Табиғат • 29 Наурыз, 2023

Маралтас, Тасбақатау – тарихи мекен

538 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарбағатай тауларында тасқа қа­шалған мың жылдық петроглифтер сай­рап жатыр. Туристер мен жер­гілікті этнографтар қызықтап қана жүргені болмаса, әлі күнге дейін ғы­лыми тұрғыда толық зерттеле қой­ған жоқ. Жартастардағы сурет сырына терең үңілмек болып, «Тар­бағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері де суретке түсіріп, орналасқан тұстарын қойын дәптерлеріне түртіп алып жүр.

Маралтас, Тасбақатау – тарихи мекен

Тасбұлақ ауылына апарар жолдың бойында таңғаларлық табиғаттың тылсымы көп. Сонадайдан менмұндалап тұратын шоғыр тасты тау Тасбақатау аталып кеткен. «Бұл – қолмен қашап, әсемдеп жасаған тас емес, табиғи жаратылыс. Ден қоя қарасаңыз, бір тасбақа жоғары өрлеп барады, екіншісі төмен құлдилап келеді», дейді әуесқой этнограф Бекембай Аққалақов.

Шоғыр төбеде тасбақаға ғана емес, асыққа, бүркітке, шөккен түйеге ұқсас тас­тар көп. Тіпті петроглифтер де бар. Тарих­шы­лардың пікірінше, тасқа қашалған суреттерде жан-жануарлар бейнесі көп болса, жоғарғы палеолит дәуіріне жатады. Бұл жердегі тас­тарда негізінен бұғы, марал, тау ешкі сурет­тері өте көп кездеседі. Соған қарай тұр­ғындар Тасбұлақ ауылының оңтүстік-шығысындағы таңбалы тастарды Маралтас деседі.

ява

Теп-тегіс тас беттеріндегі бедерлі су­рет­тер күнге шағылысқанда, «тайға таң­ба басқандай» ағарып көрінеді. Бетін лактап қойғандай жып-жылтыр. Базальт тастар ма, кім білсін?! Зерттей қойған еш­кім жоқ-ау.

Сонымен қатар осы маңдағы Суық бұлақ тауында да таңбалы тастар аз емес. Мұндағы тастардың ерекшелігі – әр-әр жерде жусаған қойға ұқсас тастар, әрбіреуінің бетінде қа­шалған петроглифтер. Мұндай суреттер Қы­таймен екі ор­тадағы шекара шебіндегі Қарабас тауынан да кездеседі. Петроглифтер ежелгі адам­дардың тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін деректі сурет, тарихи таңба десек те болады. Тек, оқи біліңіз.

– Туған жеріміздің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шер­теді. Жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыз-әңгімелер бар. Өлкеміздегі əр жердің, судың, елді мекендер мен мәдени орын­дардың атауларын қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа қалдыру бүгінгі азаматтардың міндеті, – дейді «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Экологиялық ағарту инженері Әсем Көбенова.

Ұлттық табиғи парк қызметкерлерінің тау-тастардағы тарихи, мәдени орындарды тізімдеп жүргені де сондықтан. Ертеңгі ұрпақ кешегісін білсін деген ниет.

 

Абай облысы,

Үржар ауданы