Мұнайлы шаһар тұрғындары Наурыз мерекесіне дейін де, одан кейін де, дәлірек айтқанда, 28 наурыз күні тағы дүрлікті. Бұған сол баяғы жұтар ауаның жұпар еместігі себеп болып отыр. Атырау қаласының үш тұрғыны облыстық экология департаментіне шағым берді. Соның бірі – Лаура Сүлейменова. Әлеуметтік желіде өзге өңірге көшу мәселесін ойластырып жүргенін айтады.
– Қолайсыз экологиялық жағдайға байланысты Атыраудан көшу жайлы алғаш рет ойландық. Өйткені кейінгі онжылдықта Атырауда күкіртті сутектің иісі тұрақты қайталанады. Біз үнемі үйдегі терезелерді жауып, ауа баптағышпен дем алуға мәжбүрміз. Жылдың төрт мезгілінде де үй бөлмелерін желдету мүмкін емес. Сол себептен үйде үнемі ауа тазартқыштар қосылып тұрады. Осындай жағдайда өмір сапасы туралы не айтуға болады? Облыстық экология департаментіне қоршаған ортаға шығарындылардың шығу көзін анықтау үшін шағым бердім. Мен қала тұрғындарын экологиялық геноцидтен құтқару үшін шара қабылдауды талап етемін, – дейді Л.Сүлейменова.
Ауаның ластанғанына наразы болған жұрт қоғамдық пікірдің барометріне айналған әлеуметтік желіге түрлі ұсынысын қалдырды. Қоршаған ортаны бүлдіруі кәдік деген жорамалмен кәсіпорындардың аты аталды. Бірақ Атырау мұнай өңдеу зауытынан өзге бірде-бір кәсіпорын ауадағы жағымсыз иіске қатысының бар-жоғы туралы ақпарат берген жоқ.
«Атмосфералық ауаның сапасын бақылау бекетінің деректеріне сәйкес, 28 наурызда күкіртті сутек бойынша шекті рұқсат етілген концентрация нормативтерінің асып кеткені тіркелді. Біздің зауыт штаттық режімде жұмыс істеп тұрғанын хабарлаймыз. Жел солтүстік-батыстан, яғни Атырау қаласынан зауытқа қарай соғып тұр. Демек, Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік үдерісі – жағымсыз иістің көзі емес», деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.
Облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов тұрғындардан арыз-шағымдар түскенін растады. Соған байланысты департамент мамандары таңертең ауа сапасына талдау жүргізген. Сол кезде ауа сапасын бақылау стансасының аумағында күкіртті сутегінің көп мөлшері бар екені белгілі болған.
– Түнде және таңертең «Квадрат» булану алаңы орналасқан солтүстік-батыс бағыттан жел соғып, қалаға жағымсыз иіс тараған. Қала аумағында жағымсыз иіс сезіліп, тұрғындардан көптеген шағым түсті. Экология департаментінің мамандары жүргізген тексеру қорытындысы бойынша ауадағы күкіртті сутегінің мөлшері рұқсат етілген нормадан үш-төрт есе жоғары екені анықталды, – дейді Ә.Бекмұхаметов.
Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сол күні жағымсыз иіске байланысты «Квадрат» булану алаңындағы ауа сапасын тексеру басталған. Бұл – Атырау қаласының оң жағалау бөлігінің кәріз суы төгілетін булану алаңы. Кейбір дерекке қарағанда, булану алаңына тұрғын үйлерден бөлек 22 ЖШС мен 250-ден аса жеке кәсіпкердің нысанынан лас су төгіледі.
Қазір «Квадрат» булану алаңының аумағы 500 гектардан асқаны анықталып отыр. Бірақ оған төгіліп жатқан судың құрамын ешқандай орган тексеріп жатқан жоқ. Биыл булану алаңына рекультивация жасау жұмыстары басталған. Оны «Павлодар өзен порты» АҚ жүргізуді қолға алған. Алаңды толықтай тазарту жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарланған.
Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауовтың айтуынша, ауадағы жағымсыз иіс тынымсыз дем алуға, қан тамырлары мен жүрекке кері әсерін тигізеді. «Атмосфералық ауадан сынама алынды. Сынамаға талдау жүргізіледі. Оның қорытындысына сәйкес шара қолданылады», деп мәлім етті ол.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасына сәйкес әкімдік жанынан қоршаған ортаны қорғау жөнінде комиссия құрылатын болды. Бұл комиссияның негізгі құзыретіне бірнеше мәселені енгізу қарастырылып отыр. Оның ішінде табиғатты қорғау іс-шараларының орындалуын қадағалау, қоршаған ортаны қорғау жөнінде ұсынымдар дайындап, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарға жолдау бар. Ал комиссия құрамына салаға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерін, ғалымдар мен депутаттарды, қоғам белсенділерін енгізу көзделіп отыр.
Қалай десек те, Атыраудың ауасы ластанып, алаңдатарлық ахуал қалыптасып отырғаны ақиқат. Бұл шаһарға өзге өңірден келген меймандар жағымсыз иістен шошып, тезірек кетуге асығады. Ал жергілікті тұрғындардың «Ертең ұйқыдан тұрмай қалмаймыз ба? Аман-есен оянсақ екен...» деп алаңдауына кім назар аударады?
Атырау облысы