Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рафик Әбуовтің мәліметінше, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында даму әлеуеті бар 93 ауыл іріктеліп алынған. Мәселен, 2019-2022 жылдары аталған бағдарламамен 40 ауыл қамтылған. Үш жылда бюджеттен 24 млрд теңге қаралып, 41 жоба іске асырылыпты.
– Бұл жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты 15, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларындағы 20 нысанды салуға мүмкіндік берді. Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 6 нысан жаңғыртудан өткізілді. Үш жылда 768 жұмыс орны ашылды. Биыл 15 ауылды жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 5,8 млрд теңге бөлініп, 22 жобаны іске асыру жоспарланды, – дейді Рафик Әбуов.
Мәселен, Мақат ауданында былтыр 2 млрд 36 млн теңгенің 6 жобасы қолға алынған. Оның ішінде төрт жобаның құрылысы аяқталған. Доссор кентінде төрт ойын алаңының құрылысы басталады. Оған 288 млн теңге бөлінген. Аудан орталығы Мақат кентінде футбол, баскетбол, волейбол алаңдарымен қамтылатын стадионның құрылысын жүргізу жоспарланған.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұловтың мәліметіне сүйенсек, «Ауыл аманаты» жобасына 1 млрд 504 млн теңге қаралып отыр. Жобаға қатысатын кооперативтер немесе жеке шаруашылықтарға 2,5 пайызбен несие беру көзделген. Мәселен, кооперативтерге – 27 млн, жеке қосалқы шаруашылықтарға – 8 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар.
– Бағдарламаны қаржыландыру төрт бағытта жүзеге асады. Бұл – аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласындағы тауарларды өндіру және өңдеу, мал басын көбейтіп, өнім алу, жылыжай салу мен қызмет көрсету, сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау. Несие алушылар ең алдымен, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарна болмауы тиіс. Несие алу үшін міндетті түрде кепілдік қажет. Оған қоса шаруашылық ісін бастау үшін барлық мүмкіндікпен қамтамасыз етілуі шарт, – деп хабарлады Салауат Өтеғұлов.
«Ауыл аманаты» жобасымен берілетін жеңілдетілген несие шарттарының мерзімі – 5, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жыл. Номиналды жылдық сыйақының мөлшері 2,5 пайыздан аспайды. Пилоттық жоба жергілікті атқарушы орган сенім білдірген өкіл арқылы жүргізілетін болады. Қазір сондай өкілді анықтау үшін конкурс жарияланған.
Мемлекет тарапынан жыл сайын кәсіпкерлерді қолдау шараларының ауқымы кеңейіп келеді. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің дерегінше, былтыр кәсіпкерлердің несиесін субсидиялауға 6 млрд теңге бөлінген.
– Атырау облысында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» жоспары жүйелі жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету. Оның ішінде субсидиялау, кепілдеме беру, жеңілдікпен микрокредиттеу, инфрақұрылым құрылысы және мемлекеттік гранттар беру қарастырылған. Былтыр несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 1176 кәсіпкердің 35,6 млрд теңгені құрайтын жобалары субсидияланды. Бұл жобаларда 1636 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал биыл кәсіпкерлерге субсидия беру республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, – дейді Н.Жаңабеков.
Басқарма басшысының айтуына қарағанда, ұлттық жоба аясында 6 пайыздық мөлшерлемемен берілетін шағын несие топтамасы бар. Моноқала мен ауылдық елді мекендер үшін бұл несиелер салалық шектеулерсіз, инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеден аспайтын сомада, ал айналым ақшасын толықтыру үшін кепілзатсыз 5 млн теңгеге дейін 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының басым жобаларының сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау, несиелерге ішінара кепіл болу сынды несиелендіру механизмін жүзеге асыру жалғасып жатыр.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Бекбаева мәліметіне сүйенсек, «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерде кеңжолақты интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету» жобасына сәйкес 130 елді мекенге интернет желісі жүргізілген. Бұған дейін 250-ден астам тұрғыны бар 7 ауылға интернет желісі тартылған.
– Қазір Индер ауданының Жарсуат, Құрылыс, Өркен; Исатай ауданындағы Нарын, Жаңа Жанбай; Құрманғазы ауданында орналасқан Шағырлы, Ғ.Әліпов ауылдары Кселл байланыс операторының 3G және 4G технологиясы бойынша мобильдік интернетпен қамтамасыз етілді. Ал былтырғы желтоқсанда Құрманғазы ауданының Жамбыл және Афанасьев елді мекендері интернет желісіне қосылды, – деп мәлім етті Қарлығаш Бекбаева.
Енді биыл Атырау қаласының бірнеше шағын ауданында бұрын тартылған кеңжолақты интернет желісі жаңартылады. Нақтылай айтқанда, «Кар-Тел» ЖШС Еркінқала-2, Ақжар, Ақжар-2, Жұлдыз-3 шағын аудандарында жаңа базалық стансалардың қосымша құрылысын салуды қолға алады.
Атырау облысы