Мәселе • 03 Сәуір, 2023

Қақпағы кеткен қазандық

202 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Риддердегі жылу қазандығынан тағы да өрт шығып, қалада төтенше жағдай жарияланды. Өрт бір емес, бірнеше қазандықтан шыққан. Артынша отын беру жолында да жарылыс болды. Демек жылу электр орталығының жаңа иелері жүктелген жауапкершілікті ойдағыдай орындай алмаған.

Қақпағы кеткен қазандық

– Қаланың ЖЭО жұмысында үлкен кемшіліктер бар,­ жаңа меншік иесі қаңтардан бастап мәселені шеше­ қояйын деп құлық танытпады. 3 млрд тең­ге­ден­­ аса қарыздары және бар. Мазут, көмір жеткізу де­­ үлкен проблема болып отыр. Электр энергиясы жа­ғынан да сұрақ көп. Қараша айындағы шұғыл жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген компаниялардың еңбекақысы да төленбеген көрі­не­ді. Енді міне, тағы да өрт шықты, жарылыс болды,­ – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Қыстай жылуға жарымаған Риддер қаласының тұр­ғындары бұл мәселеден әбден зәрезап болған. Пәтер­лердің суықтығына үйренісіп те кеткен секіл­ді. Үйренісіп деймін, амалдың жоқтығы ғой.­ Атойлап әкімдіктің есігінде жүрсең де, бұл мәсе­ле­нің түйіні жуық арада шешіле қояды дегенге се­ну қиын.

– Риддерде әлі қыс. Күн көзі шыққанмен, түн суық.­ Қыстай жылу құбырлары қанжылым ғана бо­лып­­ тұрды. Соңғы бір апта үй іші, тіптен суып кет­ті.­ Қазандыққа жаңа қожайын келді дегенді естіп, мәсе­ле шешілер деп ойлап едік, бекер екен. Биыл әупі­­рімдеп, жазға ілінерміз. Енді келер қысқа дейін бәрін­ жөндеп қойса ғой, – дейді Риддердің тұрғыны Мәулия Дөненбаева.

Бұл, әлбетте, барлық қала тұрғынының тілегі. Енді­гі кезектегі күрмеуі қиын проблеманы шешудің жал­қы жолы жылу орталығын коммуналдық мен­шік­ке беру деседі облыс басшылығы. Қазір облыс әкі­мінің айтуынша, отын мен қажетті жабдықты жет­кізу мәселелері толығымен шешілді. Алайда ме­ке­менің қарызы 3 млрд теңгеден асып кетті.

Сонымен қатар ШҚО прокуратурасы маман­да­ры­н тарта отырып, кәсіпорын қызметіне тексеру­ жұмыс­тары жүргізілді. Нәтижесінде, «Риддер ЖЭО»­ АҚ-ның техникалық жай-күйі талапқа толық сай­ емес екені анықталды. Ресми мәліметке сенсек, 240-тан аса заң бұзушылықтар анықталған.

Прокуратураның қадағалау актілері бойынша уәкі­­летті органдар ЖЭО басшылығына қатысты 11 млн­­ теңгеден аса сома мөлшерінде әкімшілік жаза­ қолданып, бұзушылықтарды жою туралы нұс­қама шығарды. Онымен қоймай, прокурорлық тек­серу кезінде табиғи монополиялар туралы заң­наманы бұзу, яғни 548 млн теңге сомасына тариф­тік смета мен инвестициялық бағдарлама қара­жа­тын­ мақсатсыз жұмсау анықталды.

Облыс әкімі де жаңа инвестордың жабдықтарды жөн­­деуге қаражат жұмсамағанын айтады. Нәти­же­сін­де, екінші қайтара төтенше жағдай жарияланып, қазан­дық жұмыстарын жүргізуді облыс басшылығы уақытша өз­ қолына алды.

– Біз Риддер ЖЭО-ның жаңа иесінен үміт жоқ еке­нін көріп отырмыз. Сондықтан, менің ойымша, жы­лу көзін коммуналдық меншікке беру керек, – деді Д.Ахметов.

 

Риддер қаласы