Президент • 29 Наурыз, 2023

Мұғалімдерге қойылатын талап жоғары болуға тиіс - Президент

436 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздегі білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің алғашқы сессиясында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мұғалімдерге қойылатын талап жоғары болуға тиіс - Президент

«Білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады.

Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез-келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет.

Сонымен қатар білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет.

«Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай тиісті бағдарлама қабылданады.Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті», деп атап өтті Қ. Тоқаев.