Жоба • 28 Наурыз, 2023

Жобадағы 1500 жұмыс орны

255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екі жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы «Ақсораң» мен «Баян» кен орындарына 190 млрд теңге құйылып, вольфрам концентраты өндіріледі деп хабарланған. Тіпті осы кен орнын игеруге байланысты екі мыңдай жұмыс орны ашылады деп те айтылған.

Жобадағы 1500 жұмыс орны

Соның ішінде «Ақсораң» кен орнынан жылына 4,8 мың тонна вольфрам алынып, бұл жоба 2021-2023 жылдары игеріліп, шамамен 147,5 млрд теңге салынатыны, ал «Баян» кен орны 2022-2024 жылдары игеріліп, жылына 6,5 мың тонна концентрат алынатыны белгілі болған. Сонымен қатар 2019 жылы осы аудандағы «Сырымбет» кен орнынан қалайы концентраты алынып, бұл жобаға 100 млрд теңге құйылатыны және 2022 жылдан бастап оны экспортқа шығару жоспарланғаны да жарияланған. Тіпті жылына 10 мың тонна өнім алынып, 600-дей жұмыс орны ашылады делінген. Бірақ содан бері жұмыс қызып, өндіріс алға өрлеп кетті деп айта алмаймыз. Бұған індеттің де кесірі тиген болуы керек.

Содан бері халықаралық сарапшылар осы жобалар іске асатын болса, Қазақстанның тау-кен өндірісі саласы күрт алға жылжитынын айтып жүр. Осы уақытқа дейін Орталық Азияның басқа мемлекеттері сияқты Қазақстан да аталған өнімдерді сырттан тасып келген еді. Ал енді мына кен орындары игерілсе сарапшылар Қазақстан түсті металлургия өндіруден әлемдегі алдыңғы орындардың біріне шығады деп отыр сарапшылар. Халықаралық JORC классификациясы тек «Сы­рым­бет» кен орнынан 123,3 млн тонна руда қазып, одан 492,4 мың тонна қалайы алуға болады, дейді.

Қазір «Tin One Mining» АҚ кен өндіруге қажетті инфра­құ­рылымды 2028 жылға дейін іске асыратын жобаның келі­сім­шартына қол қойылды. Соның ішінде зертханалар мен инже­нерлік коммуникацияны орналастыратын вахталық кенттердің құры­лыстарын жүр­гізуге дайын­дық басталады. Ал биыл кен ор­ны­на электр жеткізу желісі де тартылмақ.

Қалайы, вольфрам, молибден – үшеуі көбіне бір жерден табылады. Сонымен бірге кейбір басқа да элементтермен қосылып жатады. Соның ішінде вольфрам ыстыққа барынша шыдамды, электротехника және электрон өнеркәсібінде қолданылады. Қазір әлемдегі барланған қоры 3 млн тоннадан асады. Бұл кеннің аса ірі қоры Қытай, Канада, АҚШ, Боли­вияда және біздің елде. Соның ішіндегі Қытайдағы қоры 80% деп танылған.

Басқаларының ірі қорлары Қытай, Бразилия, Малайзия, Индонезия, Боливия, Таиланд және Аустралияда орналасқан. Ресейдің Верхоян-Чукот және Сихотэ-Алин жоталарынан да табылады.

Кен орындарын қазумен айналысатын астаналық «Есiл-Mining» ЖШС Айыртау ауда­нындағы жоғарыда аталған кен орындарын қазуға келісім жасаған еді. Осы фирманың интернеттегі деректеріне қарағанда компания 2011 жылы тіркеліп, осы салада 2013 жылдан бері қызмет етеді. Қазақстан заңдарын сақтай отырып, халықаралық CRIRSCO сапа стандартына сәйкес жұмыс істейтін көрінеді.

Жуырда облыс әкімі Айдарбек Сапаров «Tin One Mining» басшыларымен кездесіп, бола­шақ жұ­мыстардың барысын талқы­лады.

«Осы металлургиялық комби­нат­тар іске асып, кен өндіру ла­йықты деңгейде жүргізілсе, жа­ңа­дан 1 500 жұмыс орны ашылады. Ал жобаның экономикалық тиімділігі осы аймаққа орналасқан елді мекендердегі 10 мыңдай адам­ның тұрмыстық жағдайын жақ­сартады деп үміттенеміз», деді облыс басшысы.

 

Солтүстік Қазақстан облысы