02 Шілде, 2014

Президент орманы

1396 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
29-06-01 Тіршіліктің талбесігі – Жер-ананың 38 млн. шаршы шақырымын орман алқабы алып жатыр. Осы бір табиғат байлығының Қазақстанға тиетін үлесі 0,3 пайыз ғана екен. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орынды иеленетін республикамыздың жерінің 4,6 пайызы ғана орманды алқап. Сондықтан қазақ даласы үшін әрбір ағаштың салмағы алтынмен пара-пар, қазақ баласы үшін әрбір түп талдың қадірі өлшеусіз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­­баев өткен жылы Елорданың 15 жылдық мерекесіне орай жарияланған «Аста­на – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» атты мақала­сында бүтіндей алғанда, елорда айнала­сындағы қолдан отырғызылған ағаштар аумағы 65 мың гектарға жетті, оның 14 мың гектарға жуығы қаланың өз ішінде бой көтерді. 2020 жылға дейін тұтастай алғанда, қалаішілік және қала маңындағы далалы аумақтардың 100 мың гектары орман болады», деп атап көрсетті. Елбасы Астана қаласының «жасыл белдеуін» дамыту мәселелері жөнінде өткен бұрнағы күнгі кеңесте осы тұжырымын тағы қуаттады. Мемлекет басшысы 1997 жылдан 2010 жылға дейін отырғызылған ағаш көшеттерінің жалпы ауданы 70 мың гектарды құрағанын, оның шамамен 15 мыңы қала аумағында, қалған 55 мыңы қала сыртында екенін атап өтті. Иә, елорданы жасыл желек жамылған Алатау баурайынан ақселеулі Ақмолаға көшіру идеясын жүзеге асырған 1998 жылы Елбасы еліміздің бас қаласын болашақта орман көмкерген, гүлмен кестеленген жасыл аймаққа айналдыру жөніндегі қиял-ғажайыпқа ұқсас бағдарламасын бастап кетті. Ол үшін Астананың айналасын орманмен қоршап, жасыл белдеу қалыптастыру мақсатында арнайы «Жасыл аймақ» атты республикалық мемлекеттік кәсіпорын құрылды. Болашақ орман алқабы үшін ағаш тұқымын жерсіндіру ісімен айналысатын, 110 гектар аумақты алып жатқан «Ақ қайың» орман-питомнигі ашылды. Мамандар қала маңындағы 114 мың гектар жерді зерттеп, оның 62 мың гектары ағаш егуге жарамды екендігін анықтады. Бүгінде елорда атанған Ақмола қаласы сортаң топырақты, батпақты аймаққа орналасқан. Бұл жерге кез келген ағаш жерсініп, жапырақ жая алмайтын. Сондықтан, мұнда сонау кеңес заманы кезінде күй талғамайтын қара теректен басқа ағаш өсіру дәстүрі қалыптаспаған еді. Осыған байланысты, Есіл өзенінің қос қапталындағы Қараөткел атты сортаңдау жерге орналасқан елордамыз – Астана қаласы Сарыарқаның бел ортасындағы осындай көк желек жамылған гүлзар қалаға айналатындығына біреу сенсе, енді біреудің күдіктенгені де хақ. Дегенмен, бұлтартпас ақиқат айғағы бүгінде әлемнің өркениетті қалаларының бел ортасынан қылаң берген Астананың жасыл қалаға айналғандығын паш етті. Мемлекет басшысының бастамасымен қолдан жасалған орман алқабы күннен-күнге қанатын кең жайып, салқын самал ескен саябаққа айналуда. Елорданы айналдыра қоршаған орман белдеуін жасау туралы бағдарлама қабылданғаннан бергі уақытта 70 мың гектар алқапқа ондаған миллион ағаш отырғызылды. Қазір атты кісі жасырына алатын Астана орманы қаладан алпыс шақырым қашықтықта орналасқан Шортанды бағытындағы табиғи орманмен қосылып, тұтасып үлгерді. Қала ма­ңындағы басқа бағыттардағы ормандар да біртіндеп қанатын кеңге жайып барады. Бұдан бұрын газетімізде хабарлан­ғ­анындай, Астана қаласының «жасыл белдеуін» дамыту мәселелері жөніндегі кеңестен кейін Мемлекет басшысы елорда маңындағы «Жасыл аймақ» РМК Қызылжар орман шаруашылығын аралап көрді. «Астана-Щучье автожолының бойында 3,6 мың гектардан астам аумаққа ағаш егілді. Мен бір кездері алынып, әлі күнге дейін пайдаланылмай жатқан жерлердің барлығын ағаш егу үшін қайтарып алуға тапсырма бердім. Біздің міндетіміз – қаланың өзінде және оған жапсарлас аумақтарда жасыл желек қалыптастыру және оны сақтау. Ресурс болған жағдайда, Астананың айналасындағы жасыл аймақты Бурабай бағытындағы орманмен қосуға болады», деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қызылжар орман шаруашылығында кәсіби орманшы болмаса ажырата алмайтын сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде, боз жиде, терек секілді ағаштар жапатармағай өскен. Жалпы, Астана қаласы маңындағы жасыл белдеудің аумағы 14 827 гектарды құрайды, оның 11 502,2 гектарына екпе ағаштар отырғызылған. Бұл аумақта 9,6 млн. ағаш пен бұта жайқалып тұр. 1998-2004 жылдар арасында негізінен жапырақ тұқымдас көшеттер отырғызылыпты. Олардың ішінде сары қарақат, ақ көріктал, шие, татар бөріжидегі, қау жапырақты шегіршін және басқалар бар. 2014 жылы жасыл белдеу жобасының бірінші кезеңінде отырғызылған көшеттерге күтім жүргізілсе, жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру 2012 жылы басталған. Биылғы көктемде тамыр жүйесі жабық 398 434 дана сеппе көшет отырғызылған. Оның 57 мыңдайы қылқан жапырақты болса, қалғанын орман құраушы жапырақты ағаш тұқымдары болып саналатын емен, шегіршін құрайды. Жасыл белдеу фото Е (2) Жасыл белдеу фото Е (1) Жасыл белдеу фото Е (9) Астананы «жасыл белдеумен» көмкеру жұмыстары 2020 жылға дейін жалғасатындығы белгілі. 2015 жылға дейін қала айналасында 75-80 мың гектар жерге ағаш отырғызылады. Қаланы қоршаған жасыл аймақ қазірдің өзінде біртіндеп табиғи орманға айнала бастады. Бүгінде Астана орманы алқабында Арқаның қатал қысында пана болар тоғай іздейтін түз тағылары да көбейе бастады. Астана орманынан елік, түлкі, қарсақ, қоян секілді аңдарды көптеп кездестіруге болады. Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің басшысы Бағдат Азбаевтың айтуынша, Астана орманына жерсіндіру мақсатында қырғауылдар мен маралдар өсіру жұмысы қолға алынған. Астана орманында қырғауыл өсіруге басымдық берілуінің басты себебі, бұл құс күй талғамайды. Арқаның қатты аязында қырғауылдар түнде қар астына кіріп кетіп, жан сақтайды. Қорегі мол болса болғаны, қырғауылдар өсімталдығын дәлелдейді. 2010-2011 жылдары Астана орманы­ның Рождественко тасжолына жақын маңда аналық қырғауылдарға арналған үйшіктер салынды. Сөйтіп, алғаш рет Астана орманына 125 қырғауыл жіберілген болатын. Үш жыл ішінде инкубациялық әдіс арқылы 3210 жұмыртқа басылып, оның ішінен 2300-ден астам құс өсіп шықты. Қазір қырғауыл өсіретін үйшіктерде 360 аналық құс және 1500-ден астам шіби жетілуде. Үстіміздегі жылдың көктемінде Астана ормандарына тағы да 704 қырғауыл еркіндікке жіберілген болатын. Бүгінде бұл орман алқаптарында қырғауылдар жерсініп, емін-еркін өсіп-жетіле бастады. Бағдат Азбаевтың айтуынша, бұл орманда маралдар да жерсініп, өсе бастады. Қазіргі уақытта орманда 20 аналық марал өсірілуде. 5-6 жылдың ішінде олардың санын 100-ге жеткізу көзделініп отыр. Оның айтуынша, Астана маңындағы орман алқабында сафари-парк жасау жобасы қолға алынған. Сафари-парктың ішінде туристерге табиғатты, аң-құстарды тамашалауға мүмкіндік беретін жағдай­­­лар жасалады. Бұл сафари-парк респуб­лика бойынша орналасқан аңшылық шаруашылықтардың жұмысын жандан­­дыруға септігін тигізбек. Бұл жердегі бас­ты мақсат аң-құстарды ату емес, оларды өсіру, көбейту, экотуриз­м­нің жанды жәдігеріне айналдыру болмақ. Астананың жасыл белдеуі күннен-күнге қанатын жайып, жайқалып барады. Адам қолымен өсірілген жасанды орманның жасыл желек жамылған ағаштары елордамызды аңызақ желден қорғауда, тыныс алатын ауаның сапасын арттыруда, экологиялық ахуалды жақсартуда өлшеусіз рөл атқаруда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Астана орманын өсіру жөніндегі игі істер еліміздің барлық өңірлеріне үлгі болып, лайықты жалға­сын тапты. Қазір елімізде «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жыл сайын 30-35 мың гектар алқапқа ағаш отырғызу дәстүрге айналды. Тек соңғы үш жыл ішінде ғана республикамызда 100 мың гектардан астам жерге ағаш егіліп, орман алқабы жасалды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Астана қаласын жасыл желек жамылған ең көрікті қалаға айналдыру мақсатында да кешенді бағдар­ламалар да жүзеге асырылуда. Үсті­міздегі жылдың өзінде қала ішінде­гі гүлзарлар мен гүл алаңдарына 8 млн. дана әртүрлі гүл отырғызылды. Бүгін­де елордада тәжірибе жүзінде раушан гүлімен қатар түрлі-түсті алқызыл гүл­дердің жерсіндірілген жаңа 59 түрі өсірі­леді. Жыл сайын өткізілетін қалалық сен­білік елорданы абаттандыру және көгал­дандыру мақсатында ауқымды шара­лар жүзеге асырылатын игі науқанға айнал­ған. 2010 жылы ғана қаламызда 32 мың­нан астам ағаш және көшет отырғы­зылса, үстіміздегі жылы қала бойын­ша 16 мың түп ағаш отырғызылды. Соны­мен қатар, қалада биыл өсімдіктен жаса­лынған 750 жасанды мүсін бой көтерді. Елордада қала тұрғындары демалатын және таза ауамен тыныстайтын саябақтар өсіру мәселесі де ерекше жолға қойылған. Бұл ретте, аумағы 28 гектардан асатын «Арай» этнографиялық саябағы, Есіл өзенінің оң жағалауындағы 81 гектар алқапты алып жатқан Прези­­­дент саябағы, «Жерұйық» саябағы, Бауыр­жан Момышұлы даңғылының бойын­дағы 14,8 гектарды алып жатқан, Абы­лай хан даңғылының бойындағы 8,9 гектар және 2,5 гектар аумақтарға орналас­қан саябақтарының бүгінде қала тұрғын­дары­ның сүйікті демалыс орындарына айналғандығын ерекше атап өтуге болады. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Есіл өзенінің оң және сол жағалауында №19 көшеден басталып Мирзоян көшесіне дейін созылатын, аумағы 190 гектар жерді алып жат­қан үлкен орталық саябақ биыл «Қала күні» мерекесінде пайдалануға беріл­мек. Орталық саябақтың аллеясында 3 су­бұрқақ және сарқырамасы бар тоған орналасатын болады. Қазір Астана саябақтарында Арқа табиғатына бейімделген қарағай, қай­ың, көктерек, қандыағаш, шегіршін, жұпаргүл, Тянь-Шань шыршасы сияқты ағаш түрлері жерсіндіріліп, елорданың көркіне көрік қосып, жайқала өсуде. Осыдан 16 жыл бұрын Астананың айналасын жайқалған орманға, елорданы жасыл желекке оранған қала ретінде көркейтеміз деген Елбасының батыл бас­тамасы уақыттың өзі айқындаған шынайы ақиқатқа айналды. Жасыл белдеу фото Е (10) Жайқала бер, Президент орманы! Иә, Астананың жасыл белдеуін құраған бұл орманды осылай атауды ұсынады «Егемен Қазақстан». Өйткені, ол Президент аялаған арман, Елбасы ектірген орман. Президент орманы. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.