдырып, үкілі үмітіне жетуге бекем белін будырып, көш бойы ұзап жүруге талпындырады. Жалпы, мақтанышымызға айналған осы кешенді салу идеясын Президент Нұрсұлтан Әбішұлы өзі ұсынып, әрбір бедербейнені көзден таса етпей қадағалап отырғанын айта кетуіміз керек. Ал елдік істің ақаусыз бітуіне Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Н.Далбай, С.Жүніс, Б.Тойталиев, өзге де өнер иелерімен, кешен авторы сәулетші С.Бөкебаймен, суретші С.Смағұловпен бірлікте жүзеге асырған болатын. Астанамыздың бір символы – Бәйтерек болса, бірі – «Қазақ елі» монументі. Осы екеуінің арасын байланыстырып тұрған бір алтын арқау бар. Ол – Бәйтеректің басын мекен ететін Самұрық құс. Қазақ аңызында Самұрық елді ынтымаққа, қуанышқа шақырады екен. Күлсе езуінен будақ-будақ гүл түсіп, мұңайса көзінен моншақ төгілген. Бәйтерек – берекені, адамдардың өсіп-өнгенін, өркен жайғанын айғақтайды. Біздің алтын арқау деп отырғанымыз осы еді. «Қазақ елі» монументінің сыртқы бөлігінде 28 колоннадан тұратын жалпы ұзындығы 120 метрлік доға тәріздес ақ иін орнатылған. Кешен осы ақ иіннің қақ ортасында көкке қол созғандай, ұшында Самұрық құс мүсін кейіпте тұр. Ол қызыл граниттен жасалған төрт қырлы тұғырға бекітілген. Тақырыпта айтқанымыздай, оның төрт қырлы болатын себебі, дүниенің төрт бұрышына, яғни дүниежүзіне Қазақ елінің әр азаматы ата-баба салт-дәстүріне, ізгілік инабатына сай – құшағы ашық, ниеті ақ, көңілі адал дегенді білдіру басты нысанға айналған. Астананың ажарын кіргізген бұл алып кешенді Париждегі Эйфель мұнарасымен, Нью-Йорктегі Азаттық статуясымен салыстыруға болады. Ашылу салтанатында қазіргі қазақ қаламгерлерінің бірегейлері Шерхан Мұртаза: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты топан судан аман алып шыққан Нұқ пайғамбарға ұқсап, Қазақстанды сонау 90-жылдары Тәуелсіздік жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды. Бүгінгі күні ол халқымыздың санының көбейгенін қалап отыр. Үкімет көп бала туған аналарға үлкен қамқорлық жасауда. Осы үрдісті қолдауымыз керек. Біз сапамыз тәп-тәуір халық болғанымызбен, санымыз әлі де тым аз халықпыз. Қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Біз жайылсақ жоқпыз, жиылсақ көппіз»деген десе, Әбіш Кекілбаев: «Бір кезде Білге Қаған: «Баз кешсек – өкінерміз, жаңылыссақ – түзелерміз. Біріксең етті, елім!» – деп еді. Міне, бүгін іргеміз түгел, бірлігіміз бекем. Жалпақ әлем тегіс мойындаған мемлекет болуымыз, жарық дүние түгел таңғалған Астана салуымыз – соның айғағы. Мұның бәріне жанжалсыз, жағалассыз, жасампаздық арқылы жайбарақат жетіппіз. Ол бірлікті елі, білікті төрі бар салиқалы қауымдардың ғана қолынан келмек... Бұл – Ел жолында жүк қалдырмас Ерлікке ескерткіш. Бұл – абзал армандар мен асыл мұраттарға қанат бітіре алатын дарқан Елдікке ескерткіш. Бабалар аманатын орындаған, ардақты ұлын аялаған халықтық Махаббаттың ескерткіші», деді. Иә, бір замандары Абылай хан: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмейік», деген екен. Ардақты ханның осы сөзіне бағар болсақ, «Қазақ елі» кешені білімге сенген заманның бір биігі, елдің береке-бірлігінің бір дәлелі, ұйысқан ұлттың ұлы қадамының дәйегі, ырыс алды ынтымақтың мәйегі екені сөзсіз. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32