02 Шілде, 2014

Астананың алтын алқасы: Тәуелсіздік сарайы

886 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Алаштың асқақ айбары, қазақ ұлтының ұлы тұғыры – Ару Астана ет жүрегі елім деп соққан Елбасының, Арқа төсіндегі ғасыр ғажайыбы авторының ақыл-ойы, мақсат-мүддесі, арман-қиялының қыш болып қашалып, тастан құйылып, кірпішпен қаланып, болашаққа мұра қылған көзайымындай күннен-күнге гүлденіп барады. Елбасы жаңа Астананың алғашқы қазығы қағылған күннен бастап, әрбір құрылыс нысанын жүрегінің жылуымен аялап, әрбір ғимаратын қолымен қойғандай нақыштап келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың нақты идеясынан туған осындай сәулет өнерінің жауһарларының бірі – Тәуелсіздік сарайы. Астана алғашқы күннен бастап-ақ азаттық сүйгіш адамзаттың адал мүдделері тоғысқан жаһандық үн­қатысу алаңына айнала бастады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы елордада дүниежүзілік деңгейдегі басқосулар мен салтанатты жиындарды өткізетін әмбебап монументальды сарай салуды мақсат тұтты. Болашақ бас сарайға киіз үйдің керегесі ретіндегі айшықты қабырғалар тұғыр болды. Кереге тектес сыртқы ерекшелігіне ішкі салтанаты сай келген Тәуелсіздік сарайы бүгінде Астанадағы ауызға іліккен архитектуралық озық ансамбльдердің бірінен саналады. Сонымен бірге, елордадағы Бас сарай Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ажарлы Астанадағы төрткүл дүниенің толғақты мәселелерін талқылайтын жаһандық жиындар мен басқосулар өтетін орынға айналғаны да ақиқат. Оған осы сарайда әлемнің 56 елінің бірінші басшылары бас қосып, дүние жүзінің келелі түйіндерін тілге тиек еткен ЕҚЫҰ саммитінің, ИКҰ форумының, күні кеше ғана әлемнің жүзден аса мемлекетінің, ондаған халықаралық ұйымдардың жетекшілері, 9 Нобель сыйлығының лауреаты бастаған 10 мыңнан астам сарапшылары жиналған VІІ Астана экономикалық форумының өткені дәлел болады. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан ағылып, Астанаға атбасын тіреген қонақтардың осы үш күнге созылған жаһандық экономикалық форум аясындағы сансыз сессиялардың жұмысына қатысып, Тәуелсіздік сарайы­ның әмбебап залдарының ора­сан мүмкіндіктеріне таңдай қаға тамсанғанына да талай тәнті болдық. Тәуелсіздік сарайы бұл – мемлекеттік ресми іс-шараларды, әлемдік форумдарды, мәжілістерді, халықаралық кездесулерді, съездерді өткізу орны болып табылады. Сарайдың сыйымдылығы, техникалық жабдықталуы, қолайлылығы мұндай ауқымды іс-шараларды халықаралық деңгейде өткізуге және көрсетуге мүм­кіндік береді. Ресми іс-шаралармен қатар Бас сарайдың ірі концерттерді, көрмелерді, мерекелік жиындарды өткізуге барлық мүмкіндіктері бар. Ішкі құрылымы әмбебап мүмкіндіктер мен эстетикалық жайлылық үйлесімдігі болып табылады. Тәуелсіздік сарайы конгресс зал, рәсімдеу залы, пресс-орталық, қолөнер және этнография, археология және антропология галереясы, қазіргі заман галереясы, Астана тарихының музейі, 4D кинотеатры, 360 градусты айналмалы кинотеатр, электронды кітапхана және макет залдарынан құралған. Тәуелсіздік сарайының ғимараты үш қабаттан тұрады. Бірінші қабат – ұлттық және қазіргі заман сәулет өнерінің біртума үйлесімділігінен көрініс береді. Яғни ғимараттың бірінші қабатынан үшінші қабатына дейінгі аралығы ұлттық және қазіргі заманғы өнердің өрнектерімен шебер өрілген. Бұл қабаттың құрылысы кереге стилінде жасалған металл конс­трук­цияларды, хрусталь шыныны, метал­мен безендірілген ағашты, ақ мәр­мәр тастарын қолдану негізінде әрлен­дірілген. Бірінші қабаттағы бір мезгілде 3600 адам бірден сыйып кететін конгресс залдың жалпы көлемі 4995 шаршы метрді құрайды. Жылжымалы қабырғалардың көмегімен көзді ашып жұмғанша төрт бөлікке бөліну мүмкіндігіне ие бол­ған бұл залда жоғары халықаралық дең­гейдегі, түрлі бағыттағы, түрлі тақы­рыптардағы шараларды еш кедер­гісіз-ақ өткізе беруге болады. Зал ор­та­сында жасақталған жылжымалы сах­на залдың әмбебап сипатына әр берер­ліктей етіп жасалған. Сахналық алаң­ның биіктігі 1 метр 35 сантиметр болса, ұзындығы 35 метрге жетеді. Осы қабатта орналасқан 220 орындық баспасөз орталығы да заманауи үлгідегі озық технологиялармен жабдықталған. Сонымен бірге бұл орталық түрлі дең­гейдегі конференциялар, пікір сайыстар, сессиялар, жабық отырыстар өткізуге өте қолайлы. Бірінші қабаттағы ерекше салтанатты мерекелер өткізуге арналған 268 орындық айшықты зал да сарайдың салтанатына жарасымды үйлесім тапқан. Безымянный-1 Екінші қабатта қолөнер және этнография, археология және антро­пология галереясы орналасқан. Компози­циялық үйлесімдегі археология залы Алтын адам, Сармат батыры, Берел аттары, құпия жазулары бар тастар сияқты сирек кездесетін көне дәуір жәдігерлерімен жабдықталған. Жалпы аумағы 7022 шаршы метрді құрайтын көрме залдары жасыл және сары түске боялған. Сары түсті көрме залында ұзындығы 14,29 метрді және тереңдігі 6 метр 20 сантиметрді құрайтын сахналық алаң орналасқан. Жасыл және сары көрме залдары аумағы 7058 шаршы метрлік қосалқы залмен біріктірілген. «Этнографиялық зал», «Көркемсурет галереясы» деп аталатын көрме залдары көне дәуірмен бүгінгі заман арасында нәзік байланыс орнатқан алтын көпір сияқты елестейді. Этнография мен қол өнері, әйелдердің әшекей бұйымдары, қазақ даласының түрлі өңірлерінің ұлттық киімдері, батырлардың қару-жарақтары, саз аспаптары, қолдан тігілген кілемдер еріксіз көз тартады. «Көркемсурет галереясындағы»  Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, Қ.Телжанов, Г.Ысмайылова, С.Айтбаев және басқа қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан ондаған шығармалар көрмеге келушілерді ұмытылмас  әсерлерге бөлейді. ERA_1661+ ERA_1902+ ERA_1812+ «Этнографиялық галереяның» ішінен жеке отау тіккен «Шеберлер ауылы» экспозициясын ерекше атап өткен орынды. Экспозицияда ғасырдан- ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық мұралар қойылған. Көшпелі өркениеттің мызғымас көшірмесіндей көрінетін «Шеберлер ауылының» негізгі жәдігері ақшаңқан киіз үй экспозиция төрінен орын алған. «Шеберлер ауылында» көрініс тапқан әсем дүниелер көрген жанның жүрегіне жылылық нұрын себеді. Үшінші қабатта Астана қаласы тари­хы­ның мұражайы қоныс тепкен. Арқа төсінде салтанат құрған Қазақ­стан­ның жаңа елордасының алғашқы қазығы қағылған күннен басталатын шежірелі тарихы туралы осы мұражайдан мол мағлұмат алуға болады. Мұражайдың оң жақ қапталында Астана болашағының айнасындай үлкен макет залы орналас­қан. Елорданың бүгінгі келбеті мен ертеңгі көркінен хабардар ету мақ­сатында 1:600 масштабта жасалған макет – Астана қаласы әкім­дігінің ар­­найы тапсырмасымен оңтүстік корея­лық «Модель Пак» компаниясы ма­мандарының қолынан шығыпты. Тәуелсіздік сарайының үшінші қаба­тын­­да сондай-ақ, заманауи 4D фор­матындағы және 360 градусты айнал­малы кинотеатрлар, 128 орындық дәм­хана және әртүрлі лекциялар өткізуге ыңғайлы сахналық алаңдар орналасқан. Көркімен де, келбетімен де, көлемімен де көңіл өсіретін Астананың ажарлы архитектуралық ансамблінде өзінің лайықты орнын алған Тәуелсіздік сарайы – бас қаланың Бас сарайы ретіндегі дәрежесіне барынша лайық. Дүние жүзінің келелі мүдделері тоғысқан елордадағы халықаралық басқосуларды өткізудің әмбебап орталығы болып саналатын Тәуелсіздік сарайы елорданың шежіресінде өзінің айшықты ізін қалдыра бермек. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,                    «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.