Кеше Түркі академиясының ұйымдастыруымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мақтымқұлы және дәстүрлі түркі поэзиясы» атты халықаралық конференция болып өтті. Алқалы жиынға түркітілдес елдердің Астанадағы елшілері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, танымал қаламгерлер, түбі бір туыс мемлекеттердің белгілі ғалымдары мен ғылыми мекемелердің басшылары қатысып, баяндамалар жасады. Аталған шарада Түркі академиясының ұйғарымымен ТҮРКСОЙ-дың арнайы «Мақтымқұлы» медалімен марапатталған Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ сөз сөйледі. Назарларыңызға заманымыздың заңғар жазушысының конференциядағы кіріспе сөзін ұсынып отырмыз.
Ұшбу ұшырасуға дән разымыз. Дүние жаратылып, су аққалы оқиғалар ойға оралуда.Түрікменстандағы тіршілік қалыңдығы кереқарыс көне шежіреге ие. Арғы түбі Синайдағы Нәфутиден өрбіген өндірмелі шаруашылық Месопатамияны өркендетіп, қалған дүниеге аяқ басты. Бүкіл Еуразияны дендей өрістеді. Теріскей Ирандағы Бельт үңгірі, Каспийдің шығысындағы Жейхун мәдениеті, Жебел, Үдек, Құлалы, Бәйті, Тоқсанбай тұрақтары болашақ Парфия, Бактрия, Хорезмнің ізашарлары еді. Копетдаг, Гиссар, Тянь-Шань баурайларын, Үстірт, Тұран, Мәуреннахр, Жетісу жазираларын игергендер Кавказ, Еділ өтіп келгендермен араласып, Алтай асып, Байқал бойлатып, Тынық мұхит жағалауларында батысқа беттегендерге қарсы жолығып, қайта серпілді.
Олардың арасында көшпелі оғыз тайпалары да бар еді. Олар Сібір, Алтай, Жетісу, Ыстықкөл, Сырдария жағалауларын біртіндеп жайлай бастады. Сары Арқадағы Ертіс, Балқаш, Ырғыз бойларын, Қаратаудағы Тараз, Сайрам, Созақ, Сыр бойындағы Отырар, Иассы, Сауран, Сығанақ, Жанкент, Қызылқұмдағы Жент қалаларын иемденіп, өз астаналарын тұрғызды.
Өлкені исламдандыруға да белсене атсалысты. Көшпелілерді дінге кіргізген Иасауия, отырықшылыққа бауыр бастырған Нақшыбандия үрдістерін дамытты. Түрікмен, түрік, әзербайжан ұлттарының қалыптасуына тікелей әсер етті.
Оны бұл атыраптың әдеби өмірінен айқын аңғарамыз. «Мәлік-нәме» мен «Селжүк-нәменің» айтуынша, өзен жағалап, тал қиып, киіз үй жасайтын шебер Керекуші Қожа ұйықтап жатып, өз денесінен ата бәйтеректің өсіп шығып, бұтақтарымен бүкіл дүниені қамти бастағанын көріп, шошып оянады. Ел арасында уағыз айтып жүрген Қорқыт бабаға барып жорытады. Ол «ұрпақтарың бүкіл дүниені билейді екен» дейді. Сол айтқаны аумай-төкпей келеді де қояды. Оның Тұғшырмаш деген баласынан Саршық Тұғақ, Тоғрұл, Арслан деген немерелері мен Селжүк деген шөбересі Араб халифатының әскерін басқарып, бүкіл ислам елдеріне билік жүргізеді. Сол әулеттен түлеген Жалелетдин Меликшах пен оның ұлы Санжар даңқты қолбасшылар болумен қоса, жұртты ауыздарына қаратқан ақындар еді.
Ол тұста Құсамедин Челеби, Жәлелетдин Руми, Бурханадди Сиваси сияқты аса ірі рухани абыздар бой көрсетеді. Әмір Темір сарайында, Индиядағы Ұлы Моғол ордасында Хилали Шағатай, Байрам хан, оның ұлы Рахым хан, Мырза Беркадар тегі түркі болғандарымен, сол дәуірдегі салт бойынша фарси тілінде өлеңдер жазып, келе-келе мұндай поэзия түр жағынан фарсыланып, тіл жағынан түркілене береді. Шағатай әдебиеті осылай пайда болып, Қожа Ахмет Иасауи шағатайша жазды.
Түрікмен әдебиетінің шағатайша жазған ең соңғы ірі өкілі Азади Дәулетмұхамет деген кісі еді. Ол 1700 жылы туылып, 1760 жылы өледі. Суфизм жолын қуған діндар болатын. Ауыл мектебінде сабақ берді. Суфизм көзқарасы бойынша адамгершілікке негізделген қоғам қандай болу керек деген сауалға жауап беретін «Бағам Азади» («Азадидің өсиеттері») дейтін кітап жазды. Ол тұсында кеңінен танымал еді.
Оның ұлы Мақтымқұлы Фраги да әке жолын қуды. Әкесі сабақ берген мектепте оқыды. Хиуадағы Шерғазы хан салдырған медресені бітірді. Ол медресені Бекет ата да тауысты. Ел аузындағы кейбір деректерге қарағанда, Мақтымқұлыдан бір жыл кейін, 1813 жылы дүние салды. Соған қарағанда Мақтымқұлы 1733 жылы туып, 1812 жылы қайтыс болғанға ұқсайды. Он қолынан өнер тамған зергер екен. Артында ол соққан алтын, күміс бұйымдардан басқа, он мың жолдай өлең қалдырыпты. Бәрі де таза түрікмен тілінде жазылған.
Әкесі шағатайша жазған ең соңғы ірі ақын болса, баласы түрікменше таза жазған ең ірі ақын болыпты. Ол фарси әдебиетті де жақсы білген. Сөйте тұрып, түрікменше жазу ол үшін ең басты мұрат болса керек. Туған ағалары жауда өліпті. Өзі де бірнеше жыл тұтқында болған. Ол өлеңдерінде шығыстың аруз, түрікменнің силлабикалық өлшемін жете меңгерген. Халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдаған. Ұлттық поэзияны классикалық өреге жеткізген. Өзімен замандас, жеделдес аға-іні болған Дүрді шайыр, Хаттам шайыр, Сеиди, Зелили, Кәтиби, Кемине, Молланепес, Місіқылыш ақындардың бәрі де Мақтымқұлыны пір тұтып, тұтас халықтық поэзияны қалыптастырған.
Аса зор гуманистік мазмұнға, әлеуметтік серпінге, философиялық мағынаға ие түрікмен жыры, Мақтымқұлы сөзі ұлтын сүйіп, адамзатты ардақтайтын биік адамгершілікке шақырады. Оған мынау мен қазақшалаған өз елі мен өз жері туралы толғауы да айқын куә бола алады.
Әуел бастан тәңір өзі толған айдай толықсытып жаратты,
Нұр дидарлы, күн сипатты, гүл раушандай біздің түрікмен тарапты.
Түн ұйқысын төрт бөлгізіп, тосын біреу қақпасын,
Шырт ұйқыда жатқан елдің тарс бекітілген қақпасын.
Шах жіберген жарқ та жұрқ жүз мың нөкер қара нөпір дүлеймен
Талай жерде қапияда тап берген-ді Жәмшит, Рүстем, Сүлеймен.
Қақпаларды қағып көрген, мызғыта алмай шаршаған,
Қара селдей қанға бөккен қанша мақұлық, қанша жан?!
Теке, жәуміт, язғыр, гөклен, ахалды алып қатарға,
Шыққан талай жауды жайпар жойқын жорық сапарға.
Дұшпан итті өзі қазған арам орға сұлатқан,
Азан-қазан боп жылаған әжептарқы даусы кетпей құлақтан.
Өкір, бақыр, өкір, «аһ» ұр, өзіңе өзің қолың жұмсап, өл, мейлің,
Біздің түрікмен мүсәпір болып, қолға түсіп, қор болуды білмейді.
Қонақ келсе, қолын алып, құшақ жайып, жік-жапар боп қалады,
Аузында аруақ, айтқаны ақиқат ойында жоқ аяр айла-амалы.
Мақтымқұлдың бұл айтқаны аумай-төкпей келеді –
Бар тілеуін бақ тілеген иманды елдің құдай өзі береді.
Ақынның бұл тілегі де қабыл болды.
Мақтымқұлы әлі тірі. Ол өлмейді.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.