Пікір • 03 Сәуір, 2023

Жақсылыққа жоритын қадам

216 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мен – өнер адамымын, салқын ақылға салып, сылтың көпшіксіз, сылдыр саясатсыз, екі шоқып бір қарайтын сақ көңілмен емес, жүрекпен сөйлейтін шермендемін. Ойларым жүрегімнен шыққанын дәлелдеп жатпай-ақ қояйын, өзінен сөзі ұзын қазақтың қайсысына уәж айтып, ақталайын...

Жақсылыққа жоритын қадам

Шектен шығып, шідер үз­бе­генмен, ел қамы мен ертеңім үшін үндемей де қала алмайтын мінезім бары әмбеге аян. Шер сөзі тек мұң арқалау, уайым шегу ғана емес, армандау, ертеңгі жақсы өмірді аңсау деген сияқты тәтті тілектерден де тұрады емес пе?! Бұл жерде Байронның Чайлдь Гарольд сынды кейіпкеріндей қара шекпен жамылып, елден аулақ шығып, шеткері төбеден төмендегі өмірге сын айтып, ал өзі оған араласпай, еш атсалыс­пай, «күл болмасаң бұл бол» деп шет қалу – елін сүйген адамға тән емес қасиет. Керек десеңіз, бұл – өзің өмір кешіп отырған заманға сатқындық, айналаңа, қоғамға қастандық, ертеңіңе нем­құрайдылық. Осындай қор­қы­нышты күй елімізді Қаңтар қасі­ретіне әкелгенін ой орманына салып, мойындағанымыз абзал. Жалғандық пен ұрлық жайлаған отыз жыл бойы мыңқ демедік, үнде­ме­дік. «Үндемеген үйдей бәледен құ­ты­ла­дының» керімен, ұры-қарыларға көпе-көрнеу құлдық ұрдық. Заманында Абы­лай­дай апайтөс ханның көзіне тура қарап:

 «Ей, Абылай, Абылай!..

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің,

Үйсін Төле бидің түйесін

 баққан құл едің!

 Әкең – күмән әуелден...

Оны да мен білемін!..

Орыспенен қағынба,

Жұртыңа жаулық сағынба», деген Бұхар жырауымыз болмады...

Хош, былтыр қасиетті Ұлытаудың етегінде, Жошы хан жатқан жотаның баурайын­да жақсы мен жайсаңымыз түгенделген Құрылтай өтті. Аталы сөздер айтылды, баталы шешімдерге бастау болған ізгі ниеттер межеленді. Ғасырлар  бойы ғадауат күй кешкен, үш бірдей қасиеті артық қазақ деген қамырықты елдің қаны сің­ген өңірдің аты аталып, түсі түс­телді. Ұлытау, Абай, Жетісу болып еңсесі көтерілді. Естияр қазақ­тың ескі заманнан бері еш ұмы­тылмай есінде жүрген үш облыс болып белдері көтерілді.

Ата заңға қатысты орынды өзгерту­лер жасаған Референ­дум өтті. Ештен кеш жақсы деген, басшымыз һәм бастаушымыз батыл жарлық шығарды. Американың екі жүз жылдан астам уақыттан бері бір өзгермеген конс­титуциясындай болмаса да, әжеп­тәуір жөнге келді емес пе? Қазақ қоғамының жегіқұртына айналып, қылмыскерге емес, қай­ма­на халқына қарсы шабатын әдет­ті қалыпты күйге келтірген, осы заманның бақтығұлдарын тудыра бастаған, жоғарыдан төменге дейін ауыз жаласып, әбден былыққан, қылмыстық баптың өзін бедеу белдеріне байлап, ыңғайлап алған, парадан басқаға дес бермейтін, сот, прокурор, бисымақтарды да ауыздықтайтын Конституциялық сот атқа мінді. Басшымыздың батыл да, баршаның базына зарына айналып, айызын қандырған бірегей жарлығының бірі осы ғой.

Өзінің жалаулы сөзден ада, нақты һәм нұсқалы Жолдауында жұртқа жария еткен бастамаларын бүгіндері түгелдей іске асырылып жатқанын көріп отырғанымыз жалған ба? Бұйрықты, қисынды Президенттік тағын мәңгілік меншік етпей, жалқы мәрте ғана, жеті жылға шегендеуі – нағыз мемлекетшілдік! Қазақы ұғымға да жөнімен үйле­сіп тұрған, қасиетті жеті сан, халқы­на қалтқысыз қызмет етудің жеті жылы! Тот баса бас­та­ған Сенат­ты жаңартуы, Мә­жіліс сай­лауын тек партиялар­ға телі­мей, аралас болуына бастау салға­ны, ел қамын күйттейтін депу­тат­тар­дың үштен бірі партиялар­дан тыс, ерікті, еркін ойлы бел­сенді азаматтардың келуі де, әлі талай демократиялық өзгерістердің бас­тауы екені айдан анық. Осы батыл өзгерістерді елжандылықтан кетіп, тақ­құ­марлыққа апарып алжассақ, дау-да­май­ға ерік беріп, әлімсақтағы ауруымыз­ды қоздырсақ, өз обалымыз өзімізде болады.

Президент орнатып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» сенгендік, ертеңіміздің еңселі болуына мүдделілік деп, жақсыға жориық. Жаңа Қазақстанды орнату құр сөзбен іске аспасы белгілі. Соның орнайтыны жайындағы сенім­нің өзі өрге сүйрерін біріміз біліп-білмей, біріміз күмән келтіреріміз – әлі де батпандап кірген дерттен арыла алмай жүргеніміздің дәлелі. Орыс халқының белгілі мәтелі бар «Мәскеу бірден салынған жоқ» деген. Қазақ ол жайды төтелеп айтады. «Мұсыл­ман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте!» дейді. Рас, саяси трансформация жоғарыдан басталды, төменде де жалғассын...

Топқа түсіп, депутаттыққа бақтарын сынаған үміткер­лер­ді көрсеқызарлық немесе би­лік­құмарлық деп айыптап, тон пішуден аулақпын, әйтсе де мен осы қадамды жақсыға жоримын. Ғасырлар қойнауын­дағы көмес­кілене баста­ған есе­міз­ді түгендеп, еңсемізді тез­де­тіп көтеріп, елдігі­мізді же­дел­детіп жөндеп алуға деген жаныққан ынта деп ұққым келеді. Бұл, меніңше, ең алдымен елшілдік, отаншылдық, мем­лекетшілдік сезімдер екені даусыз.

Президенттің «Қазақстанның халық әртісі» атағын қалпына келтіргені көңілімізге қуаныш ұялатты. Бұл орынды шешім болды. Осыған қатысты айта кететін мәселе – енді «Қазақстан­ның ең­бек сіңірген әртісі» атағын да қай­тару керек. «Халық әртісіне» барар жолда осы атақ тұрса, қисын­ды болады. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы өнер төңі­регінде еңбек ете­тін ұйымдастырушы, директор, басқа да мәдениет қызметкер­лері­не лайықты. Сахнада өнер көрсететін тұлғаларға, театр, кино актерлеріне, музыканттарға жоғарыда аталған екі атақты берсе, жарасымды болмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жүргізіп отырған саясатына, тіпті жеке басының ел ішінде құрметтің  арта түскені –  тұлғалық қа­сиеті­нен, перзенттік сүйкімі мен қаң­тардағы қиын тұста өр мінез бен табандылық көр­сете алған­дығынан екені анық. Осы баға Күлтегіннің «Түнде ұйық­тама­дым, күндіз отырмадым» деген аманат сөздерімен сәйкес келеді.

 

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ,

халық әртісі