Саясат • 29 Наурыз, 2023

Эр-Риядта Қазақстан мен Сауд Арабия арасындағы бизнес мәселелері талқыланды

351 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын «Saudi EXIM» сауд экспорттық-импорттық банкінің бас директоры Саад Әл-Халбпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Эр-Риядта Қазақстан мен Сауд Арабия арасындағы бизнес мәселелері талқыланды

Кездесу барысында қазақстандық дипломат ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді атынан «Saudi EXIM» басшысын 2023 жылғы 8-9 маусымда өткізуі жоспарланған Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Сонымен қатар тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, олар экспорттық-импорттық сақтандыру және бірлескен жобаларды қаржыландыру саласында екі елдің бизнес-қоғамдастықтары үшін жағдай жасау арқылы тауар айналымы көлемін ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.

Тараптар екі мемлекеттің қаржы институттары арасындағы ынтымақтастықты орнатуға ерекше назар аударды. Қазақ тарапы «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы хабардар етіп, «Saudi EXIM» банкі өкілдерін АХҚО алаңын өңірлік бизнес және қаржы орталығы ретінде пайдалануға шақырды.