Пікір • 03 Сәуір, 2023

Су қауіпсіздігі – ұлт қауіпсіздігі

644 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда шартарапта су мәселесі ушығып тұр. Әлемнің түкпір-түкпірінде өзендер мен көлдер құрғап, бөгендер мен буғаттар жойылып барады. Бұл проблеманың ушыққаны соншалық, ғалымдар осы бастан қамданбаса, келешекте жер-жаһанды аштық жайлауы мүмкін екенін айтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде су мәселесіне назар аударған болатын. Президент су қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, стратегиялық маңызы бар міндетті дер кезінде орындамаса, алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін.

«Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал. Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық», деген еді Қ.Тоқаев.

Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстандағы су тапшылығына қатысты болжамын жария­лаған еді. Соған сәйкес, 2030 жылға қарай тоғызыншы территорияда тіршілік нәрінің тапшылығы сезіліп, Ұлы дала шөлге айналуы ықтимал. БҰҰ есебінде еліміздің 2,8 пайызын ғана өзен-көлдер алып жатқанын, негізінен көрші мемлекеттерден келетін өзендерге тәуелді екеніміз айтылған.

«Қазірдің өзінде Қазақстан аумағының үштен екісі шөл және шөлейтті аймаққа айналды. Қазақстандағы судың жартысына жуығы көрші елдерден келеді. Тиісінше трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану өте маңызды. БҰҰ Даму бағдарламасының дерегінше, соңғы жылдары өңірде климаттың өзгеруі қатты сезіледі. Ауа райы тез құбылады, суық пен аптап ыстық тез алмасады, қуаңшы­лық барған сайын жиілеген, су тапшылығы ушығып, ресурсқа талас туындауы ықтимал», деп болжайды БҰҰ есебінде.

БҰҰ жасаған болжамның жаны бар. Ондаған жылдан бері трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану өңірде күрделі проблеманың біріне айналды. Әсіресе Сырдария мен Әмудария өзендерінің жағдайы алаңдатады. Сырдария өз бастауын Қырғызстаннан, Әмудария Тәжікстаннан алады. Сондықтан Орталық Азиядағы өзге мемлекеттер қырғыз бен тәжік ағайындардың «жомарттығына» тәуелді. Дәлірек айтқанда, су ағынын реттеу тетігі солардың қолында.

Қазақстан мен Қытай арасында шекараны кесіп өтетін үлкенді-кішілі 25 өзен бар. 2001 жылы қос тараптың үкіметі трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісім жасасқан. Бірақ Ертіс пен Іленің тағдыры толыққанды шешілген жоқ. Екі өзеннің тағдыры еліміз үшін аса маңызды. Себебі Ертіс пен Іленің 70 пайыз суы Қытай аумағынан бастау алады. Оған қоса, Бейжің билігі өз аумағында өзен суын қолдану көлемін арттырып келеді. Қытай билігі елдің батыс аймағын, яғни Шыңжаң-ұйғыр автономиялы ауданының экономикасын дамытуды мықтап қолға алды. Ондағы шөл дала игеріліп, өндіріс орындары іске қосылып жатыр. Сондай-ақ халық саны еселеп арта түскен. Осының барлығы орасан зор көлемде суды қажет ететіні анық.

Мұның бәрі су тапшылығына әсер ететін сыртқы фактор. Бұдан бөлек, егін шаруа­шы­лығы, өндіріс орындары, тұрғындар күнде­лікті тұтынатын су көлемі де тіршілік нәрінің тап­шылығын туғызады. Мәселен, Қазақ­с­тан­дағы судың 65 пайызға жуығы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Бірақ соның жартысынан астамы пайдаға аспай­ды. Тамшылатып суару секілді тіршілік нәрін ұтымды пайдаланатын тәсілдер көп тарал­маған.

Бұдан бөлек, егістіктерге су жеткізетін арналардың шегенделмеген, соның салдарынан судың көп мөлшері жерге сіңіп кетеді. Оған қоса, көрші елдер қыс бойы жауған қар еріп, өзендер деңгейі артқанда Қазақстанға суды лақылдатып жіберуге бейім. Ал жаздың аптап ыстығында там-тұмдап қана босатады. Соның салдарынан қарапайым бағбан зардап шегеді.

Су саласындағы тағы бір кемшілік – өзендер бойындағы су қоймаларының, бөгендердің жетіспеуі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ерте көктемде көрші мемлекеттер мол су жібереді. Бірақ су қоймасының жетіспеу салдарынан ағып келген ырзықтың бәрі құмға сіңіп кетеді. Ал керек кезінде сол суға зар болып қаламыз. Қысқасы, ауыз су мәселесі елімізде күйіп тұрғаны анық.

P.S. «Астана су арнасы» таяуда ғана елордада су тапшылығы байқалғанын хабарлады. Ендігі жерде, күнделікті тұтынуға қажетті суды мөлшерлеп бермек. Неге екенін қайдам, БҰҰ болжаған қауіп әлдеқашан басталып кеткендей сезіледі...