Қоғам • 29 Наурыз, 2023

Көшет егу – көшелі іс

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын», деген сөздің түпкі мәні тереңде жатқаны даусыз. Жасыл желегі жайқалған Жамбыл өңірінің көркі – саясы биік-биік талдар. Көктем келе сала жергілікті атқарушы билік көктемгі дала жұмыстарымен қатар көшет егу ісіне айрықша назар аударады. Ауыл-ауылдағы жергілікті халық та ауласына тал-дарақ отырғызуды парызы санайды.

Көшет егу – көшелі іс

Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­­масының басшысы Мұратхан Шүкеевтің айтуынша, өңірде 2021-2025 жылдар аралығында 140,8 миллион көшет отырғызылуы тиіс. Оның 35,1 миллионы 2021-2022 аралығында егілген болса, 105,5 миллион ағаш 2023-2025 жылдары отырғызылмақ.

«Жалпы алғанда, «Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспар бар. Соған сәйкес, 2023 жылы мемлекеттік орман қоры жерлеріне 5670 гектар ауданға 16655,0 мың көшет отырғызу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 5670 гектар жерді дайын­дау жұмыстары толығымен аяқ­­талған. Өңірде көшет отыр­­ғызу жұмыс­тарын 15 сәуірге дейін толықтай аяқтау жоспарланған», дейді басқарма басшысы.

Ұлыстың ұлы күні аясында көшет егу жұмыстарына әулие­аталықтар ерекше қарқынмен кірісіп те кетті. Мәселен, «Бір­­ге Таза Қазақстан» акциясы аясында Тараз қаласында көк­темгі көрік­тендіру және сани­тарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталмыш акция аясында Төле би көшесі, Тәуке хан көпірінен бастап Тұң­ғыш Президент саябағына дейін, аталған саябақ аумағында 5 көк шырша, 7 жасыл шырша, 50 Қы­рым қарағайы, 120 ясень, 6 туя ағашы егілді.

Тараздықтардың тамаша бастамасын шулықтар да сәтімен жалғастырды. Шу қаласындағы «IQ URKER SCHOOL» мектебіндегі «Атаңнан мал қал­ғанша, тал қалсын» атты ағаш отырғызу акциясына аудан басшылары да белсене қатысты. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін белсенділік танытып, мектеп ма­ңайы­на тал егіп, қазақы ырым-ниетпен жаңа­дан егілген жас талдардың түбіне ақ құйды.

 

Есет ДОСАЛЫ,

журналист

 

Жамбыл облысы