Пікір • 28 Наурыз, 2023

Қатыгездік синдромы

1228 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі қазақ қоғамында жүрекке ауыр тиер, жаныңды түршіктіріп, төбе шашыңды тік тұрғызар қылмыстың түр-түрі болып жатыр. Сондай келеңсіз, сұрықсыз оқиғаларды ести-ести оған етіміз де өліп кетті. Соңғы кездері елжірек ет жүрегіміз қатайып алғандай. Өйткені ештеңеге селт етпейтіндей болып барамыз.

Ақпарат тасқынының «астында бастырылып жатқан» күйі күніміз өте бермек... Одан сені ешкім босатып ала алмайды. Тек одан қос жанарыңды тарс жұмып, екі құлағыңды бітеп алып қана құтыласың. Өзге амал жоқ. Бірақ бұған сенің шамаң келе қояр ма екен? Әй, қайдам... Өйткені білуге, көруге, естуге деген құмарлық адам баласын тыныш қойсын ба?.. Бәрібір сені жан-жағыңнан қаумалап тұрған ақпараттар өз құзыретіне бағындырып, қамырша илеп ала жөнеледі. Сен дәрменсізсің. Көресің, тыңдайсың. «Есті, көр» деп тұрған нәпсің бұйырса жақсыны да, жаманды да талғамай «жұта бересің, жұта бересің». Жүрегің айниды, санаң сансырайды, көзің ашып, талады, бірақ сен оған қарамайсың. Бүгін де, ертең де, арғы күні де, одан кейін де осы әдетіңді жалғастыра бересің. Өйткені ақпарат тасқынының құлдық қамытын өз еркіңмен мойныңа кигенсің.

Міне, осылайша, «көр, есті» деп сыбырлап, алдап-сулап икеміне көндіріп алған нәпсің ақырында өктем үнді әміршіңе, бұйрығын орындатпай қоймас қатал қожайыныңа айналып шыға келеді. Сен ешкім емессің. Елпілдеп, екіленіп алдында шабасың да отырасың. Бейне бір жынынан айырылған бақсыдай күйге енесің. Мұны ашық аспан астындағы «алапат соғыс», «қан-қасап майдан» дерсің.

Осынау келеңсіздік кернеген кезеңнен кім құтқарады? Ешкім де құтқармайды. Бұл жерде сені тек өзің, өзіңнің ерік-жігерің, нәпсіңді ауыздықтай білер ерік-жігерің, биік өрең, талғамың ғана құтқарады. Бірақ біздің бойымыздан осы қасиеттер табыла қояр ма екен? Жауабы қиын сауал.

Адам – пенде. Сондықтан оның нәпсісі міндетті түрде болады. Сол нәпсінің ырқына барынша жығылып, дегеніне көну, айтқанына көзсіз берілу нағыз қасіреттің өзі. Пенде өзін нәпсісі алдында тежеп ұстаса – ізгілік пен жақсылыққа бет бұрғаны. Білсем, көрсем, естісем деген құмарлық адамды екі жолға бас­тайды. Сол жолдың бірі игілікке, жақсылыққа, жан тазалығын сақтауға, ал жарнамасы жыл­ты­рақ, жарқ-жарқ етіп көздің жауын алатын, екіншісі қулық-сұмдықты, аярлықты ішіне бүккен әлемге бастайды. Өкінішке қарай, біз көбіне екінші жолмен жүріп кетеміз. Бұл бағыттан ешқандай да бір жақсылық, пайда көрмесек те соған қарай ұмтыламыз да тұрамыз. Осы ахуалдан келіп айналамызды, ортамызды қатыгездік бұлты торлайды.

Біз «бүгінгі қазаққа бұрын болмаған қатыгездік, қанішерлік қайдан келді, болма­шыға бір-бірін пышақтап, буындырып, тұн­шық­тырып, өртеп өлтіретіндер неге көбейіп барады?» деген сауалды жиі қоямыз. Жауабын айту қиын. Десек те аталған сұрақ жауабының бір ұшы мына төмендегідей мәселелерде жатқан секілді.

Интернет кеңістігінен ақпарат аңдып отырасың немесе оның өзі «мені оқы, мені көр» деп есіңді алады. Содан... Іңгәлаған шаранасын көшеге тастап кеткен көкек ана әрекеті, қатыгездікпен кісі өлтіру жағдайы, ажырасу, жақын жандардың соттасуы, басқа да адам айтуға ұят оқиғалар туралы ақпараттар санаға сіңе береді, сіңе береді. Бейне бір айналаңда, еліңде жақсылық атаулы қалмағандай күй кешесің. «Астапыралла!» дейсің, «Құдай сақтасын!» дейсің. Бірақ сол жерден тоқтамай, әрі қарай әлгіндей сықпыттағы сұмдықтарды «шелектеп сіміре бересің».

Ақылға қондыруың, қабылдауың қиын, түрлі қылмыстық оқиғалар туралы ақпараттар, осылайша, сенің күнделікті «серігіңе», оқитын «көркем әдебиетіңе» айналады. Бір өкініштісі, сен жаныңның азғанын, рухыңның ашыққанын сезбейсің. Бар қасірет осында. Күндер өте, ешкімге жаны ашымас, жүрегі қатал, аяушылық дегеннің не екенін ұға қоймайтын жанға айналғаныңды өзің де білмей қаласың. Осындай қауіпті үрдіс жау­лап келеді. Мұның соңында қоғамда қатыгез ұл мен қыз, иіс алмас, сыңаржақ, болмыс-бітімі бөгде, жаны жабырқау, іші ыза мен кекке толы ұрпақ көбейеді.

Түрлі БАҚ, әсіресе сайттар мен порталдар өздерінің аудиториясын ұстап қалу не ұлғайту үшін жан алып, жан берісіп жатыр. Таралым кеңістігіне таласудағы бәсекелестік өте жо­ға­ры. Осы үдерістің басты құрбаны – адам. Маркетингтік қызметі жетілген дәстүрлі және электронды БАҚ-тың адамның нәпсісі нені қалайтынын білудегі шеберлігі таңғаларлық деңгейге жетті. Осы шеберлігі оларға адамдарды көбірек құрбандыққа шалуға жол ашып жатыр. Міне, біз осындай агрессорлардың шабуылынан өзімізді қорғай алуымыз керек. Әйтпесе, болашағымыз күмәнді. Сондықтан бізге талғам биігі, мықты сана сүзгісі керек.