Пікір • 03 Сәуір, 2023

Талантты жас тасада қалмаса екен...

202 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламент Мәжі­лісінің бірінші сессиясында сөйле­ген сөзінде адам капиталының маңыз­дылығына, мемлекеттің болашағы мамандарымыздың кәсіби біліктілігіне байланысты екеніне ерекше тоқталды.

Талантты жас тасада қалмаса екен...

«Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадрлық резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті», деді Мемлекет басшысы.

Қазақ жастарының дарыны мен табиғаты әлемдік деңгейде танылып жүргені айтылып та, жазылып та жүр. Біз кез келген саланы білікті маманда­рымыздың әлеуетімен алға жыл­жыта алатынымызға сенеміз. Банк, ақпарат­тық технология саласында жүрген жас­тарымыз әлемнің дамыған елдерінің атақты компанияларының мамандарымен иық тіресіп тұра алатынына шетелге сапарлар барысында талай рет көз жеткіздім.

Бізде медицина, инженерия саласында мықты мамандар жетіспейді. Шетелдік компанияларда нақты осы бағытта өз мамандарының үлесі басым. Атап айтар болсақ, шетелдік компаниялардың басқару менеджментінде біздің мамандар тіпті аз. Бұл да – мемлекет тарапынан назар аударатын өзекті мәселе. Мысалы, мектеп қабырғасында жүргенде аудан орталығындағы оқу орнында оқып, 3-дәрежелі аспаз мамандығын меңгеріп шықтым. 1990-2000 жылдарға дейінгі аудандық, тіпті облыстық деңгейдегі басшылар арасында техника тілін жете меңгерген басшылар көп болды.

Кезінде әрбір аудан орталығында кәсіптік-техникалық білім беретін оқу кешендері кішігірім аудандық деңгей­дегі автономиялық орда деңгейінде жұмыс істеп, аудан экономикасының барлық сегментіне қажетті мамандарды даярлап отырды. Бізге осы жүйені қайта қалпына келтіретін уақыт келді. Мұндай оқу орындары шағын бизнес пен ірі бизнестің арасын жалғастыратын логис­тикалық тізбек екенін енді аңғарып жүрміз.

Содан кейін назар аударатын жайт – орта білім беретін мектептерде ер мұғалімдер азайып кетті. Бұл мәселенің 2000 жылдардан бері байқала басталғаны белгілі. Одан бергі уақытта мұндай құбылыс жоғары оқу орындарында да байқалып жүр. Бұл да – қоғамдық санасы толыққанды қалыптасып үлгермеген жастардың болмысына кері әсер ететін фактор.

Ендігі бренд адам капиталы екені айтылып та, жазылып та жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эконо­микалық өсімнің сенімді көзі сапалы адам капиталы екенін жиі айтады. ЖОО орнында теориялық білімді практикамен алмастыру қажеттігін мамандар жиі айтады. Меніңше, ЖОО басшылары академиялық пән бағдарламасын түзген кезде осы мәселеге басымдық бергені дұрыс. Бұл ЖОО мен өндіріс арасындағы байланысты дұрыстайды.

Қазір тек ЖОО емес, орта білім беретін оқу орындарына деген талап өзгерді. Мектептер осы саладағы жаңалықтардың тасқынына ілесе алмай жатыр. Сондықтан мектеп, ЖОО ұстаздарын әлемнің іргелі оқу орындары жанындағы орта деңгейде білім беретін колледждерге тәжірибе алмасуға жіберу алпауыт елдер мен дамушы елдер, қала мен ауыл арасындағы айырма­шылықтардың аражігінің бірігіп кетуіне жол ашады. Талантты жастардың тасада қалуына жол бермейді.

Мемлекет басшысы «Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткіл бар. Оның бар­лығын ретке келті­руіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бер­мей­тін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қа­былдау керек болады», деді.

Қоғамның дамуына кері әсер етіп келген қателіктер бәріміздің көз алдымызда өтті. Бірақ дер кезінде назарға алына қоймайтыны көңілге күдік ұялатқан болатын. Осыған дейінгі экономикалық-әлеуметтік реформалардың беталысы қоғамға кері шегінудің мүмкін емес­тігін байқатты. Адам капиталының әлеуе­ті жаңа заманның болмысын қалып­тас­тырады. Келер заман бүгінгі шешім­деріміздің нәтижесіне қарап қалып­тасады.

 

Тоғжан ҚОЖАЛИЕВА,

кәсіпкер

 

АЛМАТЫ