Мәдениет • 31 Наурыз, 2023

TURAN ансамблі 15 жылдығына орай әлемдік турне өткізеді

252 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен TURAN этно-фольклорлық ансамблі өзінің 15 жылдық мерейтойына орай әлемдік турне өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

TURAN ансамблі 15 жылдығына орай әлемдік турне өткізеді

1-17 сәуір аралығында Turan Еуропада бірнеше концерт өткізеді. Атап айтқанда, ансамбль Франциядағы Париж, Лион және Бельфорға, Швейцарияда Женеваға, Бельгия астанасы Брюссельге, Хорватияның Загребіне, Словенияның Любляна қаласына, Будапешт пен Венаға барады.

Айта кетейік, гастрольдер АҚШ астанасы - Вашингтонда басталды. Наурыз мейрамы аясында 21-23 наурыз аралығында ұжым Колумбия округі университетінде және Джордж Вашингтон университетінің сахнасында өнер көрсетті.

Турне аясында сахнаға  Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерттің» басқа да солистері шығады: композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерттің» директоры Ақтоты Райымқұлова, атақты тенор және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев пен виолончелист, Шанхай консерваториясының магистранты Талғар Шалқарұлы. Әрі қарай ансамбль Қырғызстан мен Өзбекстанға барады.

«Осы 15 жыл ішінде Turan АҚШ-та және басқа елдерде бірнеше рет өнер көрсетті. Ансамбль бұған дейін Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Сан-Франциско және Вашингтондағы Карнеги холл және Кеннеди орталығы сияқты орындарда концерттер берген. Ансамбль еліміздің ежелгі музыкалық өнерін, көне аспаптардың дыбысын қайта жаңғыртты. Бұл ретте, ол бүкіл әлемдегі сан мыңдаған тыңдаушылардың құрметіне ие болды, бұл шетелдіктердің ұжымға деген қызығушылығының дәлелі», деп атап өтті ҚР МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев.