Үкімет • 30 Наурыз, 2023

Әлихан Смайылов алда атқаратын жұмыстар жайында айтты

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлихан Смайылов Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әлихан Смайылов алда атқаратын жұмыстар жайында айтты

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Құрметті депутаттар! Маған артқан сенімдеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз айқындап берген еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі міндеттер Үкімет жұмысының негізгі басымдықтары болады.

Ең алдымен, біз Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын және «Amanat» партиясының бағдарламасын іске асырамыз. Сонымен бірге басқа да партиялар мен депутаттардың, бизнес-қауымдастықтар мен азаматтардың сындарлы ұсыныстарын ескереміз. Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімін 5%-ға дейін жеткізу, осы жылдың аяғына дейін инфляцияны 2 есе төмендету – біз үшін аса маңызды міндет», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау және бизнес-климатты жақсарту жөніндегі кешенді шаралар, сондай-ақ бизнестің түйткілді мәселелерін шешу, халықты жұмыспен қамту және азаматтардың нақты табысын өсіру – негізгі бағыттардың бірі.

Экономиканы әртараптандыруға, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге және қосылған құны жоғары шикізаттық емес тауарлар өндірісін ұлғайтуға басымдық беріледі.

«Ел экономикасына, бірінші кезекте, өңдеуші салаларға ауқымды инвестициялар тарту бойынша шаралар қабылданады. Ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс атқарылады.

Сонымен қатар энергетика саласын дамыту және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері өте маңызды. Ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. «Тариф орнына – инвестиция» бағдарламасын іске асыру электр және коммуналдық желілердің тозуын төмендетуге мүмкіндік береді.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту кеңейтіледі. Көлік және логистика саласында өткізу қабілетін арттыруға және халықаралық дәліздерді дамытуға басымдық беріледі. Білім беру және денсаулық сақтау салаларында қызметтердің тиімділігі мен сапасын жақсарту, сонымен қатар цифрландыруды әрі қарай жалғастыру және мемлекеттік бірыңғай цифрлық платформаны енгізу біздің жұмысымыздың маңызды бағыттары болады. Үкіметтің алдында қойылған міндеттерді шешу үшін тиісті шаралар қабылданады. Парламент депутаттарымен өзара бірлесіп, үйлесімді және нәтижелі жұмыс жасаймыз деп сенім білдіремін», деді Премьер-министр өз сөзінде.