Аймақтар • 28 Наурыз, 2023

Қосымша табысқа құнықпаған жөн

203 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Денсаулықтың кеткен кезде қиюы-ай, дәрігерге көрінудің қиыны-ай», деп баяғыда Шона Смаханұлы ағамыз айтқандай, қазір де дәрігерге көріну күннен-күнге қиындап барады. Тіпті бұрынғыдан әлдеқайда қиындады. Оның негізгі себебі дәрігер жетпегендік емес, дәрігерлердің қосалқы жұмысқа құмар болуынан болып отыр.

Қосымша табысқа құнықпаған жөн

Қазір мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда қызмет істейтін дәрігерлердің көбі жекеменшік амбулаторияларда халықты ақылы қабылдайды. Бұл жердегі табысы қомақты және қолма-қол төленетінін де білеміз. Мемлекеттік ем орындарында олар өздеріне тиесілі мөлшерлемені және МӘМС-тен түсетін ақшадан үлес алатыны белгілі. Бірақ оны місе тұтып, өзіне қаралған науқастарды жіті тексеріп, білігін жетілдіріп, диаг­нозды дәл анықтауға, емді нақты белгілеуге ұмтылып жатқандары шамалы. Халық олардың тек қосымша табыс табуға жанталасып жүргенін біліп отыр. Мұндай қынжылыс әлеуметтік желілердегі ой-пікірлерден де байқалады. Біздің әріптесіміз, журналист Өмір Есқали тіпті үш жерде жұмыс істейтін дәрігерлерді білетінін айтады. Журналист Есенкүл Көшербаева да осындай жағдайға көз жеткізіпті. Ал бұрынғы депутат, белгілі қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев жақын танысы жазылған уақытында кірмек болған дәрігеріне кіре алмай, науқасы жанға батып, басқа амалы қалмағандықтан, ақылы қызмет көрсететін жерге барса, мемлекеттік емханада науқастарды қабылдауға тиісті маман сырқаттарды осы жерде қабылдап отырғанын айтты.

«Емханадағы дәрігерлер сырқатқа дұрыс көңіл бөлмейді, тек алдына келген диагнозды компьютерден қарап, емді қағаздағы деректерге сәйкес белгілеп жатады. Олар не қан қысымыңды өлшемей, не ішіңді, бауырыңды басып, аузыңды ашып көрмей, тіпті денеңе қол тигізбей, «живот мягкий, безболезненный, язык чистый» және т.с.с. қалыпты сөз­дерді жаза салады. Науқасқа көзін көте­ріп қарамайды да. Оларға адам­ның денсаулығы емес, ең бас­тысы – құжатты дұрыс толтырса болғаны», деп налиды желі пайдаланушысы Бақыт Шүнгілшина.

Эндокринолог, невропатолог, гастроэнтеролог сияқты сирек мамандарға мемлекеттік емханаларда айлап кіре алмай жүретін адамдар болады екен. Өйткені ондайлар негізінен ақылы емханаларда ғана қабылдайды. Тілекгүл Есдәулет деген замандасымыздың басынан кешіргені де осы тақы­леттес. «Маған дәрігер «МӘМС шеңберінде көрсетілетін көмектің бәрін көрсеттім. Кейбір анықтау керек мәселелер бар, оны жақсы қарайтын, бірақ ақылы жерде анықтау керек, сол клиникаға жіберейін» деп бір мекенжайды жазып берді. Барсақ, әлгі жақсы клиника дегенінде жақсы дәрігер болып өзі отыр. Ұят жоқ, өз басымнан өткен осы жағдайдан кейін кімге барарымды білмей дал болдым», дейді ол.

Мұндай мысалдарды тере берсек, жүздеп келтіруге болады. Енді соны жөнге салатын амал бар ма, соған келейік. Біздіңше, мұның ең дұрыс шешімі – дәрігерлерді қосымша табыс табудан тыю. Алған еңбекақысын дәрігер негізгі жұмыс орнында ақтасын, сонда ел де, мемлекет те риза. Ал негізгі орнында дәрігер бар ынтасын салып жұмыс істесе, оның артық уақыты да болмайды.

Халық МӘМС-ке не үшін жарна төлеп отыр? Ол өзін сақ­тан­дыру үшін ғана емес, дәрігердің еңбекақысы кем болмасын, алатыны еңбегіне сай болсын деп төлеп отыр емес пе? Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаң­тарынан бастап енгізілгеннен бері денсаулық сақтау саласын қаржыландыру екі еседен аса өсті. Атап айтқанда, 2019 жылғы 1 трлн теңгеден 2021 жылы 2,2 трлн теңгеге дейін шарықтады. Осы­ның бәрі науқастардың игілігі үшін ғана емес, дәрігерлердің әл-ау­қатын арттыруға, оның ішінде ең­бекақысын арттыруға жұмса­лады.

Кейінгі үш жылда медицина қызметкерлерінің еңбекақысы айтарлықтай өсті. Президент 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болатынын айтқан еді. 2020 жылы берілген сол тапсырма қазір орындалып келеді. Сондықтан дәрігерлердің ақшадан қысылып, екінші, тіпті үшінші жерде қосым­ша жұмыс істеуіне жол берілмеуі керек. Ондай жұмыстан ешқандай сапа болмайды. Егер ақылы қызмет көрсететін жерге барып істегісі келсе, өздері білсін, бірақ ондайлардың мемлекеттік емдеу орындарына қосымша негізде ешқашан алынбағаны жөн.

Адам денсаулығы – ең ма­ңызды сала. Денсаулық болмаса, өзге дүниенің бәрі қараң. Сон­дықтан Әділетті Қазақстанды құрамыз деген жаңа Парламент осы мәселені қолға алып, заңдық негізде шешім қабылдаса екен. Бұған бюджет шығындары кет­пейді, аяқтан шалатын кедергілер бол­майды, тек халыққа деген үлкен жақсылық болады. Мемле­кеттік қызметкерлерге қосалқы жұмыс істеуге тыйым салынғаны белгілі. Содан мемқызметкер кем қалған жоқ, өзінің жұмысына жауап­кершілігі бұрынғыдан артты. Дәрігерлер де солай болатыны хақ.

 

Солтүстік Қазақстан облысы