Аймақтар • 03 Сәуір, 2023

Шығыстан шешек шықты

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Катонқарағай ауданында бұрын-соңды болмаған індет тарап, Жаңаүлгі, Шыңғыстай, Аққайнар ауылдары карантинге жабылған. Ауылдықтардың айтуынша, шешек ауруы сырттан жеткізілген қойдан шыққан көрінеді.

Шығыстан шешек шықты

Ақпанда тараған індеттің беті әлі күнге дейін қайта қойған жоқ. Ауру белгілері байқала сала аудандағы ветеринарлық пункт мең­герушілері Е.Кітапбаев пен М.Құрманов қан сынамалары мен биологиялық материалдарды алып, «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК филиалына жолдаған. Сараптама актілеріне сәйкес жоғарыда аталған үш ауыл­дық округ тұрғындарына тиесілі ұсақ мүйізді малдың қан са­рысуы вирусологиялық зерт­теулері оң нәтиже берді. Сөйтіп, ұсақ мүйізді малдан шешек ауруы шығуына байланысты 13 наурыздан Аққайнар және Катонқарағай ауылдық округтері әкімдерінің ше­шімдерімен Шыңғыстай, Жаңаүлгі және Аққайнар ауыл­дары­ның аумағына карантин ре­жі­мі енгізілген. Қазіргі уақытта үш ауылдың кіреберісіне блок-бекеттер қойылып, кірген-шыққан көліктер тексерістен өтеді. Яғни ауылдан қой-ешкі алып шығуға немесе кіргізуге болмайды.

– Ауылға кірген, шыққан әр көлікті тексереміз. Тексеріп қана қоймаймыз, көліктер дезинфекцияланып бір-ақ кіреді. Ол үшін шлагбаумның алдында арнайы сұйықтық құйылған төсеніш бар, – дейді блок-бекет кезекшісі Ермек Сатышев.

Иә, қорғаныс жан-жақты қа­рас­­­­тырылған. Күн-түні кезек­шілік жүр­гізіліп тұрады. Алай­да аурудың алдын алу секілді ша­ралардың жүргізілмейтіні ай­­­дан анық. Оны айтып отыр­ға­нымыз, ветеринария мәселесін аз қау­зағанымыз жоқ. Бір емес, бірнеше рет проблема көтердік. Атап айтсақ, ветеринария сала­сының материалдық базасы жұ­пыны, жалақысы мардымсыз, мамандар жоқ. Тиісті жағдай жасал­маған соң да ауру шығады.

Облыстық ветеринария бас­қар­масының басшысы Рамиль Сағындықовтың айтуынша, қазіргі уақытта ұсақ мүйізді мал арасында өлім мен жаңадан ауырғандар байқалмайды. Катонқарағай ауда­нындағы эпизоотиялық жағдай – ветеринарлық қызметтің ба­қылауында. 11 маман, 6 техника, 8 мыңнан аса малға вакцина егілді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы