Парламент • 30 Наурыз, 2023

VIII шақырылым: Мәжілістің алғашқы отырысы

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше жаңа сайланған Мәжілістің алғашқы жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар ант беріп, Палата төрағасы мен оның орынбасарларын сайлап, комитеттердің құрамы мен төрағаларын бекітті, сондай-ақ Мәжіліс регламентіне өзгерістер енгізді.

VIII шақырылым: Мәжілістің алғашқы отырысы

Жалпы отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ең әуелі осы шақырылымдағы депутаттарды таныстырып шықты. Содан кейін оларды біртіндеп мінберге ант беруге шақырды.

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Рес­пуб­ликасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін», деді депутаттар қолын Конституцияға қойып тұрып.

Содан кейін депутаттар Пала­таның жаңа төрағасын сайлау үдерісіне көшті. Өз сөзінде Бақтықожа Ізмұхамбетов Мәжіліс төрағасына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Сайлау тікелей жасырын дауыс беру арқылы өтті. Оны қадағалау үшін депутаттар арасынан Санақ комиссиясы құрылды. Нәтижесінде, дауыс беру қорытындысы бойынша VIII сайланған Мәжіліс спикері болып «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов сайланды.

Айта кетерлігі, Конститу­цияның 58-бабының 1-тармағына сәйкес Мәжіліс төрағасы мем­лекеттік тілді еркін меңгерген де­пу­таттар арасынан Палата де­пу­таттары жалпы санының көп­ші­лік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Бұдан кейін сөз алған Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов сенім білдірген әріптестеріне алғыс айтты. Депутаттар жаңа спикерді қызметке тағайындалуымен құт­тықтады.

«Бүгінгі көрсеткен сенім­деріңіз үшін зор алғысым­ды білдіргім келеді. Бұл мен үшін халқымыздың, сіздердің алдары­ңыздағы үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Сондық­тан өздеріңізбен бірге сайлау­шылардың аманатын, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімді, тәжірибемді салатыныма уәде беремін. Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Мәжілістің алғашқы сессиясын ашып, біздің бағыт-бағдарымызды анықтап берді. Оны сапалы әрі жедел іске асыру – біздің ортақ міндетіміз. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, халықтың сенімін абыроймен атқарайық», деді жаңадан сайланған спикер Е.Қошанов.

Келесі кезекте депутаттар палатаның қос вице-спикерін сайлады. Е.Қошанов әріптестеріне Альберт Рау мен Дания Еспаева­ның кандидатурасын ұсынды. Дауыс беру ашық форматта өтті. Мәжілісмендер палата төраға­сының ұсынысын қолдады.

Күн тәртібіне шығарылған келесі мәселе – Мәжіліс комитет­теріне қатысты еді. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Мәжіліс комитеттерінің саны мен атауларын VII шақырылымдағы қалпымен қалдыруды ұсынды. Дауыс беруге қатысқан 97 депу­таттың 96-сы ұсынысты жақтады. Бұдан кейін депутаттар комитеттер төрағаларын сайлады.

Әлеуметтік-мәдени даму коми­тетінің төрағасына – Асхат Аймағамбетов, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті­нің төрағасы болып Снежанна Имашева, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасына – Мәди Такиев, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы болып Еділ Жаңбыршин, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағалығына – Айгүл Құспан, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы болып Серік Егізбаев, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төраға­лығына Нұртай Сабильянов сайланды.

Депутаттар жалпы отырыста Мәжіліс Регламентіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады. Өзгерістер Мәжіліс­ке кірген партиялардың өкілет­тіктерін кеңейтуге қатысты. Фракция құру үшін қажетті депутаттар санының ең аз шегін алып тастау ұсынылды.

Осылайша, Мәжілістегі ал­ты партия да өз фракцияларын құруға мүмкіндік алды, олар­ды қатарында «Аmanat», «Respublica», «Ақ жол», «Қазақ­стан Халық партиясы», «Ауыл» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бар.

Еске сала кетейік, бұл жолы Мәжіліс депутаттарының сайлауы жаңа жүйе бойынша өтті. Кандидаттар партиялық тізім бойынша ғана емес, бір мандатты округтер бойынша да сайланды. Мәжіліс құрамына алты партиядан 98 депутат енді. Соның ішінде 29 депутат бір мандатты округтерден сайланды.