Дәстүр • 28 Наурыз, 2023

Тәтті тағам да туристерді тартады

373 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы осымен екінші жыл қатарынан шаһарда «ДәмДәсTour» фестивалін өткізіп келеді. Іс-шараның басты мақсаты – мегаполисте гастрономиялық туризмді дамыту. Туризмнің де сан саласы, түрлі бағыттары бар. Соның ішінде гастрономия да маңызды бөлігі саналады. Өйткені Шымшаһар қай кезде де өзінің мол дастарқанымен, тәтті тағамымен танымал. Әрі оңтүстік өңірінде тағамдардың бағасы да арзан. Осының барлығы айналып келгенде мегаполисті еліміздің гастрономиялық туризм төріне оздырады.

Тәтті тағам да туристерді тартады

Өткен жылы алғашқы фестиваль әл-Фараби алаңында өткен болатын. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, маңызды іс-шара шаһардың ескі алаңында қайта ұйымдастырылды. «ДәмДәсTour ІІ» фестиваліне қаладағы белгілі дәмханалар, мейрамханалар, тамақтану желілері қатысып, өздерінің өнімдерін келушілер назарына ұсынды. Сондықтан аталған іс-шара жәрмеңке мазмұнында өтті. Жоға­рыда айтып өткен тамақтану орын­дарымен бірге кофеханалар мен шайха­налар, самсаханалар өздерінің дәстүр­лі тағамдарымен қоса авторлық мәзірлерін де ортаға қойды. Осылайша, «ДәмДәсTour» мегаполистің ең сүйікті де дәмді мерекесіне айналып үлгерді.

Осынау фестивальді аралап, тағам­дарының иісі мұрынды жарар жәр­меңке қатарларын тамашалап келе жатып, «Бозжыра» мейрамханасының өнімдеріне көзіміз түсті. Жиырманың үстіне енді шыққан жап-жас жігіт өзін аталған мейрамхананың аспазы ретінде таныстырды. Есім-сойы – Ера­сыл Арал. Өзінің мамандығы бағдар­ламашы болғанымен кішкентай кезі­нен аспаздыққа қызығушылығы осы кәсіпке алып келген. Оның аспаз болуы­на, осы өнердің майын ішкен туысқан ағасы қолдау көрсеткен. Айт­пақшы болғанымыз, қазақтың өрімдей жас жігіттері игермеген кәсіп қалмай барады. Аспаздық мамандық та жас­тар сүйіп таңдаған кәсіпке айналып келе­ді. Ал гастрономиялық туризм осынау мамандықтың қадірін өсірмесе, кемітпесі анық. Осы фестивальде мейрамхана ұлттық тағам – шұбат көжені әзірледі. Бұл тағам еліміздің батыс өңір­лерінде кең таралған екен. Енді оң­түс­тікте де танымал ету мақсаты тұр. Аты айтып тұрғандай көжені әзір­леу­дің бас­ты сиқыры шұбатта жатыр. Наурыз көжеге тән барлық дақыл  қайна­тылып болған соң, оған шұбат қосы­лады. Түйе сүтімен араласқан көже дәмі тіл үйірер ерекше тағамға айналады.

Сонымен бірге жәрмеңкеде былай­ғы жұрт біле бермейтін қазақтың дәстүрлі ұлттық тағамдары ас мәзірінің сәнін келтірді. Олардың арасынан өрметөс, белқабырға, тайқуырдақ, жылқықабырға, хантабақ, жаужүрек, балбауыр, мишұжық, бұжы, ұлтабар, қарынқоржын, жамбаскөбе секілді тағамдарды атап өтуге болады. Мәсе­лен, жаужүрек ыстық тіскебасары ертеде ер азаматтарға аңға шығар кезде берілген. Жылқықабырға – құрт қосылған дәмді тағам. Белқабырға дегеніміз – кәдімгі қазақша стейк. Қарынқоржын – үлкен астаумен көп кісіге тартылатын ас.

Шымкенттің асханасын ерекше­лейтін тағамдарының ішінде самсасы мен кәуабы және палауынан бөлек, тәттілері де осы күні брендтер қатарына қосылды. Сондықтан тәттілер әзірлейтін «Мадлен» фирмасының өнімдерін осы тізімнің ішінен бөле-жара атауға болады. 1997 жылы кофеге арналған десерттер дайындайтын шағын дәмханадан басталған бизнес бүгінде кондитерлік өнімдердің алып индустриясына айналды. Мыңға жуық адам қызмет ететін, қаладағы нөмірі бірінші кондитерлік дүкендер желісі саналатын «Мадлен» компаниясы шаһардың гастрономиялық туризмін өрге сүйреген қара нары деуге болады. Біз жәрмеңкеде өз өнім­дерін жарнамалаған елуге тарта дәмхананың екеуін ғана таныс­тырдық. Бұдан бөлек қала тұрғындары мен қонақтарына күн сайын тәтті тағамдарын әзірлеп, сапалы қызметін көрсетіп отырған қаншама өз атын шығарып үлгерген дәмхана, мейрамханалар бар.

Фестиваль барысында қатысушылар тек өнімдерін ұсынып қана қоймай, байқауда да бақтарын сынап көрді. «Наурыз көже», «Кәуап», «Палау» және «Самса» номинациялары бойынша үздіктер анықталды. Ал қазылық жасап, әділін айтқан сарапшылар тарапында республикалық қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының басшылығы болды.

Айтқандай, жәрмеңкеде келуші­лерге «Шымкент шәйі» таратылды. Бұл – енді фестивальдің жыл сайынғы дәстүрі. Бұған дейін «Ташкент шәйі» деген атаумен белгілі болған бұл сусын осы күні мегаполистің есімін иеленді. Өйткені шәйдің шыққан жері – Шымкент. Бір қызығы, Ташкент жұрты бұл шәйден, тіпті бейхабар. Басында Ташкент болып аталғандықтан жұрт арасында солай тарап кеткені рас. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында туризм, сыртқы байланыстар және креативті индус­трия басқармасы әділдік жолында жұмыс істеп, шәйдің атауын өз иесіне қайтарып жатыр.