Шаруашылық • 29 Наурыз, 2023

Ең арзан дизель – Керекуде

183 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Керекулік диқандар да далаға қарай бастады. Техникасы мен тырмасын сайлап, жер төсіне соқа салуға асығулы. Мамандар биыл өңірде егістік жерлердің көлемі 1,6 млн гектарға жететінін, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға артық екенін айтады. Дәнді дақылдар мен мал азығы және картоп танаптары кеңейтіледі.

Ең арзан дизель – Керекуде

Көктемгі егіс жұмыстары былтыр­ғы жылмен салыстырғанда ертерек басталатыны да белгілі болып отыр. Бұйыртса, 5 мамырда диқандар дән себуге кіріседі. Оған дейін қажетті жанар-жағармай мен тұқым, гербицидтер сатып алынып, ылғал жабу, алғашқы өңдеу жұмыстары реттеліп қойылса құп...

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы Марат Ақтаев­тың айтуынша, көктемгі егіс жұмыс­тарын жүргізу үшін павлодар­лық фермерлерге 23,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

– Трактор отынына сұранысымыз былтырғыдан 2 мың тоннаға жоғары. Операторлық қызметті есепке алғанда бір тонна жанар-жағармайдың құны 228 мың теңгеге немесе литрі үшін 191 теңгеге шығады. Бұл – нарықтағы бағадан 17 пайызға арзан. Республика бойынша ең арзан дизель отыны біздің өңірге тиесілі екенін айтып өткеніміз абзал. Бұл көлем алдағы айларға бөлініп беріледі. Оның ішінде ең көбі 9,6 мың тонна сәуір айына түсіп отыр. «LF TRADE» және «ТК Парнас» серіктестіктері оператор ретінде таңдап алынды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, отынның 67 пайызына фермерлер ақшаларын алдын ала төлеп қойыпты. Биыл жаңа бағдарламаға көшіп, салдарынан алғашқыда техникалық мәселелер туындаған еді. Дей тұрғанмен қазір шарттар жасалып, операторлар жанар-жағармайды облысқа жеткізіп те қойды. Кестеден кешіккен жоқпыз, – дейді ол.

Шаруаларды қолдауға 3,6 млрд теңге бөлініпті. Қаражат минералды тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын, суармалы жерлерге су жеткізу қызметінің бағасын субсидиялауға, тұқым шаруашылығын дамытуға бағытталады. Диқандар оған қоса жеңіл­детілген несиелерге үміт арта алады. «Бәйтерек» ҰБХ» компа­ниясының құрылымдық бөлімшелері 30 млрд теңгеден астам сомаға несие беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы – 17 млрд, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арқылы 13 млрд теңге бағытталады. Осы уақытқа дейін жалпы сомасы – 1,6 млрд теңгеге 50 несие ресімделіп үлгеріпті.

– «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ биыл көктемгі дала жұ­мыс­тарын жүргізу үшін АӨК субъек­ті­лерін қаржыландырудың екі теті­гін іске қо­сатынын жариялағаны мә­лім. Егіс ба­рысын қаржыландыру кор­по­ра­ция­ның форвардтық сатып алу және тауар­лық кредиттер беру жолымен, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­ра­циялары мен екінші деңгейлі банк­тердің кепілдігімен жоспарланады. Қазіргі уақытта әлеуетті өнім беруші­лердің тізімін қарау және бекіту үшін Үйле­стіру кеңесі құрылды. Бұл бағыт­тағы жұмыс жалғасып жатыр, – деп атап өтті М.Ақтаев.

Айта кетейік, облыста астық көп өсірілетін өңірлерге Тереңкөл, Ертіс, Успен, Железин, Шарбақты аудандары енеді. «Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасының» ғалымдары егіс жұмыстарын 3 маусымға дейін аяқтауға кеңес беріп отыр.

 

Павлодар облысы